Жасыл қала — бұл тек таза ауа мен көлеңке емес, бұл – жайлылық, әсемдік және адамдардың психологиялық тыныштығы. Көшелерге ағаш отырғызу, гүлзар жасау – бұл бұрыннан келе жатқан әдістер. Алайда бүгінде қала кеңістігін көркейтуге шығармашылықпен қарау маңыздырақ.
Неліктен біз рокарийлерді (тасты гүлзарлар) кеңінен қолданбасқа? Рокарий – бұл тастардан, ұсақ бұталар мен көпжылдық өсімдіктерден құралған шағын ландшафтық композиция. Ол табиғи көрініске ұқсайды, ерекше стиль береді және күтімі жеңіл. Қатты ыстыққа да, салқын климатқа да төзімді. Осындай шағын бақтар қаланың әр бұрышын сәнге бөлейді. Бұл эстетикамен қатар — экологияға да оң әсер етеді.
Соңғы жылдары Қостанай қаласының көшелерінде көгалдандырылған, ерекше безендірілген гүлзарлар көбейіп келеді. Әңгіме — рокарийлер туралы. Бұл — тас, ағаш қабығы және өзге де табиғи материалдармен әрленген, көпжылдық өсімдіктер отырғызылған сәндік гүл композициялары.
Олар бүгінде айналма жолдарда, саябақтар мен скверлерде жиі кездеседі. Ең қуаныштысы тұрғындар бұл өзгерістерді жылы қабылдауда. Біз қала бойынша жасалған бірнеше рокарийлерді аралап қарап шықтық. Барлығына ұнайтын екінші Қостанай мен әуежайға бара жатқан жолда құрылған рокарийлер. Қала қонақтарының көзіне ерекше түседі. Айта кету керек, Абай- Воинов-интернационалистов қиылысындағы айналма жолда жаңа рокарий пайда болуда. Қазіргі таңда жұмыстар жүріп жатыр, жақын арада дайын болады. Бірақ мердігер ол жерде қандай бейне болатыны жасырын қалсын деген еді.
– Екінші Қостанай жақтағы айналма жолмен жұмысқа бара жатқанда, көзім қуанып қалады. Тастар, гүлдер, қылқан жапырақтылар, декаративті аттар — бәрі үйлесімді. Осындай көрініс бүкіл қалада болса екен дейсің, — дейді қостанайлық Светлана Петровна.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының мәліметінше, 2025 жылы Қостанайда жалпы көлемі 6 740 шаршы метр рокарий салынған. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен шамалас (2024 жылы — 6 760 м²). Алайда биыл басты назар — санға емес, сапа мен даралыққа аударылып отыр.
– Биыл саябақтар мен скверлерді күтіп-баптауға жеке келісімшарт жасалды, — деп хабарлады басқарма өкілдері. — Бұрын мұндай жұмыстар қала абаттандыруының жалпы аясында жүргізілетін. Енді әр гүлзарға ерекше көңіл бөлінеді: суару, арамшөптерден тазарту, қопсыту, тыңайту — барлығы жүйелі түрде жүргізіледі.
Мұндай жаңашыл көгалдандыру жұмыстары қала тұрғындарының көңілінен шығуда. Әдеттегі гүлзарлар мен ағаштардан бөлек, рокарийлер, шағын декоративті бақтар мен ерекше өсімдіктерден құралған композициялар көз тартарлық көрініс береді.
Тастардың арасында арша, қарағай, гортензия, бөріқарақат, спирея, таңқурайбұта, дерен, шалфей, мысықшөп (котовник), көкшешек, қасқыржоңышқа (люпин), раушан гүлдері, жантақ (очиток) және басқа да өсімдіктер өсіп тұр.
– Бұл өсімдіктердің барлығы біздің аймақтың ауа райына төзімді. Олар аязға да, күннің ыстығына да шыдайды. Сонымен қатар, бұл өсімдіктердің көбі күтімді көп қажет етпейді, сәндік тұрғыда да өте әдемі. Сондықтан оларды қала көшелерінде немесе саябақтарда отырғызуға әбден болады, – дейді биолог.
Тұрғындар табиғи сұлулықты бағалап қана қоймай, мұндай жасыл кеңістіктерде серуендеп, демалып, балаларымен уақыт өткізуге мүмкіндік алады. Әсіресе зейнеткерлер мен жас аналар үшін бұл жайлы, тыныш, экологиялық таза орындарға айналып отыр.
– Бұрын бұл жер бос жатқан, ал қазір мұнда әдемі өсімдіктер отырғызылып, нағыз тыныш демалыс орнына айналды. Балаларыммен күнде осында келеміз, – дейді қала тұрғыны Айгүл Әбдірахманова.
