Міне, “Қала көшелері” жобамызды жүргізіп жатқанымызға бір жыл болып қалды. Келесі шығарылым Сырбай Мәуленов көшесі. Бұл қаламыздағы шағын көшелердің бірі, 33-ші үйге дейін ғана.
Қостанайда Сырбай Мәуленов есімімен аталған көше бар. Ол 2002 жылы ақынның 80 жылдық мерейтойында Индустриальная көшесі болып өзгертілді. Дегенмен, бұл көше мен гимназия оның есімімен аталса да, көптеген қостанайлықтар Мәуленовтың кім екенін нақты білмейді.
– Мен бұл көшеден жиі өтемін, бірақ Сырбай Мәуленовтың ақын болғанын білмеппін. Саяси қайраткер шығар деп ойлаған едім, – дейді Қостанай тұрғыны Айдар Т.
Ақын қайтыс болғаннан кейін оның есімі ел есінде қалуы үшін көптеген нысандарға берілді. Бүгінде Қостанай қаласында Сырбай Мәуленов атындағы гимназия, ал туған жері Торғай ауылында Сырбай Мәуленов атындағы мектеп бар. Мәуленов көшесі тек алты көшемен, Қарбышев, Орал, Владимир Комаров көшесімен, Құрылыс көшесімен, Леонид Беда көшесімен, Дощанов көшесіменқиылысады. Осыған қарап оның шағын ғана екенлігін көруге болады.
Қазіргі уақытта бұл көшеде тұрғын үйлер, дүкендер, қоғамдық тамақтану орындары және 1962 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ірі нан зауыты орналасқан. Күн сайын мұнда 10 мыңға жуық нан-тоқаш өнімі дайындалып, қала мен облыс аудандарына жеткізіледі. Сондай-ақ, мұнда Қостанай облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті (ДГД), сондай-ақ бұрынғы “Дом печати” ғимараты орналасқан. Бұл аудан халық арасында “Дом печати” атауымен танымал.
Бұрын бұл көшеде жол сапасына қатысты айтарлықтай мәселелер болған. Тұрғындар асфальттың тозып, шұрық-тесік болып қалғанын, жаңбырлы күндері судың жиналып, жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысына кедергі келтіретінін жиі айтып жүрді. Алайда соңғы жылдары көше жолдары ретке келтіріліп, асфальт жаңартылды. Жол белгілері орнатылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолақтар да жаңадан салынды. Қазір бұл көшеде көлік қатынасы әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз.
Алайда бұл көшеде мәселелі аймақтар да бар. №17 үйдің жағдайы сын көтермейді, жергілікті тұрғындар оның апатты жағдайда тұрғанын айтады.
– Бұл үй ескі, құлайын деп тұр. Осы маңда тұратындықтан, бізге қауіп төнбесе екен деп алаңдаймыз, – дейді Гүлмира С.
Бұдан бөлек, көшеде бірнеше жыл бойы қаңырап бос тұрған, айналасы қоқысқа толған ғимарат болған. Жергілікті тұрғындар жағымсыз иіс, жиналған қоқыс пен балалар үшін қауіпті орта туралы шағымданған. 2024 жылы ғимаратты «Олэйт Кампани» жеке кәсіпорны сатып алып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлаған. Оған қоса оны 2024 жылы күз айында бітіретіндігін айтқан. Алайда, қазіргі уақытта тек қоршап қойғандығын, ал ғимараттың сол күйі тұрғандығын байқадық.
Сырбай Мәуленов көшесі 20 жылдан астам уақыт бұрын пайда болғанымен, ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы көпшілік аз біледі. Көше бойында ақпараттық тақталар, ескерткіш белгілер орнатылса немесе әдеби шаралар ұйымдастырылса, бұл олқылықтың орны толар еді. Себебі есімді білу – бір бөлек, оның мағынасын түсіну – мүлде басқа нәрсе.
Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77