Социум

Суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтау қажет

Осы жылы өкінішке қарай суға кетіп қайтыс болудың бір жағдайы тіркелген

Жаздың ыстығында құмға қыздырынумен қатар салқын суға шомылу үшін облыс тұрғындары су айдындарына асығады. Өкініштісі, бірінші кезекте қауіпсіздік жайлы ойланбайды. Жас балалардың суға шомыла білмеуі, адамдардың суда қауіпсіздік шараларын орындамауы орны толмас қайғы мен келеңсіз оқиғаға айналады.

Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметіне сәйкес, өткен жылы облыс су айдындарында суға шомылуға жабдықталмаған орындарда 20 адам суға батып кеткен, оның ішінде бесеуі балалар мен жасөспірімдер. Суда адамдардың қаза болуының негізгі себептері қауіпсіздік ережелерін өрескел бұзу, жабдықталмаған жерлерде шомылу, сондай-ақ балалардың ересектердің қарауынсыз су айдындарында болуы болып табылады.

Өкінішке қарай, осы жылы өткен демалыс күндері суда қаза болудың 1 жағдайы тіркелген. 23 мамыр күні Науырзым ауданы Қожа ауылында 9 жасар бала суға батып кетті. Алдын ала болжам бойынша бала ауылдың шетіндегі жасанды су қоймасының жанында ойнап, кейін шомылмақшы болған. Қазіргі таңда істің басқа да мән-жайлары анықталуда.

Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 20 наурызында су айдындарында адамдардың қаза болуының алдын алу мақсатында облыс әкімі орынбасарының төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі облыстық комиссияның отырысы өткен болатын. Онда күн тәртібі бойынша биылғы жылдың шомылу маусымында халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды. Отырыс қорытындысы бойынша судағы жазатайым оқиғалардың алдын алуға, жергілікті атқарушы органдарға, ТЖ департаментіне, полиция департаментіне және мүдделі ұйымдарға тиісті тапсырмалар берілді.

Суға шомылу кезеңіне дайындық, сондай–ақ облыс акваторияларында адамдардың қаза болуын болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің күштері мен құралдары ағымдағы жылдың 25 мамырынан бастап дайындыққа келтіріліп, суға түсуге жабдықталған 9 орынға су объектілерін патрульдеу ұйымдастырылды. Соның ішіне Қостанай қалалық жағажайы, «Махито» демалыс базасы, «Ақ – шаңырақ» демалыс базасы, Жітіқара қалалық жағажайы, Алтынсарин ауданы – «Жайлау КЗ» ЖШС демалыс базасы, «Селена» ЖШС демалыс базасы, «Сосновый бор» демалыс базасы, «Светофор» демалыс – «Достық» балаларды сауықтыру лагері кіреді.

Құтқарушылар шомылуға арналған ресми орындар акваториясының түптерін тексеруді, құтқару жабдықтарына тексеру жүргізуді, судағы қауіпсіздік шаралары туралы ақпараттық стендтерді орнатуды, жүзудің шекарасын, қоршау белгілерін орнатуды жоспарлауда. Сондай-ақ құтқару жасағының базасында қоғамдық құтқарушыларды оқыту ұйымдастырылды

Сонымен қатар білім басқармасы теңгерімінде жүзуді оқыту бассейні бар ұйымдармен меморандум жасасу бойынша жұмыс жүргізуде. Балаларды суда жүзуге жаппай оқыту мәселелері мамыр айында жазғы демалысты жоспарлаудағы облыстық семинар шеңберінде қарастырылды.

Бүгінде облыстың 18 жүзу бассейнінде жергілікті атқарушы органдар балаларды жүзуге үйрету үшін шаралар қолдануда. Құтқарушылар біршама жұмыстарды атқарғанымен, тұрғындар да қауіпсіздік ережесін назардан тыс қалдырмауы тиіс.

Аяулым ЖАҢБЫРШЫҚЫЗЫ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77