COVID-2019
в Казахстане



Вся информация здесь

105883

Выздоровевших

110832

Зарегистрированных случаев

3601

Зарегистрированных случаев в Костанайской области

1825

Летальных случаев

Культура Новости

Қостанайдағы Н.Островский атындағы қалалық кітапханада жас ақын Дәулет Жадырасынның «Тағдырыма таңыл, жыр!» атты шығармашылық кеші өтті

Кешке кітапхана ұжымы, жас ақынның достары, өңірге белгілі қаламгерлер қатынасты

Жыр кешіне «Толқын» шығармашылық студиясы ұйытқы болып, студия мүшелері кештің барынша жақсы өтуіне атсалысты.

Кеш болады дегенді естіген әжесі сонау Қызылордадан арнайы немересінің қуанышына ортақтауға келген екен.

– Қолынан жетектеп балабақшаға… мектепке апарған немеремнің бүгін мерейі үстем болуда. Кішкентай кезінен өлеңге жақын болды. Шимай-шатпақтап өлең жазса бірден маған оқып беретін. Мектептегі түрлі шараларға бірге барып, әркез қолдаушысы болып жүрдім. Баламның болашағы жарқын болсын. Өлеңдері өз көрерменін тапсын деп тілек білдіремін, – деп ақ тілегін арнады Айнагүл апа.

Дәулет, астықты аймаққа «Серпін» бағдарламасы арқылы Қызылорда өлкесінен келген. Бүгінде Рудный қаласындағы Рудный Индустриялық институтында білім алып жатырғанына төртінші жыл.

– Сыр өлкесі қасиетті мекен қазаққа. Тобыл өңіріне келіп, өзіңнің жүрек толқыныстарыңды параққа түсіріп, жақсы өлең жазу үстіндесің. Дәулет бауырымыздың өлеңінен ұшқырлықты байқадым. Былайша айтқанда керемет өрілген шуақтар екенін көрдім. Өлең техникасын жақсы меңгергені көрініп тұр. Жырында жалын, от бар. «Толқын» студиясының жас ақындарының жыр-жинағы жарық көрген уақытта, мен толық оқып шықтым. Солардың ішінде ең шоқтығы биік өлеңді Дәулет бауырымыздікі деп айтар едім, – деді кеш барысында сөз алған ақын, журналист Нұрқанат Құлабаев.

Өз қатарластарының арасынан оза шауып, өлеңдерінің шымырлығымен ерекше көзге түскен жас жүйрік жолдастарының арасында «тығылмақ ақын» атанған. Дәулеттің осы уақыта дейін алған асулары мен бағындырған белестері біршама. Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Ұлы тұлғаларға тағзым» республикалық мүшәйраның ынталандыру сыйлығының иегері, Алматы қаласындағы «Мен жастарға сенемін» патриот жастар форумының поэзия бөлімі бойынша 2 орын иегері, көптеген облыстық мүшәйралардың жеңімпазы.

– Өлең өлкесіне кішкетай кезден саяхаттап жүргенмен ол кездегі жазғандарымды сақтамаппын, есімде де қалмапты. Тек жоғарғы сыныпқа келген уақытта қолға ала бастадым. Аудан, қалаларда ұйымдастырылатын мүшәйраларға қатынасып бағымызды сынып таңыла бастадық. Бүгінде 50-ден аса жырларым бар. Өлең бағасын оқырман бере жатар, – деді жас ақын Дәулет Жадырасын.

Кеш барысында жас ақынның өлеңдеріне композициялық қойылымдар қойылды. Жыр кешіне келген көрермендер жас ақынның өлең жолдарымен сусындап қайтты.

Данияр ИХСАН

Тығылмақ

Ұстап тұра алмайсың ғұмырды әттең,
Ол кездері өтетін күн ырғақпен.
Көрші үйдің ұл-қызы бізге келіп,
Күн батырып қайтатын «Тығылмақпен».

Кезек енді менімен кетті ұласып,
Бір, екі, үш деп санадым бетті басып.
Қуыс-қолтық іздеп жүр, тығылуға,
Екі аяғын достарым епті басып.

Көзімді аштым, іздеуге кірістім де,
Таба алмадым, тарылды тыныс мүлде.
Таппай келем достарды содан бері,
Ой үстінде жүремін, мұң үстінде.

Айналып кетті арманым алдамшыға,
Іздегені келмеді «барлаушыға».
«Тығылмақпен» жоғалған балалармен,
Балалығым тығылып қалды-ау, сірә.

Содан бері, жаным бір жылымады,
Жоқ іздеген бейбақты кім ұғады?
Көңілдің көктемі де қалды сонда,
Үнемі көкейге ой тығылады.

