Социум

Қымбат НАҒАШЫБАЙ: “Мүмкін, айыппұл мәдениеттілікке үйретер”

Әрбір қаланың мәдениеті мен келбетін оның халқынан көруге болады. Соның ішінде қоғамдық орын болып саналатын күнделікті маршруттағы автобустарының ішінде де тәртіп, мәдениеттілік бірінші орында болуы керек.

Күнделікті жүріп-тұратын жүргіншілерге белгілі болғандай қостанайлықтардың да мәдениеттен жұрдай болып бара жатқанына қарап отырып қарының ашады. Әрине, көпшілікке топырақ шашудан аулақпыз.

Көрген көзде жазық жоқ дегендей көшедегі маршруттарға міне қалсаңыз болды телефон арқылы бар дауысымен айқайлап сөйлесіп келе жатқан егде жастағы жандарды бірден көзің шалады. Әңгімесін бір-екі ауыз сөзбен ғана қайырып қана қойса болғаны ғой. Тіпті бір оқиғаны бастан аяқ баяндап келеді. Әлгі апайдың сөзін тыңдамайын десең де дауысы құлағыңды жарып барады. Бұл бір ғана мысал. Тіпті соңғы кезде жастар ғой деп айтуға аузың бармайтын алпысты алқымдаған ата-апаларымыз телефон арқылы ғаламтордан түрлі видеороликтерді бар дауысына қосып қойып көріп келе жатқанына да куә болып жүрміз. Жанында жас отыр, бала отыр немесе қоғамдық орында келе жатырмын-ау деп қымсынбайды да.

Жанымдағыларға кедергі келтіріп отырғаным жоқ па? деген ой да келмейтін де сияқты. Тіпті бір автобуста келе жатқан бір топ адамның сол бір сәттегі әрбірінің тағдыры мен басындағы жағдайы да әртүрлі болуы мүмкін. Сондықтан қандай жағдай болмасын қоғамдық орындарда тыныштық сақтап, бір сәт болса да мәдениеттілігімізді таныта білген жөн болар деп санаймын. Бұл жерде тек адамдардың түрлі қылықтары ғана баяндалып отыр. Ал, лық толы автобуста жастардың егде жастағы жандарға немесе балалы, аяғы ауыр аналарға орын бермеуі тіпті бөлек әңгіме. Қарап отырсаң, үлкендер тарапынан осындай мәдениетсіздікті көрген жастарымызға не деп ақыл айтамыз. Кей жағдайда біздің қаламызда да ішімдікке сылқия тойып алған бірнеше адам автобустың артқы жағына отырып алып жолай жолаушыларға кедергі келтіріп жатады. Ауыздарынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан оларға қарсы сөз айтып, тыныштық сақтауларын сұрауға екінің бірінің батылы бара бермейді. Ешкім де сау басына сақина тілеп алғылары жоқ. Осындайды көргенде былтырғы жылы Алматы қаласында орын алған жан түршігерлік оқиға ойға оралады. Автобусқа ішімдік ішіп алып мінген жолаушы жүргізушіні соққыға жығып, соның салдарынан рөлге ие бола алмаған жүргізуші аялдамадағы тұрған адамдарды соғып кетуі өткен жылдың соңында Алматы қаласында орын алғаны да естеріңізде болар.

Міне, осының бәрі бір сөзбен айтқанда қоғамдық орындағы тәртіпсіздік пен мәдениеттіліктің жоқтығынан орын алады. Сөзіміздің тоқ етері қаламыздағы қоғамдық көліктерде де бір мезгіл тәртіп сақшылары мен құзырлы орган өкілдері рейд жүргізіп тұрса дейміз. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей мүмкін, айыппұл халықты тәртіп пен мәдениеттілікке үйретер деген үміттеміз.

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77