Новости Образование

Студенттердің шәкіртақысы 25 пайызға өсті

Бұл жастарға білімге ден қойып, тек алға ұмтылуға серпін береді

Елімізде биыл мұғалімдердің жалақысымен қатар студенттердің шәкіртақысы да өсті. Нақтырақ айтатын болсақ, озат студенттерге төленетін шәкіртақы 25 пайызға көтерілді.

Атап айтар болсақ, бакалавриат студенттерінің стипендиясы – 20 949 теңгеден 26 186 теңгеге, интернатура озаттарынікі – 37 945 теңгеден 47 431 теңгеге, магистранттардікі – 53 530 теңгеден 66 913 теңгеге, докторанттардың шәкіртақысы – 81 998 теңгеден 102 498 теңгеге өсті. Колледж студенттері де назардан тыс қалмаған. Олардың айлық шәкіртақысы – 16 759 теңгеден 20 948 теңгеге ұлғайған.

Осы орайда Қостанай әлеуметтік-техникалық колледжінің студенті Алтынай Кәрімжанды сөзге тартқанымызда ол:

– Қазір студенттерге барлық жағдай жасалып жатырғанына қуаныштымын. 9 сыныптан кейін колледжге тегін оқуға түскенмін. Бір жылдан кейін оқуымды бітіремін. Осыған дейін де озат студент ретінде шәкіртақы алатын едім. Биыл шәкіртақым айтарлықтай өсті.
Мұндай өзгерістер біз сияқта жастарға білімге ден қойып, әрдайым алға ұмтылуға серпін береді. Енді бұл қаражатты күнделікті жолыма, керекті құрал-жабдықтарыма жұмсайтын боламын, – деді.

Жастарға жасалған қолау еліміздің жарқын болашағына деген қадам болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77