«Тігіншілік — менің сүйікті кәсібім»

деп сыр шертеді өз ісінің нағыз шебері Галина Овсянникова

Менің бүгінгі кейіпкерім Галина Овсянникова бала кезден тігіншілікке жақын болды. Өйткені, оның анасы да осы кәсіпті жетік меңгерген кісі.

«Шеше көрген тон пішер» деп бекер айтылмаса керек. Сол кішкентайынан анасының жанында отырып, көп жайға қаныққан Галина өсе келе яғни 8 сыныпта оқып жүрген шақта болашақта тігінші болсам деп армандайтын.

Тұлымы желбіреген елгезек қыздың таудай талабына айналасындағылар таңданыстарын білдіретін. Өйткені, ол әлі мектеп оқушысы болса да он саусағынан өнері тамған ісмер еді.

Содан бері де талай жылдар артта қалды. Білікті тігінші атанған Галина бүгінде облыс орталығындағы «Көк» базардағы Север сауда үйінің ішінен өзінің жеке ательесін ашып, содан өзінің күнделікті напақасын тауып жүр.

Адам баласы шын мәнінде үлкен мақсат қойып, соған талпынатын болса алынбайтын асу, көтерілмейтін биік жоқ екен. Бұған қарапайым ғана мамандық иесінің өткен өмір жолы айқын дәлел.

Кімді болсын бауырым деп есептейтін жаны жайсаң, көңілі дархан замандасымыз үнемі тыңғылықты ізденістің арқасында әу баста қалаған кәсібінің нағыз шебері болып қалыптасты.

Мінезі ашық-жарқын болғандықтан да шығар, оған жастар да тапсырыс берушілер де жеткілікті. Оның сөзіне қарағанда, келушілердің басым көпшілігі балаларына жаңа жылдақ және спорттық костюмдерді тігіп беруін сұрайды.

Әмбебап маман екі сөзге келмей олардың тапсырыстарын дер кезінде әрі сапалы орындайды. Қала тұрғындарының арасында оны „Қолы шебер Галина„ деп атап кеткен.

Ол мұндай құрметке әбден лайықты. Жұмыстан қолы бос кездің бәрін де мамандығын шыңдауға, тігін мәселесіндегі жаңалықтарға ден қоюға арнайды. Өздеріңіз білесіздер талпыныс пен құлшыныстың нәтижесі халықтың оған деген қардай жауып жататын шын көңілден шыққан алғысы.

Галинаның біліктілігі мен талғампаздығы, шеберлігі соншалықты тапсырыс берушілердің арасында қыс айларында мұз айдынында мәнерлеп сырғанайтын ұл мен қыздарына лайықталған киім тіктіру үшін де келетіндер аз емес.

Сондықтан да оған үлкен сенім артып, кейін оған ризашылықтарын білдіріп жататындар жеткілікті екендігіне осы жолы өзімен кездесіп, сұхбат алу барысында көзім айқын жетті.

Онымен әңгімелеске кезімізде барысында оның уақыттың қадірін білетіндігін де сезіндім. Себебі, осы кезде тапсырыс берушілер де кезек күтіп қалған еді.

Әйел бақыты дегенді осы тігіншінің ғұмырынан да әбден түюге болады. Мәселен, ол күндіз жұмыста болса, жанұясында қарапайым ғана әйел. Отағасына қамқор жар, балаларына сүйікті ана.

Шындап ойланып көрсек, жүрегі нәзік жандардың тіршіліктегі қуанышы шаңырақтағы жарасымды өмірлері емес пе. Сол себептен де ол қашан да отбасының берекесін, ынтымағын ұрпақтарының келешегін ойлайды.

Галинада жыл он екі ай тыным жоқ. Міне, жаңа жылға да санаулы айлар қалды. Сол мерекеге байланысты тапсырыс берушілер қатары да арта түсетіндігі белгілі.

Оның алдына қойған басты мақсаты шеберлігін барынша ұштай түсіп, алдағы уақытта да жерлестерімізді қуанышқа бөлеп, олардың тапсырыстарын дер кезінде әрі сапалы орындау.

Өз саласының білгірі бізбен әңгіме кезінде өзгелерге өнеге боларлық көп жайды баяндады. Қолы шебер маманның сөзіне сүйенсек, тәуелсіз еліміздің әрбір азаматы өз қызметінің майталманы атанып, мемлекетіміздің әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына қосылуына өздерінің лайықты үлестерін қосулары керек.

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись