Кітапхана оқырмандары әлеуметтік желі арқылы өткен көрмеде құнды дүниелермен танысты
Н.Островский атындағы орталық қалалық кітапханасының қызметкерлері әлеуметтік желі арқылы Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында кітапханасының оқу залында жыл бойына «Рухани жаңғыру» атаулы кітап көрмесін ұйымдастырып, оқырмандар назарына ұсынып келеді.
Туған жерге, мәдениетіміз бен салт-дәстүрімізге, еліміздің қасиетті орындарына құрметпен сүйіспеншілікпен қарап, патриотизмге тәрбиелеу мақсатында ұйымдастырылған көрме 3 бөлімнен тұрады. Көрменің бірінші бөлімі «Туған өлке – тұнған тарих» деп аталады. Аталмыш бөлім біздің ата-бабамыздың мекені, Тобыл жағалауында орналасқан Қостанай облысының тарихы мен бүгіні жайлы сыр шертеді.
Сондай – ақ қаламыз жайында жазылған тарихи деректер туған өлкеміз туралы білгісі келетін оқырмандардың қызығушылығын арттырып, туған жерге деген сүйіспеншілігін оятады. Бұл бөлімдегі топтастырылып қойылған кітаптарға тоқтала кетсек. Назарларыңызға Қостанай, «Издательский дом» баспасынан 2016 жылы жарыққа шыққан Қостанай облысының 80 жылдығына арналған «Тарих парақтары» – тарихи-публицистикалық материалдар жинағы ұсынамыз. Кітапта облыстың құрылуы мен дамуы, заманауи экономикалық мүмкіндігі, рухани байланыс, мәдени саласы баяндалған. Авторлар қостанайлықтардың Ұлы Отан соғысы жылдары, тың игерудегі ерен еңбектерін жылы жүрекпен әңгімелеуге ұмтылды. Кітаптың құндылығы – облыстың атақ-даңқын шартарапқа асырған адамдар хақында. Кітапта архивтік құжаттар, фото – иллюстрациялар қолданылған.Тұтастай бір бөлігі аймақтың табиғи сұлулығына арналған. Сонымен қатар «Костанайский печатный двор» баспасынан 2004 жарыққа шыққан «Қостанай – тың планетасы» атты оқулығы да көпшіліктің қызығушылығын тудырып отыр.
Тың және тыңайған жерлерді игеру – бұл жиырмасыншы ғасырдағы бұрын әлем тарихында болмаған аса зор әлеуметтік-экономикалық жоба. «Қостанай – тың планетасы» атты кітапта облысымызда бұдан жарты ғасыр бұрын басталған тың игеру жорығына қатысқандар, бүкіл елімізге әйгілі тыңгерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ірі шаруашылық басшылары, басқа да түрлі мамандық иелері жүрек жарды ойларын ортаға салады. Кітап жалпы көпшілік оқырман қауымға арналады.
– Көрмеге қойылған кітаптардың барлығы мәнді де мағыналы. Оқырмандар көрмеге қойылған әдебиеттердің қаншалықты құнды екенін түсінеді. Әлеуметтік желі арқылы олардың бірқатары болашақта осы кітаптарды алып оқып шығуды ойлап жүргендерін де жеткізді, – дейді көрмені ұйымдастырушы, кітапханашы Шынар Маканова.
Аягөз КӘКІМЖАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77