Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде көлік терезесінен шынтақты шығарғаны үшін айыппұл салынады деген ақпарат тарауда.
Бұл шындыққа қаншалықты сәйкес келеді? Біз бұл сұрақты Қостанай облысы Полиция департаментінің әкімшілік практика бөлімінің бастығы, полиция майоры Қайрат Кеншимбаевтан сұрап білдік.
Оның айтуынша, шынтақ немесе қолды терезеден шығарудың өзі заңбұзушылық болып есептелмейді. Айыппұл салынатын жағдай — егер адам көліктен денесімен толықтай шықса, мысалы, терезеден немесе люктен басын немесе жартылай денесін шығарса, бұл жолда қауіптілік тудырып, жарақат алу қаупіне әкеледі.
— Шынтақ немесе қолды терезеден шығарғаны үшін айыппұл қарастырылмаған. Бірақ адам люк немесе терезе арқылы көліктен денесімен шықса — бұл жарақат алу қаупі бар әрекет, яғни құқықбұзушылық. Мұндай жағдайда хаттама толтырылады, — деп түсіндірді Қайрат Кеншимбаев.
Оның сөзінше, Қостанай облысында бұл заң күшіне енгеннен бері мұндай жағдай тіркелмеген.
Аталған ереже Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабында көзделген. Өзгеріс 2025 жылғы 13 наурызда күшіне енген. Бұл бап бойынша 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде айыппұл белгіленген, яғни бүгінгі таңда бұл — 38 190 теңге.
Қорытындылай келе, көлік терезесіне шынтақ қойып отыру — заңбұзушылық емес, бірақ денені толықтай көліктен шығару — тыйым салынған әрі қауіпті.
Аяжан СЕРІК, суретті ЖИ жасады
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77