Біздің Қостанай Образование

Қостанай облысында бағдарлама жалғасын тапты

«Серпін» жобасы елімізде 2014 жылдан бастап іске асырылып, жастарға тегін кәсіптік және жоғары білім алуға мүмкіндік берді. Аталған бағдарлама оңтүстік өңірлердің жастарын кадр тапшылығы байқалатын солтүстік және орталық аймақтарда оқытып, әрі қарай тұрақты жұмысқа орналастыруды көздейді.

Қостанай облысында бұл жоба 2014-2021 жылдар аралығында жүзеге асырылып, 10 колледжде Алматы, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда және Маңғыстау облыстарынан келген 337 студент білім алды. Олардың 319-ы оқуын сәтті аяқтап, 185 студент түрлі салада еңбек жолын бастады. Өңірдегі 6 колледж бағдарлама аясында жұмыс істеп, онда 150 жас студент білім алды, олардың 136-сы оқуын аяқтады. Биылғы оқу жылы облыс бойынша 15 колледжге 550 студент қабылдау жоспарланған. Оның ішінде Қостанай қаласының 5 колледжінде 225 студент білім алатын болады. Бұл оқу орындары техникалық, ауыл шаруашылығы және педагогикалық мамандықтар бойынша мамандарды даярлауды көздейді. Бағдарламаның негізгі мақсаттарының бірі – студенттерді тек оқытып қоймай, тұрақты жұмыспен қамту. Өткен жылдардағы көрсеткіштерге сүйенсек, түлектердің 58%-ы жұмысқа орналасқан. Бұл жақсы көрсеткіш болғанымен, еңбек нарығына бейімделу мен түлектердің өңірде тұрақтап қалу деңгейін арттыру қажет. Осыған байланысты, биылдан бастап облыстағы 40-тан астам кәсіпорынмен келісімшарт жасалады, бұл түлектердің жұмыспен қамтылуына кепілдік береді.

Жас серпіндіктер

Өңірімізде осы бағдарлама арқылы білім алып жатқан студенттер баршылық. Оның бірі жас студент Гүлсая Әбдәшім. Ол «Серпін» бағдарламасы арқылы Түркістан облысы, Жетісай ауданы, Асықата кентінен келді. Гүлсая бұл бағдарлама жөнінде мұғалімдерден білген еді. Олар осы бағдарлама арқылы оңтүстік өңірдің жастары солтүстік аймақтарда тегін білім алып, жұмысқа орналасуға мүмкіндік алатынын айтқан болатын. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып қалған студент біздің өңірде білім алуда. Гүлсая мұғалім мамандығына оқуға түсіп, болашақта білікті маман ретінде өз үлесін қоспақшы.

– Бұл бағдарлама жастар үшін үлкен мүмкіндік береді. Ең алдымен, тегін жоғары білім алу. Сондай-ақ, жатақханамен қамтамасыз ету, оқу барысында шәкіртақы алу, жаңа ортада білім алып, тәжірибе жинақтау мүмкіндігі қарастырылған. Бағдарлама бітірушілерге тұрақты жұмыс тауып, еңбек жолын бастауда да көмек береді. Қазіргі таңда мен Қостанай қаласында тұрып жатырмын. Бұл қала маған басында суық ауа райымен тосынсый жасады. Дегенмен, уақыт өте келе жаңа ортаға үйреніп кеттім. Қазір мен оқуды ойдағыдай аяқтауға бар күшімді салып жүрмін. Оқуды тәмамдаған соң қалада қалып, жұмыс істеу туралы әлі нақты шешім қабылдаған жоқпын. Бірақ қай жерде болсам да, еліміздің болашағы үшін аянбай еңбек еткім келеді. «Серпін» бағдарламасы – көптеген жастарға жаңа мүмкіндік сыйлаған ерекше жоба. Ол арқылы біз сапалы білім алып қана қоймай, жаңа тәжірибе жинақтап, өзімізді жан-жақты дамыта аламыз, – дейді Гүлсая Әбдәшім.

