Погода

Қостанайдағы қатты желдің салдары: ағаштар мен көліктер зақымдануда

Ауа райының нашарлауы мен жел екпінінің күшеюіне байланысты өңірде тұрғын үй-жайлар мен көліктерге зақым келіп жатыр.

Сондай-ақ, көше бойындағы бағдаршамдар мен ағаштарды тамырымен жұлып, келеңсіздік тудыруда. Қостанай қаласы Назарбаев көшесіндегі көпқабатты үйдің шатырының металл профилінің бір бөлігі ажырап, түсіп қалу қауіпін туғызған еді. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары дер кезінде жетті. Олар арнайы альпинистік жабдықты пайдалана отырып, үйдің шатырына мініп, босап тұрған бөліктегі профилді шешіп тастады. Осылайша олар туындауы мүмкін қауіп-қатердің алдын алды. Зардап шекендер жоқ.

Жел екпіні қаладағы бірнеше көшелерде ағаштардың құлауына себеп болды. Мәселен, “Юбилейный” дүкені алдындағы  автокөліктің бірінің үстіне ағаш құлап түсті. Сондай-ақ, 8 шағын ауданы, Әл-Фараби, 100 және Әл-Фараби, 124 көшелері бойында ағаштардың құлау дерегі тіркелді. Екпінді жел “Жеңіс саябағындағы” қайын ағашының бөлігін сындырды. Сонымен қоса, Тәуелсіздік көшесі бойындағы LED-экранғада зақым келген. Мамандардың айтуынша қолайсыз ауа райы мен қатты жел кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау аса маңызды.

– Қатты жел кезінде ағаштар мен электр желілерінің қасына автокөліктеріңізді қоймаған абзал. Сонымен қатар, ондай жерлермен жүрмеген  жөн. Ғимараттағы терезелер мен есіктерді мықтап жауып алыңыз. Егер сымдар мен құрылымдардың үзілгенін байқасаңыз, дереу 112 нөміріне хабарласыңыз, – дейді Төтенше жағдайлар департаменті.

Тұрғындарға алыс жолға шығарда сақ болған дұрыс. «Қазгидромет» РМК филиалы синоптиктерінің болжамы бойынша ертең елдің шығысында -3 градусқа дейін салқын болады. Сондай ақ, желдің екпіні 15-20 м/с құрайды. Жақын күндері жаңбыр жауып, тұман түсіп, аяз болады деп күтілуде дейді.

Гүлжан БӨЛЕГЕН,

суретті ұсынған

 

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77