Новости Социум

Қостанай облысы аналогтан сандық хабар тарату жүйесіне ауысады

Оны 1 шілдеден бастап жүзеге асыру жоспарланған

 Бүгінгі таңда өңір халқы ауылдық аймақтарда 15, ал қалалық жерде 27 телеарнаны ақысыз көріп отыр. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының халыққа ұсынып отырған мүмкіндігінің бірі, бұдан былай арналардың тегін сондай-ақ кең таңдауы әр үйдің теледидарынан табылмақ.

«Қазақтелерадио» АҚ Қостанай филиалының хабарлауынша, бүгінгі күні аналогтық хабар таратуды тоқтату 24-26 маусым аралығында басталады. Алдымен стансаны істен шығару жұмыстары, халық аз шоғырланған аймақтан бастап жүзеге асырылатын болады. Ал 2019 жылдың 5-ші тамызынан 14-ші қарашасына дейін аналогтық жабдықты бөлшектеу бойынша негізгі жұмыстар жүргізіледі. Сондықтан облыс аудандарында сандық хабар тарату аптасына екі рет өшіріледі. Жұмыстар таңғы 9-дан, кешкі сағат 17-ге дейін жүргізіледі. Осы жұмыстар аралығында аймағымыз сандық хабар тарату жүйесіне толық көшуді қолға алып отыр.

Бұдан былай қарапайым үй ішінде немесе сыртында, болмаса шатырға орнатып жүрген антена арқылы көрсететін аналогтық арналар маусым айының аяғында толық өшіріледі. Ал, есесіне өркениетке сай цифрлық эфирлік хабар тарату жүйесі енгізілмек. Бұл дегеніміз, сурет пен дыбыс сапасы артып, кескіні айқын, дыбысы анық шығатын сапалы жүйеге қол жеткізетін боламыз. Бұрынғыша аналогты хабар тарату жүйесінде болған экранда секіріп кету, бұлыңғырлану сынды кедергілер атымен болмайды.

–Облыстың 667 елді мекенінен 42 ауыл АЭФТ-ға қол жеткізе алмады. Ауыл әкімшіліктері ауылдарды аралап, 87 отбасыға сандық хабар тарату үшін қажетті техниканы сатып ала алмайтынын анықтады, сондықтан біз оны бөлінген қаражат есебінен жасаймыз, 1 шілдеге дейін аймақтағы ЦЭТҚ-ны қамту 100% -ке жетеді, – деді облыс әкімінің орынбасары  Марат Жүндібаев.

Егер теледидарыңыздың шыққан жылы 2014 жылдан жоғары болса және сұйық кристалды (ЖК, LED, OLED) сондай-ақ плазмалы теледидар болған жағдайда жаңа цифрлық форматта көрудің еш қиындығы жоқ. Осындай телеридарларда цифрлы қабылдауыштар, DVB-Т2 сигналын қабылдау мүмкіндігі жұмыс істейтін қосымша функциялар қарастырылған. Алайда ол қосымшалар болмаған жағдайда, стандартты және UHF антеннасын сатып алуыңыз қажет болады. Осы уақытқа дейін пайдаланып келген далалық және үйішілік антенаны құрылғыңызға жалғап, теледидар баптауындағы мәзірде (меню) «Тек цифрлы арналар» баптауын таңдайсыз. Сонда теледидар өзі, цифрлы арналарды тауып, шығарып береді.

Ал, теледидар 2013 жылдан бұрын шығарылған, болмаса ескілеу болса, олар жаңа жүйедегі арналарды тек арнайы құрылғылар арқылы қабылдап көрсетеді.Ондай құрылғыларды «Цифрлы қабылдағыш» деп атайды. Қабылдағыштың бір жақ ұшына кәдімгі антенаны жалғап, екінші жағын теледидарға қоссаңыз, өздігінен автоматты түрде іздеп, экранға шығарып береді. Құрылғыларды электроникажабдықтарына арналған сауда бөлімдерінен тауып алуыңызға болады. Бағасы да қол жетімді.

Облыстық әкімдіктің ішкі саясат бөлімінің басшысы Зәуре Бәйменованың айтуынша, 687 осындай қосымша құрылғы сатып алынған. Сонымен қатар, аудандарға аз қамтылған отбасыларға қосымша мониторинг жүргізу ұсынылады, қажет болған жағдайда қосымша қаражат бөледі.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асырып отырған эфирлік тарату бағытындағы жүйелі жұмыстары, халыққа сапалы, көп арналы отандық хабарды көруге мүмкіндік беру.

Сералы МЫРЗАБАЙ

Фото – Владимир ФАЙЛЬ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77