Образование

Қостанай қаласында колледждерге құжат тапсыру 25 маусымнан басталады

Бұл туралы бүгін облыстық білім басқармасында өткен кездесуде Қостанай жоғарғы педагогикалық колледжінің директоры Жомарт Құсайын мен техникалық және кәсіптік білім беру (ТжКБ) бөлімінің басшысы Жанагүл Жумина түсіндіріп өтті.

– Қазіргі таңда облыста кәсіптік білім беретін 33 колледж жұмыс істейді. Оның ішінде 24 колледж облыстық білім басқармасына қарасты. Одан бөлек, 2 медициналық колледж және 7 жекеменшік колледж бар. Соңғы жылдары мемлекеттік білім беру тапсырысының қарқыны ұлғайып келеді. Мәселен, 2024 жылы 6489 орын бөлінсе, биыл бұл көрсеткіш 6944 орынға жетіп отыр. Биылғы қабылдау науқаны 578-ережеге сәйкес 25 маусымнан басталады,- дейді Қостанай жоғарғы педагогикалық колледжінің директоры Жомарт Қоңырбайұлы.
Құжаттар Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы қабылданады. Сол себепті әрбір түлектің электрондық цифрлық қолтаңбасы (ЭЦҚ) болуы шарт.
– Құжат қабылдау мерзімі-25 маусымнан 25 тамызға дейін жүргізіледі. Осы уақыт аралығында 18 жасқа толған талапкер кез келген күні келіп құжат тапсыра алады. Ал кәмелетке толмағандар ата-анасымен бірге келуі тиіс. Талапкерлерден білім туралы құжаттың түпнұсқасын, 3х4 фотосурет, 075/у медициналық анықтамасы, өтініш, 1 немесе 2 мүгедектігі бар адамдар мен балалары болса, 037/у медициналық әлеуметтік сараптама қорытындысы және жеке басын куәландыратын құжат талап етіледі,- деп толықтыра түсті.
Құжат қабылдау мерзімдері мен ерекшеліктері:
• 9-сынып негізінде – 18 тамызға дейін (орта буын және қолданбалы бакалавриат бойынша);
• 11-сынып негізінде – 20 тамызға дейін;
• Ақылы негізде – 25 тамызға дейін;
• Жұмысшы мамандықтар – емтихансыз, конкурссыз, әңгімелесу нәтижесімен 25 тамызға дейін;
• Шығармашылық мамандықтар – 20 шілдеге дейін;
• Сырттай оқу бөлімі – 20 қыркүйекке дейін.
Сондай-ақ, әр талапкердің 4 мамандық пен 4 колледжге дейін таңдау мүмкіндігіне ие.
– Биылдан бастап педагогоикалық және медициналық мамандықтарға қабылдау тәртібіне өзгерістер енгізіліп жатыр. Педагогикалық бағыттағы талапкерлер қосымша эссе немесе диктант жазады. Мұны колледждердің өзі бекітеді. Бүгін біз нақты бағдарламасын беретін боламыз. Талапкер өз еркімен біреуін жазуы тиіс. Бағалау эссе немесе диктант, әңгімелесу және аттестаттың қорытынды баллы бойынша жүргізіледі. Ал медициналық бағытта оқығысы келетін талапкерлер химия немесе биология пәндерінен тест тапсырады және психометриялық тесттен өтеді,-деп нақтылады Жомарт Құсайын.
Соңғы үш жылда серіктес кәсіпорындардан түскен өтінімдер негізінде мақсатты мемлекеттік тапсырыс арқылы кадр даярлау жүргізілуде. Бүгінгі таңда 50 кәсіпорынның өтініміне сәйкес 23 колледжде 2641 адам қамтылған.Қабылдау қорытындылары мына мерзімдерде өтеді:
• Өнер және мәдениет мамандықтары бойынша жалпы конкурс – 29 шілде мен 2 тамыз аралығы;
• 9-сынып түлектері үшін – 19-22 тамыз аралығы;
• 11-сынып түлектері үшін – 22-25 тамыз аралығы;
• Ақылы негіздегі конкурс – 26-28 тамыз аралығы.
Еліміздегі барлық колледждерде құжат қабылдау электрондық үкімет порталы арқылы жүзеге асатындықтан, түрлі техникалық ақаулар орын алуы мүмкін. Сол себептен ата-аналар мен талапкерлерге сабыр сақтау ұсынылады. Құжаттарды бірінші күні немесе соңғы күні тапсыру-ешқандай артықшылық бермейді, барлық өтініштер тең дәрежеде қаралады.
Гүлжан БӨЛЕГЕН,
суретті түсірген автор

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77