Темерхан Қайралапов 30 жылдан бері механизатор болып еңбек етіп келеді
Ертеде ауылдық жерде мәртебелі мамандықтың бірі – механизатор болатын. Қай мезгілде де, қызу жұмыспен жүретін тракторшының еңбегі ерекше саналады. Сондай жандардың бірі, жасынан тарактор тізгіндеген, бүгінде «Қостанай-су» кәсіпорнының белді механизаторына айналған Темерхан Қайралапов.
Ол Қостанай облысының Қарасау ауданына қарасты Аманкелді савхозында дүниеге келген. Аудан орталығынан 1979-1982 жылдар аралығында орта кәсіптік техникалық-училищесін тәмамдайды. Одан екі жіл әскерде болып, келген соң савхозда механизатор болып қызмет жолын бастаған.
– Жас күнімізден еңбекке ерте араласып, істін жанынан табылуға тырыстық. Техника рөліне отырғалы, таңнан кешке дейін тыным таппай шаруада болдық. Көбіне егіс басындағы істерді атқардым. Жер жыртып, дән сеуіп, ондағы егін-терін жиналғанға дейін шаруа тоқтамайтын, – дейді білікті механизатор Темерхан Анварбекұлы.
Ағамыз туған өлкесінде осы бағыттағы қызметтен қол үзген емес. 1989-2005 жылдар аралығында ауыр техникаларды да жүргізген.
– Отбасымызбен ақылдаса келе 2005 жылы Қостанай қаласына көшіп келдік. Осында келген соң, «Қостанай-су» кәсіпорнына механизатор болып орналастым. Алғашқы жылдары жер қазатын арнайы техниканың тізгініне отырдым. Апат болған жерлерге барып, анықтау үшін жерді қазып беру менің міндетім еді. Қыс мезгілінде жер тоң болып қатып жатады, сол уақытта мен көмекке барамын, – деп өзін жалғады Темерхан.
Жер қазатын техникада 13 жыл жұмыс жасаған Темерхан ағамыз, қазір мекемедегі бес К–700 техникасының бірін жүргізеді. Басты міндеттерінің бірі қажетті жерге дер кезінде экскаватор болмаса өзге де, техникаларды жүк тиегішке артып алып жеткізу. Оның сыртында құбырларды, қажетті ауыр құрылғылар мен құралдарды Темерханның көмегімен апарады.
– Биыл осы мекемеде қызмет етіп жүргеніме 16 жыл толмақ. Мекемеге разымыз. Еңбегімізді еш қалдырмайды. Мереке кездерінде сый-сияпаттан құр қалып жатқанымыз жоқ. Жанымдағы серік жолдастарымда жайлы. Бәрі шетінен білікті мамандар, – дейді Темерхан Қайралап.
Ағамыздың қыз баласы Зарина Темерханқызы да «Қостанай-су» мекемесінде қызмет атқарады екен. Зарина абонент бөлімінде қаладағы мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Ағамыз жұбайы екеуі бүгінде екі немеренің ата-әжесі.
Темерхан ағамыздың серігі Айдархан Ғалымов та механизатор. Ол мұнда жұмысқа былтыр қабылданған.
– Былтыр жұмысқа қабылданған сәттен бастап Темерханды танимын, кейін жақсы араласып кеттік. Жақсы жолдас, көрші тұрғандықтан отбасымен де араласамыз. Адамгершілігі мол, қол қайырымы зор азамат. Жұмыс бабында өзін жаман жағынан танытқан емес. Тәжірибесі бар, осы мекеменің өзінде 15 жылдан аса қызмет атқаруда. Айналасындағы жігіттерге жөн сілтеп жүреді. Белді механизаторлардың бірі, – дейді серігі, механизатор Айдарбек Ғалымов.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77