6, 7, 8 ақпан күндері І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Менің атым Қожа» қойылымының премьерасы өтеді. Көпшілікке жақсы таныс Бердібек Соқпақбаевтың бұл шығармасы қазақ балалар әдебиетінің үздік туындыларының бірі саналады.
Аталған шығарма еліміздің бірнеше театрында сахналанды, ал бұл жолы оны Қостанай көрермендері тамашалай алады.
Қойылымның режиссері – Мырзахмет Ералхан. Ол – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының 4-курс студенті. Бұл – жас режиссердің Қостанай театрында қойып жатқан екінші спектаклі.
– Қостанай көрермендерін балалық шаққа саяхат жасау үшін осы повесті қоюды жөн көрдік. Сонымен қатар, Бердібек атамыздың тілі ерекше. Кітаптағы әр кейіпкердің сөзі автордың өз дауысындай әсер етеді. Бұл бізді қызықтырды, сондықтан осы шығарманы сахналауды ұйғардық. Оның сахналық нұсқасын өзіміз әзірледік, – дейді режиссер Мырзахмет Ералхан.
Оның айтуынша, қойылымға дайындық екі аптадан аса уақыт жүргізілді. Ал шығарманы сахналық нұсқаға бейімдеуге бір аптадай уақыт кеткен. Басты рөлді Бейбарыс Құрманғали, ал оның досының рөлін Мадияр Керейбай сомдайды.
Қожаның рөлі – үлкен жауапкершілік. Басты рөлді сомдайтын актер Бейбарыс Құрманғали үшін бұл – театрдағы алғашқы үлкен рөл.
– Театрда жұмыс істеп жатқаныма үш ай ғана болды. Бұл менің басты рөлдегі алғашқы тәжірибем. Өзім өмірде ондай тентек емеспін, бірақ Қожа сияқты армандағанды жақсы көремін. Осы жағынан оған ұқсаймын. Ал тентек болуды жақсы ойнау үшін басқа мектептің балаларын сырттай бақыладым, – дейді жас актер.
Қойылымның премьерасын көру мүмкіндігін жіберіп алмаңыз!
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77