Осындай игі іске мұрындық болған жандардың алар сауабы мол
Өткен қасиетті Рамазан айы кезінде Қостанай қалалық «Жайлаубай ата» мешіті және оған дейін төтенше жағдай басталғаннан бері 300-ге жуық отбасына қайрымдылық жасады.
Аталмыш мешіт тарапынан ұйымдастырылған «Біз біргеміз!» қайырымдылық акциясы аясында мешіт жамағатынан құралған «Еріктілер» тобы алғашқы 3 күнде 35 шаңыраққа жететін қаражат жинап, жалғыз басты аналар, көп балалы жанұяларға, үйінде мүгедек кісі бар және жалғыз басты зейнеткерлерге жеткізді.
Екінші рет өткізгенде де 35 отбасына қайырымдылық жасалды. Мұнда әр Рамазанда ауызашар беретін кісілер демеушілік жасады.
Үшінші акция ерекше ұйымшылдықпен өтті. Бұл кезде 50-ге жуық еріктілер қатысып, 70 отбасына қол ұшын берді.
Сондай-ақ, «Біз біргеміз – 4», «Біз біргеміз – 5», «Біз біргеміз – 6» қайырымдылық акциялары кезінде 120 отбасына азық-түлік үлестірілді.
Ал «Біз біргеміз – 7» рет өткізгенде өзге ұлт өкілінің кәсіпкері белсенділік танытып, 35 отбасының қуанышына себепші болды.
Жалпы, жоғарыда ұйымдастырылған 7 акция аясында 2,5 млн теңгеге жуық қаражатқа 260 отбасына қайырымдылық көмек көрсетілгенін атап өту керек.
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, халық басына іс түскенде тірлесіп, көмек қолын созатын өңіріміздегі жомарт азаматтарға қалалық мешіттің бас имамы Шоқан қажы Алла разы болсын деп өзінің ризашылығын білдірді.
Осы ретте облыстық мешіттің аппарат басшысы Қанат Орынтай:
– Шаһарымыздағы мейірімді жандар биылғы Ораза карантин режиміне сәйкес келгендіктен қамқорлыққа мұқтаж жандарға азық-түлік қоржындарын таратып, сауапты іске мұрындық болды. Елімізде етек алған қауіпті дертке байыланысты мешіттер жабылған кезде де мешіт қызметкерлері қол қусырып қарап отырмай, қолдарынан келгенше қайырымдылық шараларымен айналысты. Осы кісілердің ұйымдастыруының арқасында көптеген кәсіпкерлер көмекке зәру жандарға азық-түлік қоржындарын дайындауда өз көмектерін аямады. Сондай-ақ айлардың сұлтаны Рамазанда қайырымдылық жасаған жандардың сауабы молынан жазылады,-деді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77