Қалалық әкімдікке зейнеткерлерден жүріп-тұру қиындап кеткені жайлы қоңырау келіп түскен
Қостанай автомобиль көлігі колледжінің студенттері коммуналдық қызметкерлердің жұмысын біршама жеңілдеттіп, мұз оюға жәрдемдесті. Орталықта орналасқан “Жагат” дүкенінің алдына жиналған студенттер мұзойғыш пен күректі қолдарына алып іске бірден кірісіп кетті.
Игі бастаманың ұйытқысы болған Қостанай қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміні өкілі неліктен осы аумақтың мұзын ойып жатқандығын түсіндіріп берді.
– Әкімдікке қала тұрғындарынан көптеген қоңырау келіп түсіп жатады. Әсіресе, осы “Жагат” дүкенінің жанында тұратын зейнеткер қоңырау шалып базынасын жеткізген болатын. Ол кісі дүкенге келер жолдың барлығына мұз қатып, жүріп-тұру қиындап кеткенін айтты. Коммуналдық қызметкерлер күні-түні қызмет еткенімен үлгірмей жатыр. Сол себепті ішкі саясат бөлімі, оларға көмектесу үшін арнайы акция ұйымдастыруға шешім қабылдады, – дейді ішкі саясат бөлімінің инспекторы Николай Титов.
Әкімдік өкілінің айтуынша, көмектесу үшін ерікті, игі іске атсалысқысы келетін студенттерді тарту үшін Қостанай автомобиль көлігі колледжінің көмегіне жүгінген.
Еріктілерге құрал-сайманды “Таза-Жол” ЖШС ұсынып отыр. Бар аяғы 10 студенттер келіп, “жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген ұранмен қатқан мұздың тас-талқанын шығарды.
Акцияға қатысушы студент Артем Даниличуктің айтуынша, қашықтан оқыту болып жатқандықтан студенттердің көбісі ауылдарына кетіп қалған, әйтпесе оннан да көп келуші еді дейді.
– Мұнда өз еркіммен келдім. Оқытушы өздерің қаласаңдар барып көмек қолын созуларына болады деген болатын. Өзім көлік жөндеу орталығында мамандығым бойынша жұмыс жасаймын, уақытша 1-2 сағатқа сұранып келген жайым бар, – дейді техник-механик мамандығының 4 курс студенті Артем Даниличук.
Студент Артем да өзге балалар секілді көпқабатты үйде туып-өскен. Мұндай іспен көп айналыспағанын айтады, тек гаражының алдының қарын аршығаны болмаса.
– Әрқашан істемеген соң қиынға соғатыны анық, қолым шамалы талып қалды, бірақ әлі шаршамадым, – дейді ол.
Мұздың қалыңдығы 5-6 сантиметр, сол себепті бірден ойыла кетпейді. Ол үшін мұзжарғышпен бір жерді бірнеше рет қатты соққылау керек.
Бірақ жігіттер бұл істі құлшыныспен жасауда, айтуларынша осы жерді аяқтап қалалық аурухана алдына бармақ.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77