Қазіргі таңда жастар арасында да түрлі қауіпті аурулар көбейіп келеді. Бұрын тек егде жастағыларға тән деп есептелген жүрек-қан тамырлары аурулары, диабет, онкология, зат алмасу бұзылыстары, гормоналды өзгерістер тіпті 20-30 жас аралығындағы адамдарда жиі анықталуда.
Өкінішке қарай, мемлекеттік скринингтік бағдарламалар 40 жастан кейін ғана қолжетімді, ал жастарға арналған міндетті алдын алу тексерулері қарастырылмаған.
Сондықтан, чекап – денсаулықты бақылаудың ең қолжетімді әрі тиімді жолдарының бірі. Егер адам өзін жақсы сезінсе де, ағзада жасырын аурулар болуы мүмкін. Әсіресе, тұқым қуалайтын аурулары бар, жұмысы күйзеліспен байланысты немесе экологиясы нашар аймақта тұратын адамдарға чекаптан өту өте маңызды.
Скрининг жайында
Скрининг – белгілі бір жастағы дені сау адамдарды аурулардың алдын алу және ерте сатысында анықтау мақсатында жүргізілетін медициналық тексеру. Бұл тексеру ауруды ерте кезеңде анықтап, тиімді ем тағайындауға және алдын алу шараларын жүргізуге мүмкіндік береді.
– Скрининг екі жас санаты бойынша жүргізіледі. Балалар (0-18 жас). Олар жыл сайын профилактикалық тексеруден өтеді. Балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары және колледж, ЖОО студенттерін медициналық бригада оқу орындарында тексереді. Ал үйде тәрбиеленетін балалар үшін скрининг емханада жүргізіледі.Ересектер (30-70 жас). Тексеру ешқандай белгілер болмаған жағдайда да жүргізіледі, – дейді Қостанай қаласындағы екінші поликлиника маманы.
Скрининг тегін, оны міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) қоры қаржыландырады. Өту үшін тіркелген емханаға жеке куәлікпен бару қажет. Ересектерге арналған скринингтік тексерулер келесі ауруларды ерте анықтауға бағытталған. Жүрек-қантамыр жүйесі аурулары (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы), қант диабеті (ерлер мен әйелдерге), глаукома (40-70 жас аралығында), онкологиялық аурулар (сүт безі, жатыр мойны, тоқ ішек, өңеш, асқазан, бауыр, қуықасты безі ісіктері), В және С гепатиті (тәуекел тобына кіретіндерге).
Скрининг қалай өтеді?
Пациент анкеталық тексеруден өтіп, бойы мен салмағы өлшенеді, қан қысымы мен көз ішіндегі қысым тексеріледі. Сондай-ақ, қан құрамындағы қант пен холестерин деңгейі анықталады. Қажет болған жағдайда дәрігер қосымша тексеруге жолдама береді.
Тексеруден кейін азаматтар денсаулық жағдайына байланысты топтарға бөлінеді. 1А тобы – толық сау адамдар, 1Б тобы – қауіп факторлары бар, бірақ ауруы анықталмағандар, 2 тобы – бұрын ауырған, бірақ соңғы 2 жылда ауруы асқынбағандар, 3 тобы – созылмалы аурулары бар, тұрақты бақылауды қажет ететіндер.
Сау адамдар (1А, 1Б топтары) мен денсаулығында елеулі кінәраты жоқтар (2 топ) белгіленген мерзімге сәйкес қайта тексеруден өтеді. Ал анықталған аурулары бар азаматтар динамикалық бақылауға алынып, емдеу шаралары жүргізіледі.
Скрининг – денсаулықты сақтаудың тиімді жолдарының бірі. Сондықтан уақытылы тексеріліп, аурулардың алдын алу маңызды.
Денсаулық – адам өміріндегі ең қымбат байлық. Оны сақтау және уақытылы бақылау әрқайсымыздың басты міндетіміз. Қазіргі таңда медициналық тексерулердің (чекаптардың) маңызы артып, көптеген адамдар денсаулығын жүйелі түрде бақылауға баса назар аударуда. Қостанай қаласында да түрлі медициналық орталықтар чекап бағдарламаларын ұсынып, әртүрлі жастағы және жыныстағы адамдарға кешенді тексерулер жүргізуде.
Check Up
Чекап – адамның жалпы денсаулық жағдайын бағалау үшін жасалатын кешенді медициналық тексеру бағдарламасы. Ол ауруларды ерте кезеңде анықтауға, олардың алдын алуға және уақытылы емдеуге бағытталған. Әдетте, чекап бағдарламалары адамның жасына, жынысына және жеке ерекшеліктеріне байланысты әртүрлі болады. Қазіргі таңда көптеген медициналық орталықтар бұл қызметті ұсынып, халыққа ыңғайлы жағдай жасауда.
Мысалы, «Жемчужина Стомед» медициналық орталығы әртүрлі чекап бағдарламаларын ұсынады, оның ішінде әйелдерге, ерлерге, балаларға және жалпы тексерулерге арналған пакеттер бар. Бұл орталықтың «TORCH-инфекциялар» кешенінің бағасы – 14 900 теңге, ал «Бакскрин УПМ» қызметі – 19 500 теңге. Сондай-ақ, «ДНК клиника» медициналық орталығы репродуктология және гинекология саласына маманданған. Мұнда әйелдерге арналған ЭКО алдындағы тексеру 263 610 теңге, ал ерлер үшін 157 200 теңгені құрайды.