Айда Елепай да «Серпін» бағдарламасы арқылы білім алып, ұстаздық жолды таңдаған студент. Жас маманды ынталандырғаны – сапалы оқу мен еліміздің солтүстік өңірлерін көріп, жаңа ортада өзін сынап көру.

– «Серпін» бағдарламасы – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Бұл бағдарлама арқылы білім ордасын тәмамдаған соң жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, өйткені елдің солтүстік өңірлерінде мамандарға сұраныс көп. Мұның бәрі жас мамандардың жаңа ортаға бейімделіп, болашаққа нық қадам басуына жол ашады. Мен ҰБТ-ны тапсырып, 98 балды жинадым. Бұл бағдарламаның басты артықшылығы – үлкен қаладағы бәсекелестікке қарағанда, мүмкіндік көбірек болуы. Мен осы аймақта мамандығым бойынша жұмыс жасағым келеді. Себебі бұл аймақта жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары, – деп атап өтті студент.

«Серпін» бағдарламасы бүгінде жыл сайын әлеуеті мен сұранысы артып келе жатқан жаңа серпілістің бірі. Жас студент Индира Артықбай 2022 жылы осы бағдарлама жөнінде ақпарат ізденген. Сол ізденістің нәтижесінде, бүгінде ол жаңа ортада білім алып, тұлға ретінде өзінің өмірлік жолын бастаған.

– Қостанай қаласын таңдауымның бірден-бір себебі жоғары білім беру бағдарламасы мен әдебиетпен тығыз байланысты тарихи қалаға деген қызығушылық. Оқу барысында талабы биік, ынтасы жоғары студент болуым үшін барлық жағдай толыққанды жасалды деп еш мүдірмей айта аламын. Жан-жақты дамуыма соның ішінде Назарбаев қорының стипендиаты атануым осы көріністердің айшықты дәлелі. Оқып қана қоймай, белсенді студент болып, республикалық байқаулардың жеңімпазы болу, университет ішінде іс-шараларға белсене қатысу сынды даму баспалдақтары студенттік шағыма жаңа реңк берді. Осыған орай «Серпін» бағдарламасының шарты бойынша солтүстікте 2 жыл жұмыс жасау, одан бөлек оқуымды ары қарай жалғастыру негізгі мақсаттарымның бірі, – дейді студент.

ҮГІТ-НАСИХАТ ЖҰМЫСТАРЫ

2025 жылдың қаңтар айынан бастап, қала колледждері оңтүстік өңірлердегі мектептермен тығыз байланыс орнатып, кәсіби бағдарлау жұмыстарын белсенді түрде жүргізуде. Осы мақсатта арнайы үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылып, түлектерге өңірдегі білім беру мүмкіндіктері мен жұмысшы мамандықтарының артықшылықтары таныстырылды. Қостанай облысының білім басқармасының мәліметінше, 7 мыңнан астам оқушы бұл кездесулерге қатысып, техникалық, ауыл шаруашылығы және педагогикалық бағыттар бойынша оқу мүмкіндіктері жайында ақпарат алды.

– Жаңа оқу жылында Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарынан талапкерлерді қабылдау жоспарлануда. Бағдарламаның маңызды ерекшеліктерінің бірі – түлектерге белгілі бір өңірде міндетті түрде жұмыс істеу талабын қоймауында. Яғни, олар оқуын аяқтағаннан кейін өз қалауы бойынша жұмысқа орналасып, жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға немесе әскери борышын өтеуге мүмкіндік алады. Жалпы облыс бойынша студенттердің оқуы мен тұрмысын қолдау мақсатында көптеген жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, соңғы екі жылда колледж студенттерінің шәкіртақысы екі есе артты. Бұл оқу жылында орта буын мамандықтары бойынша шәкіртақы мөлшері 41 896 теңге, ал жұмысшы мамандықтары бойынша 43 574 теңге болып белгіленді. Сондай-ақ, қала сыртынан келген студенттер жатақханамен қамтамасыз етіледі. Қазіргі уақытта облыс колледждерінде жалпы 4,5 мыңнан астам орынды қамтитын 24 жатақхана жұмыс істейді, – дейді облыстық білім басқармасы.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суреттерді ұсынған кейіпкерлер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77