Образование

«Қостанай Абайды оқиды»

Осындай атаумен облыстық кітапхана вертуалды жобаны қолға алды

Биыл Ұлы ойшыл, ақын, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы халықаралық, республикалық және аудандық деңгейде атап өтілуде. Осыған орай ақын шығармашылығын насихаттау мақсатында Л. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы «Қостанай Абайды оқиды» вертуалды жобаны қолға алды. Жоба шеңберінде облысымызға танымал ақын-жазушылар, педагогтар, ғалымдар, қоғам қайраткерлері мен студенттер, оқушылар мен кітапхана оқырмандары хакім Абайдың ұрпақ сабақтастығына айналған қара сөздерін, өлеңдері мен әндерін мемлекеттік, орыс, ағылшын, неміс, француз тілдерінде оқып, көпшіліктің қызығушылығын арттыруда.

Жоба ұйымдастырушылары танымдық мұраларды бейнефильмге жазып алып, қаралымы ауқымды заманауи әлеуметтік желілер Instagram, Facebook, ВКонтакте сондай-ақ кітапхананың Ютубтағы ресми арнасына, кітапхана сайтына көруге қойылды. Бұл тұрақты түрде, белгілі бір кезеңділікпен жасалуда. Болашақта кітапхана қорына ақынның барлық Қара сөздерінен және өлеңдерінен құралған бейнекітап құрастыру көзделуде.

Жобаның танымалдылығы мен қажеттілігі туралы статистикалық мәліметтер күн өте өз нәтижесін беруде. Жоба аясында алғашқылардың бірі болып белгілі сатирик қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ғұмар Ахметчиннің қатысуымен бір ай көлемінде «YouTube» арнасында жарияланған бейнероликтің алғашқы саны 76-ға жетті, яғни орташа күніне қаралым есебі 2,5-ке тең. Жалпы, қазіргі уақытта ұсынылған барлық материалдар интернет-ресурстарда 9202 рет қаралған.

Сондай-ақ, облысымызға және республикаға танымал ақын-жазушылар А. Шаяхмет, С. Оспанов, Н. Мұқатов, Ж. Баязид және білім саласының майталмандары Д. Легкий, А. Суслова. Ш. Төлегенова, танымал аудармашы А. Досов, Қостанай облыстық Марал ишан мешітінің наиб имамы Ә. Балахмет т.б. қатысушылармен бүгінгі күні бейнероликтердің ауқымы кеңеюде. Қаламыздағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Абайдың Қара сөздерін ағылшын тілінде оқып белсенділік танытты. Онымен қоса индустриалды-педагогикалық колледждің студенті Екатерина Ермолаева ақын өлеңін үш тілде сауатты оқи білді. Жобаға кітапхана жанынан құрылған «Ақ қауырсын», «PrataMartis», «Ковчег», «Крылья» әдеби бірлестіктердің мүшелері де өз үлестерін қосқан болатын.

Бұл ауқымды жоба Абайдың әдеби және философиялық мұрасын насихаттауға, білім көкжиегін терең тануға, жастардың әдебиетке деген қызығушылығын молайтуға және отандық мәдениетті қалыптастыруға, сондай-ақ кітапхананың виртуалды және нақты келуші оқырмандар санын арттыруға ықпал етері сөзсіз.

Енгізілген карантиндік режим жағдайында облыстық кітапхана жоспарлы жұмысын ғаламтор аясында қарқынды жүргізуде. Адамдардың өзін-өзі оқшаулауды қолдайтын, осы күрделі уақытта қажетті рухани тірек беретін онлайн сұхбаттар, шығармашыл жастарды біріктіретін онлайн конферциялар, жаңа кітаптардың таныстырылымына арналған бейнешолу және т.б. жұмыстар жалғастырылуда.

Айтжан ҚҰРЫМҒАЛИҰЛЫ,
«Л. Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық
әмбебап ғылыми кітапханасы» КММ кітапханашысы


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77