Қол сілтегім келеді деп құрысын,
Көп нәрседен құр қалып кетті уысым.
Жасырынар жер таппай жер бетінен,
Көр ішіне тығылды көп туысым.

Шырылдайтын жабырқау жүрегім-ай,
Тығылмайтын достардың керегін-ай.
Тығылмақ ойнап жүр ме әлде бізбен?
Тығылып көрінбейді неге Құдай?

Үмітімді үзгенмін келмес күннен,
Ғажайыпқа ендігі сенбеспін мен.
Тығылып түн ішінде өлең жазам,
Тығылмақ ойнамаймын енді ешкіммен.

Үрейленем көз жұмып қала берсем,
Арман жоқ, жарық Күнге қарап өлсең.
Тығылып бір бұрышта жылап алам,
Тығылмақ ойнап жүрген бала көрсем.


Баспаға шағым

Әдебиет бағы бүгін – Құс үркек…
Туындылар – сия соры үшін тек.

Жандос Жүсіпбек.

Мақсаттары мезі ету ме, басқа ма?
Өлең-сөздің алқымы тұр аспада.
Ұлы ақынның қанмен жазған өлеңін,
Қап қара ғып көшіріпті баспаға. Масқара!…
(Жан әлемін ұғына алса жазудан,
Түркі бабам таңба салған тасқа да).

Дүрмекке, жету үшін жыр көпке,
Жинақ етіп жая салу міндет пе?
Бір ғұмырға сыймай кеткен ақынның,
Бір өлеңін сыйдырыпты бір бетке.

Көңіл сосын күйгелек…
Сыптай өлең кімге қандай сый беред(і).
Қолдан келсе қояр ма еді бейнелеп
ай-күнін, қай жылы,
Қандай күйде жазылғанын қай жыры,
күйінішті, қайғыны
Сия үстіне сіңіп кеткен көз жасын
суреттеуден бастар едім сөз басын,
Өз басым.

Сосын сия жұмсалмайды тек сорға,
(Тосын сый, ә, жыр жинағы көп шалға).
Мың ақын бар мынау біздің өлкеде,
Шын оқырман қалар еді тек сонда,
Шын ақындар қалар еді тек сонда.
Мұғжизаның тарлығы…
Бар болмысы, жан суреті,
зар мұңы бейнеленсе жан азабы,
ой жүгі, жанарының жаңбыры,
ақындардың тағдыры,
Баспа, баспа, баспаңдаршы басқалай,
Сөз қадірін сезу үшін барлығы.


Серт

 

Мен, Оғлан ұлы Отан есімді пейіштің,
Ұлы далада ұжданымменен ұйыстым.
Ақылды ананың төккен жасы үшін,
Батыр бабаның кеткен басы үшін,
Тәуелсіздіктің тізгінін ұстап,
Тосырқатпауға тиіспін!

Уа, Жер-Ана, Қасиет тұнған қазығым,
Абыз бабаның табаны тиген жазығым.
Іргеңді бұзбау маған серт,
Мүрдемді құшсаң разымын.

Аруларыңда тазалық,
Нар ұлдарың да намысын алмас қаза ғып.
Маңдайым қалсын топырағыңда қажалып,
Маңдай терімді телегей қылып төгемін,
Бостандық таңы болмауы үшін бозамық.

Жұмыр етімде жыр барда,
Құдіретімде құн барда.
Басымды иіп Тәңірге және бұл маңға.
Жасын секілді жарқ ете қалсам арман жоқ,
Жастығым кетпей тұрғанда!


Ақтарылу

Ана сенің балаң ойлы,
Ойсыздықты сүйетін.
Көңілі әппақ баладай-ды,
Қазір іші күйе кіл.

Алдырмайды теріске бой,
Қырсыққанда оң – шалғай.
Сенің ұлың періште ғой,
Перілігі дәл сондай.

Сендік ұлдың түйсігі бар,
Сүйсініп ал, анашым!
Жолы – түзу қисығы бар,
Жарасым, ә, қарашы?!

Сұрықсыздау түрім бүгін,
Сүйсінетін ұлың ем.
Жан-жүрегім жұлым-жұлым,
Пәк қалпымда туып ең.

Сері сынды сахнада,
Жерге түссе ел жерінген.
Сенің ұлың ақын, ана,
Адам болып көрінген.

Сәл құрметке ие бүгін,
Жыры болған соң ба, Ана?
Сені шексіз сүйеді ұлың,
Өзгермеген сол ғана…

Жадырасын Дәулет


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77