Облыстық тілдерді дамыту басқармасының брифингі өтті
Қостанай облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырған брифинг болып өтті. Онда тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы жан-жақты баяндалды.
Брифингте облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова өңірімізде тілдерді оқыту барысында жұмсалған қаржы мен жұмыс барысында қол жеткізген көрсеткіштерге кеңінен тоқталды.
Атап айтар болсақ, облыста тіл саясатына үш жылдың ішінде 723 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген (2017 жылы – 211,9 млн теңге, 2018 жылы -246,9 млн теңге, 2019 жылы – 265 млн теңге).
Бөлінген қаражат азаматтарға тілдерді оқытуға, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға арналған іс-шараларды өткізуге бағытталған. Үстіміздегі жылғы қаржыландыру көлемі 298 млн теңгеге дейін жетіп, өсуі 11%- ды құрап отыр.
Сондай-ақ жүргізілген жұмыстардың көрсеткіші бойынша нәтижесінде, облыста жыл сайын тілдерді меңгерген тұрғындардың үлесі артып келеді. Мысалы, мемлекеттік тілден көрсеткіш 67 –ден 70%-ға дейін жетті (2018 жылы – 67%).
Сонымен қатар, бағдарламада көзделген «ағылшын тілін меңгерген тұрғындардың үлесі» (16%), «үш тілді меңгерген тұрғындардың үлесі» (15%), орындалған көрсеткіштер жерлестеріміздің тілдік капиталын одан әрі дамығанын дәлелдейді.
Облыстың мемлекеттік органдарында мемлекеттік тілдегі құжат айналымның үлесі Мәдениет және спорт министрлігі белгілеген межеге дейін жеттіп – 95%-ды құрап отыр.
Осы арада ерекше атап өтер тағы бір жай, жоғарыда айтылған көрсеткіштер мен индикаторларға қол жеткізу облыстағы 20 тілдерді оқыту орталықтардың кызметтеріне тікелей байланысты екендігі.
Олардың базасында соңғы үш жылда мемлекеттік тілді 18 мыңнан астам адам (2019ж.-6709), ағылшын тілін 5 мыңнан астам адам (2019ж.-1763), ана тілдерін 437 адам оқыды (2019ж.- 192). Соңғы үш жылда тілдерді оқыту аудан орталықтарымен қатар ауылдық округтерде де ұйымдастырылды. Өткен жылы 70 (барлығы 130, СНП – 529) ауылдық округта қазақ тілін – 1 767 адам, ағылшын тілін – 114 адам оқып шыққан.
2020 жылдың басынан орталықтарда 8 679 тыңдаушы тілдерді оқып үйренуде. Соның ішінде қазақ тілін – 6 603 адам, ағылшын тілін – 1 872 адам, ана тілдерін – 204 адам оқуда.
Бұл көрсеткіштердің жыл сайын өсуін көруге болады, сонымен, тіл үйренушілердің өсуі тілдерді меңгерген тұрғындар үлесінің артуына өз әсерін тигізеді.
Енді ономастика саласы бойынша айтатын болсақ, мұнда да жағымды өзгерістер орын алды. Соңғы үш жылдың ішінде 13 әлеуметтік-мәдени нысан, 7 ауылдық округ, 7 ауыл, 105 көше қайта аталды.
Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 24 маусымдағы №29 Жарлығымен Таран ауданы Бейімбет Майлин ауданы болып қайта атанды, 2020 жылдың 2 қаңтардағы №235 Жарлығымен Затобол кенті Тобыл деп қайта аталды. Бүгінде Республикада Ұлттық санаққа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осыған орай, барлық ономастикалық жұмыстар уақытша тоқтатылып отыр.
Брифингте аталмыш бастарманың басшысы тілдерді дамыту мақсатында қолданылып жатқан жаңа мемлекеттік бағдарламалар жайында баяндап өтті.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітілді (2019 жылғы 31 желтоқсан № 1045).
Оның мақсаты – қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу.
Бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу 4 нысаналы индикаторлармен өлшенетін болады:
1) латын графикалы әліпбиді пайдаланатын жазбаша коммуникацияға қатысушылар үлесі: 2022 жылы – 10 %, 2023 жылы – 20 %, 2024 жылы – 30%, 2025 жылы – 50 %;
2) мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесі: 2020ж. – 90,5 %, …., 2025 жылы – 95 %;
3) үш тілді (қазақ, орыс және ағылшын) меңгерген халықтың үлесі: 2020 жылы – 26%, …, 2025 жылы – 31%;
4) мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарындағы қазақтілді контенттің үлесі: 2020 жылы – 74 %, 2021 -75%, 2022-76, 2023 -77, 2024-78, 2025-79% ).
Осы көрсеткіштер арқылы облыстық тілдерді дамыту басқармасының жұмысының қарқынды жүріп жатқанын байқау қиын емес. Ең бастысы тұрғындарды өздері игерсем деген тілдерге оқыту сауатты жүргізіліп жатқаны көңіл қуантады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77