Көптеген тұрғындар қаланың бұлайша көркейіп, табиғатқа жақындай түскеніне қуанышты. Олар осындай бастамалардың көбеюін қалайды, әрі өз аулаларында да осындай жобалардың жүзеге асуын армандайды. Жасыл қала – бұл тек әкімдік жұмысының нәтижесі емес, сонымен бірге тұрғындардың да ортақ игілігі. Ал адамдар өз ортасына ұқыппен қарағанда, қаламыз одан әрі гүлдене түспек.
Рокарийлердің жобасын жасап, іске асырып жүрген — 2022 жылдан бері қалада жұмыс істеп келе жатқан мердігер ұйым. «ЦентрСад» ЖШС ұйымы өкілі бұл жұмыстың қалай жүзеге асатынын және әрбір гүл композициясына қандай мән берілетінін айтып берді.
— Шүкір, қазір жұрт мақтап жатыр. Бұрын үнемі сын айтылып жататын. Соңғы екі жылда жақсы пікірлер көбейді. Біз жобаларды тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасымен, қала әкімдігімен бірге жасап, жүзеге асырамыз. Әр айналма жол, әр гүлзар өзінше ерекше болсын дейміз. Бір жерде — альпілік төбе, бір жерде — қылқан жапырақты бұталар мен гүлдер, — дейді мердігер Станислав Желтов.
Мердігердің айтуынша, әр рокарийдің артында — дизайнерлер, агрономдар және құрылысшылардың еңбегі жатыр. Алдымен ауа райы мен жер жағдайына сәйкес өсімдіктер таңдалады. Сосын схема жасалып, егжей-тегжейлі жоспарланады. Құрылымда табиғи материалдар қолданылады: өзен галькасы, ақ түсті гранит қиыршығы, ағаш қабығы, тастар мен тау жыныстары.
– Қаланың әр бұрышында шағын табиғи оазис жасағымыз келеді. Адам өтіп бара жатып, сұлулықты, тыныштықты сезінсе дейміз. Бұл — қаланың жандануына ықпал етеді, – дейді мердігер.
Рокарийлерге отырғызылатын өсімдіктер — көпжылдық, қайта-қайта ауыстырудың қажеті жоқ. Олар сәндік бұталар, қылқан жапырақты ағаштар, оның ішінде можжевельник, таулы қарағай, гүлді шөптер. Барлығы — ауа райына төзімді, күтімді көп қажет етпейтін түрлер.
— Біз көктемде ғана емес, жазда, күзде және тіпті қыста да көз тартарлықтай болуын қалаймыз. Кейбір бұталар қыс бойы өзінің сәнін жоғалтпайды, – деп Станислав Желтов сөзін тамамдады.
Күтім мәселесі де назардан тыс қалмайды. Әр рокарийге жауапты жұмысшылар бекітілген. Кейбір жерлерде су автоматты жүйемен беріледі, ал кейде су таситын көлікпен суарылады. Жер қопсытылып, арамшөптер жұлынады, өсімдіктер тыңайтқышпен қоректендіріледі. Қалалықтар да бейжай емес. Бірі суретке түсіріп, желіде бөліссе, енді бірі пікір білдіріп жатады.
— Үйіміздің жанында жаңа рокарий пайда болды. Балалармен күнде кешке сонда барып серуендейміз. Ерекше, көркем, және күтімі жақсы екені байқалады. Осындай жерлер тек орталықта ғана емес, шалғай аудандарда да көбейсе екен. — дейді Алмагүл Нұртаева есімді тұрғын.
Рокарийлер — бұл жай ғана гүлзар емес, қалалық кеңістікті көркейтуге бағытталған кешенді шешім. Тас, өсімдік және дизайн үйлесімі Қостанайдың келбетін жаңаша қырынан ашып, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып отыр. Және де осы табиғи композициялар көпшілікті қуантуды жалғастыра беретініне сенім мол. Қаланы көгалдандыру үшін міндетті түрде көп қаражат қажет емес. Ең бастысы – қиял, ниет және ұқыптылық. Көгалдандыру жұмыстарын тек коммуналдық қызметке жүктемей, тұрғындар да белсенді атсалысуы керек. Ауланы көркейту – ортақ іс.
Бүгінгі таңда қала — бетон мен асфальт қана емес. Ол тірі организм сияқты – оған да тыныс алу үшін жасыл желек керек. Табиғат пен заманауи қаланың үйлесімі – болашақтың қаласына айналар қадам.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77