События

Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің қызметкерлері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды

Онда олар 30 мүгедек отбасыға азық-түлік таратты

Елімізде ғана емес әлем бойынша адамға үлкен қауіп тудырып тұрған індеттің алдын алу мақсатында өңірімізде 17 сәуірден бастап карантин жарияланған болатын. Бұл көптеген кәсіпорындарда, мекемелерде жұмыс тоқтап, мамандардың үйде отырғанын білдіреді.

Белгілі тұрақты табысынан айрылған жандарға көмек қолын созуда мешіт қызметкерлері бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, әрдайым ұйымшылдықтарын танытып келе жатқаны жасырын емес.

Міне, осы ретте Қостанай қаласымен іргелес жатқан Тобыл қаласындағы «Маңдай батыр» мешітінің ұжымы қайырымдылық мақсатта қыруар істер тындырып, көпшіліктің ризашылығына бөленуде.

Асылхан қажы Түсіпбек басқаратын киелі орын қызметкерлері әрдайым «Алтын алма, алғыс ал» деген аталы сөзді үнемі басшылыққа алып отырады.

Осы сөзіміздің нақты айғағы ретінде жуырда аталмыш мешіт қызметкерлері «Біз біргеміз» атты акция бойынша 30 мүгедек отбасыға азық-түлік таратып мақалға сай әрекет жасады.
Сөйтіп, олар қайырымдылықтың нағыз жарқын үлгісін көрсетті. Ал көмек алған отбасылар мешіттердің бұл шараларына алғыстарын айтты.

Облыстық мешіттің аппарат басшысы Қанат Орынтайдың айтуына қарағанда, елдің басына іс түскенде ерлердің батырлық танытып жатқаны көз қуантады. Облысымызға қарасты барлық аймақтардың мешіттерінің қызметкерлері осы індет белең алған кезден бастап, ауызбіршілік танытып, көмекке зәру жандарды назардан тыс қалдырған емес.

Қайырымдылық ұлы іс екені анық. Сондықтан қай кезде де пендеге жасаған қайырымымыз Алладан қайтатынын ұмытпайық.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77