Көптеген чекап бағдарламалары ересектерге бағытталғанымен, балаларға арналған пакеттер де бар. Мысалы, «1-3 жас аралығындағы балаларға арналған кеңейтілген чекап» бағдарламасы. Әр медициналық орталықтың ұсыныстары әртүрлі болғандықтан, нақты ақпарат алу үшін орталықтармен тікелей байланысу қажет.
Медициналық мамандар чекаптар ауруларды ерте кезеңде анықтауға және олардың алдын алуға мүмкіндік беретінін айтады. Мысалы, «Жемчужина Стомед» орталығының пациенті Элеонора дәрігерлердің кәсібилігін ерекше атап өтті: «Тамаша дәрігер, бірден бәрін түсіндірді, мейірімді, сыпайы маман». Ал «ДНК клиникасының» пациенті Татьяна өз пікірінде: «Гинеколог маманға шексіз алғысымды білдіремін, өте мұқият және білікті дәрігер» деп атап өтті. Бұл пікірлер медициналық орталықтардың жоғары деңгейде қызмет көрсететінін көрсетеді.
Терапевт Әсел Қуанышқызының айтуынша, көптеген адамдар денсаулығы жақсы деп есептеп, тексерілуді кейінге қалдырады. Алайда, жас кезде де жасырын жүрек-қан тамырлары аурулары, зат алмасу бұзылыстары болуы мүмкін. Ал ерте анықталған ауруларды емдеу жеңілірек. Сондықтан чекаптан өту – әрбір саналы азаматтың денсаулығына деген жауапкершілігінің бір көрінісі.
Негізгі себептер
Чекаптан өтудің бірнеше негізгі себебі бар. Біріншіден, аурулардың алдын алу маңызды, себебі көптеген аурулар алғашқы кезеңде ешқандай белгі бермейді. Егер олар уақытында анықталса, емдеу әлдеқайда жеңіл болады. Екіншіден, денсаулық жағдайын бақылау әр адам үшін маңызды. Әркімнің ағзасы бірегей, сондықтан жеке ерекшеліктеріне сәйкес тексерілуден өткен жөн. Үшіншіден, чекап қауіпті факторларды анықтауға көмектеседі. Мысалы, қан қысымының жоғарылауы, қант диабетіне бейімділік, холестерин деңгейінің көтерілуі сияқты мәселелер ерте анықталса, оларды уақытында емдеуге немесе алдын алуға болады. Соңында, чекап емдеу жоспарын құруға мүмкіндік береді. Егер қандай да бір ауытқулар анықталса, дәрігерлер емдеу тактикасын анықтап, қажетті шараларды қабылдайды.
Чекап бағдарламаларына сұраныс артып келе жатқанымен, кейбір мамандар бұл қызметтің барлығына қажет еместігін алға тартады. Мысалы, Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының бас терапевті Лариса Ермолина чекапты гипердиагностика деп есептейді. Оның айтуынша, денсаулықты тексерудің ең тиімді жолы – уақтылы скринингтен өту.
-Мемлекет скринингтер мен профилактикалық тексерулерді тегін өткізеді. 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер артериялық гипертензия, жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, глаукома және онкологиялық ауруларға тексерілуі қажет. Сонымен қатар, 15-49 жас аралығындағы барлық азаматтар жыл сайын ВИЧ-инфекциясына тест тапсыра алады. Егер пациент өз денсаулығына алаңдаса, қант пен холестерин деңгейін тексеріп тұруы керек. МРТ, КТ, УЗИ сияқты зерттеулерді себепсіз жасату ағзаға артық жүктеме түсіруі мүмкін, – дейді маман.
Дегенмен, жеке медициналық орталықтар ұсынатын чекап бағдарламаларына сұраныс жоғары. Мысалы, «Жемчужина» орталығы стандартты чекап пакетін 209 970 теңгеге, ал премиум пакетті 384 660 теңгеге ұсынады. Мұндай бағдарламаларға терапевт, невролог, офтальмолог, гинеколог, хирург, эндокринолог, кардиолог сияқты мамандардың кеңестері кіреді. Сондай-ақ, анализдер, функционалдық зерттеулер мен аспаптық диагностика қарастырылған.
Мемлекеттік мекемелерде чекаптан өту мүмкін емес, өйткені міндетті медициналық сақтандыру жүйесі тек қажетті медициналық көрсеткіштер болған жағдайда ғана зерттеулерді қаржыландырады. Бірақ кейбір аймақтарда эксперимент ретінде чекаптар ұсынылып келеді. Жалпы алғанда, чекаптан өту – әр адамның жеке таңдауы. Егер сіз өз денсаулығыңызға көңіл бөлуді жоспарлап жүрсеңіз, бұл – дұрыс шешім. Бірақ мамандардың пікірінше, денсаулықты тексерудің ең сенімді жолы – профилактикалық тексерулер мен скринингтерді уақытында өту. Себебі көптеген ауруларды ерте кезеңде анықтау өмір сапасын жақсартып, ұзақ әрі сау өмір сүруге мүмкіндік береді.
Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77