Біздің Қостанай Спорт

Қостанай жерінде алғаш рет көкпардан федерация кубогы өтті

Көкпар – қазақ халқының ұлттық ойыны ғана емес, батырлықтың, ептіліктің, бірліктің символы. Ат үстінде серкені қапқа салуға тырысқан шабандоздардың әр қимылы ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрдің көрінісі.

Бұл ойын ерте кезден жауынгерлердің шынығуына, төзімді болуына, атқа мықтап отыруына баулыған. Бүгінде көкпар ұлттық спорт ретінде дамып, еліміздің түкпір-түкпірінде турнирлер жиі ұйымдастырылып келеді.

Осындай дүбірлі додалардың бірі – жуырда Қостанай облысының Заречный ауылындағы «Арғымақ» ипподромында өткен Қазақстан Көкпар федерациясының кубогы. Бұл жарыс Қостанай жерінде алғаш рет өткізілді және жүлде қоры 10 миллион теңгені құрады. Турнирге еліміздің барлық облыстары мен республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 110-нан астам үздік көкпаршы жиналды.

Жарыс бірнеше күнге созылып, тартысқа толы ойындарға куә болдық. Қостанай облысының намысын қорғаған төрт команда – «Олжа» (Қостанай ауданы), «Байшуақ» (Рудный қаласы), «Көкжал» (Қостанай қаласы) және «Торғай» (Жанкелдин ауданы) финалға дейінгі кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, соңында 1-орын «Олжа» командасына бұйырды. 2-орынды – «Байшуақ», 3-орынды – «Көкжал», ал 4-орынды «Торғай» командасы иеленді. Жарыс барысында тек командалар емес, жекелеген ойыншылар мен сәйгүліктер де ерекше көзге түсті.

Федерация кубогының «Үздік ойыншысы» атағын Мамыт Асылжан жеңіп алды. Ол шабуыл кезіндегі шапшаңдығымен, қарсылас қорғанысын бұзып өту шеберлігімен дараланып, 250 000 теңге көлемінде жүлдеге ие болды. Сондай-ақ, үш бірдей ат жарыс барысында үздік деп танылды: «Самұрық» – үздік қорғаушы ат, «Нұртөбел» – үздік шабуылшы ат, ал «Саян» – үздік жекпе-жек аты атанды. Олардың иелеріне де 250 000 теңгеден табысталды. Қазақстан Көкпар федерациясының президенті Айдарбек Ходжаназаров бұл турнирдің маңыздылығына ерекше тоқталып, Қостанай өңірінде көкпардың дамып келе жатқанын атап өтті.

– Бүгінгі турнир – ұлттық спортты дамытудағы үлкен қадам. Қостанай жерінде алғаш рет федерация кубогының өтуі – бұл өңірде көкпарға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді. Жарыстың деңгейі өте жоғары болды, ұйымдастыру жұмыстарына ризамыз. Мұндай бәсекелер көкпаршылардың шеберлігін шыңдап қана қоймай, жастарды ұлттық спортқа баулиды, – деді федерация басшысы.

Ал «Олжа» командасының мүшесі Малик Жалелов:

– Командалық рух пен аттың дайындығы – жеңістің кілті. Біз ұзақ дайындалдық. Жеңіс оңай келген жоқ, қарсыластар өте мықты болды. Бірақ соңына дейін күрестік, алға қойған мақсатқа жеттік, – деп әсерімен бөлісті.

«Торғай қырандары» командасының ойыншысы Бексұлтан Манетов болса, турнирден алған әсерімен қатар ұлттық спортқа деген көзқарасын жеткізді.

– Бұл турнир бізге үлкен тәжірибе берді. Ойын өте жақсы өтті, келесі жарысқа жақсылап дайындалып келеміз. Қарсыластарымыз да мықты ойнады, көптеген тәжірибе алуға болады. Алда көптеген жетістіктерге жетеміз деп ойлаймыз, – деді ол.

Көкпар – қазақтың көне тарихынан бастау алған, бүгінге дейін жалғасып келе жатқан мұрасы. Бұл спорт түрі тек күш пен шеберлікті ғана емес, ұлттың намысын, ерік-жігерін, бірлігін білдіреді. Қостанайда өткен федерация кубогы ұлттық ойынға деген сүйіспеншіліктің жоғары екенін көрсетті.

Осындай жарыстар арқылы көкпар тек Оңтүстік өңірлерде емес, еліміздің барлық аймақтарында кеңінен дамып, жас ұрпаққа мұраны жеткізетін игі дәстүрге айналатыны анық.

Міне, қазіргі таңда көкпар тек аға буынның спорты емес екенін байқауға болады. Соңғы жылдары бұл ұлттық ойынға қызығушылық танытатын жастардың саны артып келеді. Олар көкпарды тек хобби емес, үлкен мақсат пен спорттық мансап ретінде қарайды. Көптеген жас шабандоздардың артында тұрақты демеушілер мен жанашыр азаматтар бар. Олар киім-кешек, аттардың жем-шөбі, жарыстарға қатысу шығындарын өз мойнына алып, ұлттық спорттың дамуына үлес қосуда. Бұл үрдіс көкпардың дамуына оң әсерін тигізіп отыр.

Қазақстан Көкпар федерациясы да жастардың белсенділігін жоғары бағалайды. Федерация тарапынан жас спортшыларға арналған оқу-жаттығу жиындары, семинарлар, тәжірибе алмасу шаралары жиі ұйымдастырылады. Бұл – болашақта көкпар деңгейінің одан әрі көтерілуіне жол ашады.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77