Қостанайда саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу жиыны өтті
Оған Қостанай облысы әкімі Архимед Мұхамбетов, Қостанай қаласының әкімі Қайрат Ахметов және билік өкілдері, репрессия құрбандарының балалары, жақындары, ҰОС ардагерлері, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері, жастар және БАҚ өкілдерді қатысты.
Өткен ғасырдағы қуғын-сүргін мен ашаршылық талайдың шаңырағын иіп, ғұмырының ғұрыпын бұзды. Қаншама ұлт зиялылары жазықсыз жаланың құрбаны болды. Ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері қайғы көрді.
Зұлмат заман құрбандарын еске алу жиыны бір минуттық үнсіздікпен басталып, облыс әкімі Архимед Мұхамбетов қаралы жиында сөз сөйледі.
– Әрбір мемлекеттің, елдің, соның ішінде егеменді Қазақстан тарихында қарқынды даму, шарықтау кезендерімен қоса зобалан кезендерде орын алған. Осыдан жиырма екі жыл бұрын ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл күнді «Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» деп жарлық етіп бекіткен болатын. Бұл, еріксіз жер аударылып, зансыз атылған, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған боздақтарымызды еске алу күні. Соның ішінде Алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов, Бейімбет Майлин, Елдес Омаров, Мағжан Жұмабаев, Ілияс Жансүгірів және өзгеде қазақтың зиялы тұлғалары жазықсыз атылып, қуғынға ұшырады.
Жалпы 1932-33 жылдары Қазақстанда 2 млн-нан астам адам қаза тапты. 600 мың қазақ ашаршылықтан құтыламыз деп туған жерін тастап кетуге мәжбүр болды. Соның ішінде көп қариялар мен жас балалар болды.
Сонда халқымыз қапа болды, ақсақалдарымыздан айырылуымыз алтын қазынамыздан айырылғанымыз, жастардан айырылумыз болашағымыздан айырылуымыз деп қайғырды. 100 мың адам қуғын-сүргінге ұшырап сотталса, 25 мың адам ату жазасына кесілді. Өмірде тарихтан сабақ алу деген қағидат бар.
Өткен тарих бұрын болған зұлматтарды қайталауға жол бермей, болашақта барша қиындықтан қорытынды жасауымыз керек. Алдағы уақытта қаралы жиында емес, жақсылықта, игі істің қасында жүздесейік, – деді облыс әкімі.
Жиында, кезінде жер қазақ даласына мәжбүрлі түрде жер аударылып келгендердің ұрпақтары сөз сөйледі. Олардың қазақ ұлтына деген алғыстары шексіз. Өздері жарымай отырып, жанашырлық танытқан қазақтарға құрметі зор.
Сондай-ақ қаралы жиынға жиылған қарттардың тілегі бір. Жас өсіп келе жатқан ұрпаққа бұндай зобаланды көрсетпесін. Тәуелсіз Қазақстан жастары жасампаз еліміздің жандану жолында қызмет етіп, тарихтан ой түйіп өсе екен дейді.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77