Жастары сауатты елдің – болашағы айқын

Жастары сауатты елдің – болашағы айқын

Комментарии к записи Жастары сауатты елдің – болашағы айқын отключены
Загрузка...


Өңірімізде жастарды әлеуметтік қолдау басты назарға алынған

Елімізде жастарға әрдайым үлкен мән беріліп келеді.

Болашағын ойлаған мемлекет бүгінгі жастарының жағдайын тасада қалдырмаса керек. Осындай ұстанымды ту еткен Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев ағымдағы жылды Жастар жылы деп атаған болатын. Осыған орай Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты жөніндегі басқармасына арнайы ат басын бұрып, басшысы Марат Жұрқабаевпен жолыққан болатынбыз.

– Биыл біздің басқарма жастардың аяқ алысын байқау мақсатында көптеген аудандарды аралап, ауылдық жастармен жүздесіп, ондағы бойжеткендер мен бозбалалардың жеке кәсібін ашсам, білсем, үйренсем деген таудай талаптарын көріп қуанып қайтқан болатын. Енді мен жастар арасында кәсіпкерлікті дамыту барысына да тоқталып кеткенді жөн көріп отырмын. Биыл өңірімізде 900 жас кәсіпкерлік оқуын оқыды. Олардың 200-і өзінің жеке кәсібін ашу үшін мемлекеттік грантқа ие болды. Сонымен қатар елімізде жүзеге асырылып жатқан «Жаса» жобасының аясында  облысымыздан 13 жастың әрқайсысы  610 мың теңгенің грантын жеңіп алды. Олар осы қаражатты толық игеріп, спорттық және ойын алаңдарын, тұрғындардың қолы бас кездері серуендейтін саябақтарын ашып, халықтың игілігіне қызмет етіп жатыр. Сондай-ақ «Зерен» республикалық жобасы бойынша да 3 қостанайлық жастың әрқайсысы миллион теңгеге ие болып, бүгін де олар өздерінің жеке кәсіптерін ашып, дөңгелетіп отыр, – дейді Марат Жұрқабаев.

Елімізде көп жылдар қатарынан жалғасын тауып келе жатқан мемлекеттік «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жайында да жан-жақты баяндап берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы «Дипломмен ауылға» бағдарламасына ерекше назар аударатыны, оған жылдағыдан көп қаражат бөлетіні жайында айтқаны көпшілікке белгілі болса керек. Ал қазір бұл мәселе өзінің шешімін тауып отыр десек артық болмас. Өйткені, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жастарға үлкен мүмкіндік беріп отыр. Жоғары оқу орнын бітірген жас маман  бірінші кезекте тұрақты жұмысқа орналасу, баспаналы болу сынды үлкен мәселелерге кезігіп жатады. «Дипломмен ауылға» бағдарламасында осы кедергілердің бәрі де шешімін тапқан. Біріншіден олар бірден тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіледі. Содан кейін оларға мемлекет тарапынан қайтарымсыз көтермеақы ретінде 252 500 теңге көлемінде қаражат беріледі. Баспаналы болуына 3 млн 787 теңге ұсынылады.Олар тек баспанаға  берілген қаражатты ғана 15 жылдың ішінде қайтарады. Сондай-ақ сол жерде табан аудармастан 3 жыл қызмет етуге міндетті, – екендігін жеткізді Марат Жұрқабаев.

Осылайша жас мамандар ауылдық жерлерде тұрақтып, отбасын құрып, сол ауылдың жандануына айтарлықтай үлесін қосатындығы анық. Қазіргі таңда бұл бағдарламаның игілігін Қостанай облысында 4 800 жас маман көріп отырғандығын айтады Марат Кенжебекұлы.

Сондай-ақ осындай жастар үнемі басқосатын Қостанай шаһарында бой көтерген сән-салтанаты жарасқан «Жастар сарайы» да көпшіліктің сүйікті орнына айналған.

– Иә, онда жастар орталығы да жұмыс істейді. Бұл орталықта қазір 13 маман қызмет етеді. Олардың ішінде заңгер, психолог және құжаттар бойынша кеңес беретін білікті мамандар бар. Бұл орталықтың алдына қойған мақсаты-жастарға кеңес беріп, оларды тура жолға бағыттау. Мысалы, облысымыздың жастарының бірі өзінің жеке кәсібін ашуды ұйғарса, осында келіп кеңес алуына болады. Мұндай жастар орталығы аймағымыздың барлық аудандарында ашылған.  Өңірімізде жастарды қолдау мақсатында студенттерге арналған жаңа жатақханалардың құрылысы басталып кеткені де көпшілікке мәлім. Осы ретте Ө.Сұлтанғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педагогикалық университетінде 3 қабатты 4 ғимараттың құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің студенттеріне арнап салып жатқан жатақханасы да бар, – деді Марат Кенжебекұлы.

Сонымен қатар бүгін де салауатты өмір салтын ұстанып, білімге ұмтылған жастар қатары артып келеді. Олар болашақ — тек білімді жастардікі дегенді басты қағида ретінде ұстанады. Сондықтан жан-жақты білімін жетілдіріп, заман талабына сай болуды қалайды.

Ұрпағы сауатты елдің — ертеңі айқын.Әрдайым дені сау білімді жастарымыз көп болғай.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77

Loading...

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись