В ритме города

Жұмыстың жеңілі болмайды

Өз міндетіне үлкен жауапкершілікпен қарайды

«Саналы да ерікті еңбек қана адамды бақытқа кенелтеді» демекші, қарап отырсақ бүгін де қарапайым жұмыс істеп, өз бақытын тауып жүргендер қаншама. Міне, осындай жандардың ішінде менің бүгінгі кейіпкерім Айдархан Жабаев та бар.

Ол Федоров ауданына қарасты Кеңарал ауылында 1965 жылы қарапайым да көп балалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Аңсаған тракторшы болған кісі. Ал анасы Күлтай мектепте еден жуушы болып жұмыс істеген. Өздері он ағайынды.

Ата-анасы қарапайым кісілер болса да балаларының білімді болуына ерекше көңіл бөлген. Оларды кішкентайынан еңбекке баулып, әрқайсысына өзінің таңдаған мамандығын игеріп шығуға көмектескен екен. Сондан болар, Айдархан Аңсағанұлының бауырларының ішінде білікті дәрігер де ұлағатты ұстаз да кездеседі.
Еңбекке жақын, талапты Айдархан Жабаев өзінің туған ауылындағы мектеп бітіріп, қазіргі Қарабалық ауданындағы техникумда агроном мамандығын меңгереді.

Ең алғаш еңбек жолын 23 жасында өзінің туған өлкесі Кеңаралда егіс алқабында механизатор болып бастайды. Осында көптеген жылдар қатарынан абыройлы қызмет етеді.
Қостанай шаһарына 2003 жылы қоныс аударып, 2005 жылы Қостанай жылыту энергетикалық компаниясына слесарь болып жұмысқа орналасады. Мұнда жылу құбырларын тексеріп, электр дәнекерлеушінің көмекшісі болады.

Қатарынан 15 жыл слесарь болған Айдархан Аңсағанұлынан сол кезде жұмысыңыз өзіңізге ұнады ма, қиын болған жоқ па деп сұрағанымызда, ол:

– Жұмыстың жеңілі болмайды ғой. Слесарь болып жүргенде қаншама қиындықтар кездесті. Бірақ бір кісідей еңбек еттім. Ешқашан қиындықтан қашқан емеспін. Көп жыл жұмыс істегеннен кейін адам өзінің міндетіне төселіп алады ғой, – деді.

Үстіміздегі жылдың сәуір айынан бастап Айдархан Аңсағанұлы аталмыш компанияда денсаулығына байланысты күзетшілік жұмысына ауыстырылыпты. Мұнда да ол үлкен жауапкершілікті сезініп, өз ісіне қырағылық танытып отыр. Біз ол кісінің бүгін де атқарып жатқан жұмысының бір күні жайында айтып беруін өтінгенімізде:

– Алдымен жұмысқа келгенде кезекшілікті қабылдап аламын. Күзетшінің жұмысы өте жауапты. Мен осы компанияға қатысты ғимараттың жанындағы қойманы, аулада тұрған заттарды, ғимараттың ішіндегі техникалық құралдарды күзетемін.

Сонымен қатар қызметкерлер жұмысқа келгенде оларға кабинеттердің кілтін беремін, сырттан келген адамдарды журналға тізімге аламын. Міне, осындай менің жауапкершілігіме берілген жұмыстарды атқарамын. Әрдайым жұмыс орнынан табыламын, – дейді ол.

Осылайша адал еңбекпен нанын тауып, әрдайым жұмысына үлкен жауапкершілікпен қарайтын абзал жан жары Әсия екеуі Баян және Бекзат есімді балаларына тәлімді тәрбие беріп өсірді. Олар ата-анасынан үлгі алып адамгершілігі мол ақылды да білімді болып қалыптасты.

Айдархан Аңсағанұлы кезекшілігін өткізіп, демалысы келгенде немересі Оэлумді құштаралана сүйіп, мауқын басып, шаршағанын ұмытады. Ол бүгін де баладан немере тәтті болатынын ұққан. Қайда жүрседе сол кішкентай немересін сағынады. Жұмыстан қолы бос кездері немересін ойнатады.

– Мен қарапайым еңбектен бақытымды тапқан жанмын. Өмірде өзіме берілген міндетті үлкен жауапкершілікпен соңына дейін атқарып келемін. Жұмысыма жүрдім-бардым қарауды білмеймін. Менің бойыма осы қасиетті әкем кішкентайымнан қалыптастырды. Ол маған әрдайым «балам міндетіңе алған жұмысты аяғына дейін толық, жоғары деңгейде орындауың керек, сонда ғана жан-жағыңдағыларға сыйлы боласың» дейтін еді. Міне, қазір өзім әке тіпті ата болып отырсам да әкемнің берген ақылымен ғұмыр кешіп келемін, – дейді ол.

Қазақта «Еңбек түбі береке» деп бекер айтылмаса керек. Қарапайым жұмыс істеп, еңбегінің берекесін көріп жүрген жандардың әрдайым абыройы үстем болғай.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77