Правопорядок

Тыныштық күзетінде тұрғандардың бірі

Жыл сайын 23 маусымда Қазақстанда полиция күні атап өтіледі — бұл заң мен тәртіпті, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жандардың кәсіби мерекесі.

Биыл біз үшін полиция қызметі жай ғана жұмыс емес, өмірлік миссияға айналған жан туралы айтқымыз келеді. Айгүл Ерадилова — Қостанай облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкері. Ол бұл салада 17 жылдан бері еңбек етіп, өзінің кәсібінің нағыз маманы және көптеген адамдар үшін үлгі бола білді.

Айгүл Кабеновна полицияға 2008 жылы құрбысының шақыруымен келген. Ол кезде оның филология, тарих және құқық салалары бойынша үш жоғары білімі болған. Бұған дейін мектеп пен колледжде оқытушы болып жұмыс істеген. Дегенмен дәл осы кезде «Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы» деп аталған құрылымда қызмет ету оның өмірлік жолына айналды. Жылдар өте келе ол былай дейді:

— Бұл сөз тым қарапайым естілсе де, мен өз жұмысымды шын жүректен жақсы көремін. Жұмысқа жан-тәніммен келемін. Біздің алдын алу шараларымыз қызықты, шынайы, есте қаларлықтай болуға тиіс деп есептеймін. Өйткені бұл — нақты адамдардың, әсіресе жастардың тағдыры.

Айгүл Кабеновна өз жұмысында есірткі қылмысының ең қараңғы қырларымен бетпе-бет келеді. Оның айтуынша, бүгінде нарықты синтетикалық заттар, әсіресе мифедрон жаулап алған:

— Бұл жай ғана “жаңа есірткі” емес. Бұл — өте улы, ауыр зат. Тәуелділік бір-екі рет қолданғаннан кейін-ақ пайда болады. Ол арнайы жерасты зертханаларында жастарды бірден “байлап тастау” үшін шығарылады. Оны шегеді, яғни ине жоқ, бәрі “қауіпсіз” сияқты. Бірақ бұл — нағыз өтірік. Бұл — есірткі сатушылардың таратып жүрген жалған ақпараты.

Айгүл Кабеновна жұмыс істейтін басқарма үш бағытта қызмет атқарады. Біріншісі — жедел жұмыс: қылмыстық схемаларды анықтау, ұйымдастырушыларды табу. Екіншісі — мониторинг және талдау. Үшіншісі — үгіт-насихат және алдын алу жұмысы, осы бағытқа Айгүл Кабеновна өзі жауапты.

— Біз мектеп оқушыларымен, колледж бен ЖОО студенттерімен жұмыс істейміз. Есірткіні қолдану, сақтау және тарату — қылмыстық жауапкершілік екенін түсіндіреміз. Фильмдер, бейнероликтер көрсетеміз, сотталған — бұрынғы студенттермен телекөпір ұйымдастырамыз. Мұндай кездесулер жай қағаздағы дәрістен әлдеқайда әсерлі өтеді.

2023 жылдың қыркүйегінде өткен бір іс-шара Айгүл Кабеновнаның есінде ерекше сақталған:

— Біз университетте сот процесін өткіздік. Екі студент қызға үкім жарияланды — олар есірткі таратқаны үшін 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. Залда 500 студент отырды. Бұл өте ауыр әрі әсерлі сәт болды. Иә, жаза ауыр, бірақ олар бұл жолды өз еріктерімен таңдады — оңай ақша үшін. Өте өкінішті. Бәрі басқаша болуы мүмкін еді.

Айгүл Кабеновнаның айтуынша, қылмысты тоқтату ғана емес, оны болдырмау да маңызды. Ал ол үшін жастарға жақын болып, олармен бір тілде сөйлесу қажет.

— Біз облыс әкімдігімен бірлесе отырып, әлеуметтік роликтер түсіреміз, брошюралар таратамыз. Велошерулерге, форумдар мен фестивальдерге қатысамыз. Біздің ІТ-мамандар интернет арқылы есірткінің қозғалысын бақылап, схемаларды, байланыстарды талдайды, “курьерлер” мен “жасырып кетушілерді” дер кезінде анықтайды.

— Әрине, бұл — оңай жұмыс емес. Кейде өз балама да уақыт таппай қаламын — қызым қазір бес жаста. Бірақ мен бұл саланы саналы түрде таңдадым. Полиция қызметі — бұл 24/7 режимі. Қажет болса — таңғы бесте келесің. Қажет болса — түнгі екіге дейін қаласың. Бұл — қызмет. Бұл — жауапкершілік. Бұл — таңдау.

Мотивацияны қалай сақтайсыз деген сұраққа ол былай жауап береді:

— Жұмысыңа деген махаббат. Адалдық. Ар-ождан. Кәсібилік. Ең бастысы — жұмысың саған қуаныш пен мағына сыйлауы қажет. Сен жұмысқа “зорлықпен” емес, шын ықыласпен баруың керек.

Сұхбат соңында Айгүл Кабеновна осы жолды енді ғана таңдаған жастарға былай дейді:

— Егер бұл мамандықтың сіздікі екеніне сенімді болсаңыз — жүріңіз. Бірақ жұмыс уақыты шектеусіз болатынына, үлкен жауапкершілік күтетініне және өзіңізді толықтай арнауға дайын болыңыз. Сонда бұл қызмет сіз үшін жай жұмыс емес, өмірлік ісіңізге айналады.

Полиция күні қарсаңында еліміздің заң мен тәртіпті қорғап жүрген барша қызметкерлеріне алғыс айтқымыз келеді. Айгүл Ерадилова сынды жандар — адал, мейірімді, әділ және батыл. Еңбектеріңіз еленіп, талпыныстарыңыз нәтижелі болғай — құтқарылған өмірлер мен аман қалған тағдырлар арқылы.

Мариям СЕРГАЗИНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77