Азаматтар медициналық көмек алу үшін емхананы өздері таңдай алады, алайда бұл процесс белгілі бір шектеулермен жүзеге асады. Тіркелу тәртібін, оның кезеңдерін және қаламызға қатысты ерекшеліктерін қарастырайық.
Қостанай қаласына қатысты маңызды ерекшелік – қала аумағында тұрғылықты мекенжайды ауыстырған кезде жаңа емханаға тіркелудің қажеті жоқ. Себебі Қостанай – бірыңғай медициналық қызмет көрсету аймағы болып саналады. Тек басқа елді мекенге қоныс аударған жағдайда ғана жаңа емханаға тіркелу мүмкіндігі беріледі.
– Емханаға тіркелу жылына екі рет жүргізіледі. Біріншісі – жыл сайынғы кампания аясында 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін өтеді. Бұл кезеңде әр адам жаңа емхананы таңдай алады, ал медициналық қызмет көрсету келесі жылдың 1 қаңтарынан басталады. Екіншісі – жеке таңдау құқығы бойынша, жылына бір рет жүзеге асырылады, – дейді Қостанай облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының қоғамдық денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Алия Бекенова.
Тіркелу үшін азаматтар eGov.kz порталы арқылы онлайн өтініш бере алады немесе жеке басын куәландыратын құжатпен тікелей емханаға барып, өтініш жазуы қажет. Алайда, адам өз қалауымен басқа емханаға тіркелгісі келсе, оған бас тартылуы мүмкін. Себебі әрбір медициналық мекеменің тіркеуге алатын пациенттер саны шектеулі, егер емхана толық жүктемемен жұмыс істеп тұрса, жаңа өтініштер қабылданбайды.
Емхананы кез келген уақытта ауыстыру тек ерекше жағдайларда мүмкін болады. Мысалы, азамат басқа қалаға немесе ауылға көшсе, емхана қайта ұйымдастырылса немесе жабылса, сондай-ақ көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы талапқа сай болмаса.
Маманның айтуынша, әрбір азаматтың емхананы таңдау құқығы бар, бірақ тіркелу кезінде белгіленген ережелер мен шектеулерді ескеру қажет.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77