Барақ әулиенің зираты көпшіліктің мінажат ететін орны
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласында еліміздегі киелі жерлерді халыққа насихаттау керектігі жөнін де айтылған еді. Осы мақсатқа орай еліміздегі киелі орындардың тізімі жасалған болатын. Мұндай тізім Қостанай облысында да пайда болды.
Қазақ халқы қашан да әулие, батырлардан кенде болмаған. Тарихымызға таңбаланған әулие бабаларымыз бен жаудан беті қайтпаған батырларымыз қаншама. Міне, осындай тұлғалардың жерленген зираттары еліміздің киелі орындары болып саналады.
Қостанай өңірінде де әулие әмбейлер аз болмаған. Оларды тізе берсек жетіп артылады. Осындай әулие бабаларымыздың бірі Барақ Жанұзақұлы.
Қостанай облысында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасына 20 тарихи-мәдени нысан енгізілген болатын. «Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар» санатында 18-ғасырда өмір сүрген Барақ батырдың кесенесі де бар.
Өңір ақсақалдарының айтуынша, Барақ батырдың өмірге келуі туралы түрлі деректер бар. Барақ – Абылай ханның үзеңгілесі. Ол – атақты қолбасшы Қарапалуан Алдиярұлының үшінші ұлы. Төле бидің туған жиені, анасы Жасқаннан емшілік қасиет дарыған. Батырдың жерленген жері XVIII ғасырдың соңында көпшіліктің құлшылық ететін киелі орнына айналған.
Кейбір деректерге назар аударсақ, Барақ батырдың 1740-1758 жылдары қазақ жерін қалмақ басқыншыларынан азат ету жолындағы шайқастарға қатысқаны айтылады. Емшілігімен, көріпкелдік қасиетімен халыққа танылған. Аттан құлап, белін, аяқ-қолын сындырған адамдардың сүйектерін орнына салып, теріге, киізге орап тез арада дертінен айықтырған-мыс.
Батыр бабамыз Барақты халық қара күштің иесі деп таныған екен. Шайқастарда Барақ батыр қолбасшылық, тапқырлық, айлакерлік талантымен көзге түседі, тікелей өзі ұрысқа араласып, найзамен орыс казактарын бір соққаннан ер-тоқымынан домалатып түсірген. Сол кездерден бастап Барақ батыр туралы аңыздар тарала бастаған.
Ол Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында талай ерліктерімен танылады, Абылай ханның жасағын басқарады. Ордабасы жиынына, Бұланты, Аңырақай шайқастарына қатысып, Бұқар жырау жырында батырлар санатында аталады.
Барақ батырдың әкесі Жанұзақ он екі жасқа қарағанда «Қарапалуан» атанған. Үш жүздің жақсылары мен жайсаңдары жиналған үлкен аста кіші жүздің «түйе палуанымен» жекпе-жекте Жанұзақтың мәртебесі басым болады. Халық арасында Барақ батыр «Қарапалуан баласы» атанып кеткен деген де мәліметтер бар.
Қазіргі таңда Сарыкөл ауданы, Крылов ауылынан 12 шақырым жерде орналасқан батырдың кесенесі өткен-кеткен жолаушылардың арнайы атбасын бұрып, Құран оқып, мінажат ететін киелі мекеніне айналған.
Осы Барақ әулиенің басына менің бір кездері жолым түскен болатын. Батыр бабамыздың зиратына келушілер өте көп екен. Оның ішінде не керектің бәрі бар. Ыдыс-аяқ, көрпе-жастық, кілем де төселген. Тамақ ішетін үстелге дейін қойылғанын көрдім.
Сондай-ақ әулиенің басына келіп, түнеп, жанына батқан дерттен шипа тілейтін, ұрпақ сұрайтын жандар саны жылдан-жылға көбейгенін байқайсыз.
Біз де бір машина толы адам барып, әулие бабамызға арнап Құран бағыштап, тілек тілеп қайтқан болатынбыз.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет ғаламтор желісінен алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77