WBC мен WBO белбеулерінің иегері Торғынбек Әлемдік рейтинг бойынша 1082-ші орында
27 ақпанда Алматыда MTK Fight Night кәсіпқой бокс кеші өткен болатын. 27 ақпанда Алматыда MTK Fight Night кәсіпқой бокс кеші өткен болатын. Осы күні МТК Global Kazakhstan Golden Contraсt ауқымды жобасының жеңімпазы Торғынбек Әміров төртінші жекпе-жегін қарсыласы Айдын Сихымбаевпен өткізді.
Нәтижесінде төрешілердің бірауыз шешімімен Торғынбек Әміров жеңімпаз деп танылды.
– Жекпе-жек тартысты өтті. Қарсылас оңай шағылатын жаңғақ емес, жақсы дайындалып келген. Бәрі де жарысқа келген соң ұтам деп шығадығой… жаттығу нық болуы керек. МТК компаниясына енген соң, дайындықты үдетіп, тәжірибеде толыға түсуде. Барлық жағдай жасалған. Алдағы жекпе-жектерде жерлестерімді жеңісіммен қуантам деп сенемін. Жаттығуды тоқтатпай, еңбек етеміз, – дейді Торғынбек Әміров.
Боксшы 61,200 келі салмағында өнер көрсетіп жүр. Әлемдік рейтинг бойынша 2 мың боксшының арасында 1082-ші орында тұр. Ал, өз салмағы бойынша жұдықыртасып жүрген қазақстандық 20 боксшының ішінде үздік 5-тік қатарында.
Айта кету керек, Торғынбек Әміровке MTK Global промоутер компаниясының алтын келісімшартын жеңіп алғаннан бері жаңа жаттықтырушы тағайындалған, ол Қанат Алтаев.
Ол осы уақытқа дейін жекпе-жектеріне дайындаған Болат Жұмаділов, Марат Сейітмағамбетов, Дамир Әбдіреш сынды жаттықтырушыларына ризашылығын білдіруде. Бапкерлермен байланыс үзілмейтіндігін айтады.
– Келісім шарт жасасқаннан бері Алматы қаласында тұрып жатырмын. Негізі келісім шарт 3 жылға жасалған, ол тағы 2 жылға ұзартылады. Белгіленген сатыдан көрінген жағдайда шетелге, яғни АҚШ пен Англияға жол ашылғалы тұр. Ол үшін бірнеше жекпе-жек өткізіп, жеңіске жетуім керек, – дейді Торғынбек Әміров.
WBC мен WBO белбеулерінің иегері Торғынбек Әміровтың кезекті жекпе жегі мамыр айына жоспарланған.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған Торғынбек Әміров
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77