Без рубрики Социум

Жеміс-жидек пісіп, тосап қайнату науқаны басталды

Жайдарлы жаз келіп, жеміс-жидек те пісті. Бау-бақшаларда құлпынай, бүлдірген, шие теру науқаны жүріп жатыр. Осы ретте біз қаламыздағы базарларды аралап, өзімізде өсетін және сырттан әкелінген жемістердің бағасына зер салған едік.

Қазір жергілікті бау-бақшаларда өсетін  құлпынайдың бір литрі 1000 теңгеден. Ал шиенің 1 шелегі 1500-2000 теңгеден сатылып жатқанын байқадық. 

Базар сөрелерінде сырттан әкелінген жемістердің бағасының шарықтап тұрғаны бірден көзге түседі. Мысалы, өріктің бір келісі 600 теңге, егер бір жәшігін алғыңыз келсе, сатушылар келісін 500 теңгеге беругі әзір. Бірақ, жәшіктің ішінде 8-10 келі жеміс бар екенін есептеп көрсеңіз, өріктің құны қалтаңызға ауырлау түсетінін байқайсыз. 

Сонымен қатар базарларда жеміс-жидектің аз екені де байқалады. Бұны ондағы сатушылар қазіргі әлем бойынша жүріп жатқан қауіпті дерт коронавирусқа байланысты енгізілген карантин режимімен байланыстырып отыр.

– Мен жылда бақшамда өсетін шиені базарға шығарып сатамын. Биыл сырттан әкелінген жемістер аз, соған байналысты бағасы да қымбат. Ал өзімізде өсетін шиенің бағасы биыл қымбат емес, сондықтан алушылар да көп. Кейде барлық терген шиемді көтерме бағамен қабылдайтын жерлерге тапсырамын. Облыс орталығынан шалғайда жатқан аудандарға да апарып сатамын,-дейді Шарбану есімді сатушы.

Жеміс піссе әр үйде тосап қайнатылатыны белгілі ғой. Тосап қайнатқанда көп пайдаланылатын қанттың бағасы дүкен сөрелерінде 200-220 теңге аралығында. Қазіргі таңда көптеген отбасылар шиеден, құлпынайдан тосап қайнатып үлгерді. Жылда тосапты көптеп қайнатып, жаз қыстың қамын ойлайтын Ботагөз Ернешбаеваны сөзге тартқанымызда, ол:

– Мен қазір бақшамда піскен құлпынайдан тосап қайнатып қойдым. Енді шиенің толық піскенін байқап, теріп алып, одан да тосап пен компот қайнатып жатырмын. Жылда шие пісетін кезде бір қап қант алып қыстай жейтін тосап дайындаймын. Жаздың тәтті тосаптарын қыста аңсайсың ғой. Жемістің құрамында  болатын дәрумендер де өте пайдалы. Әсіресе, бүлдіргеннен тосапты көп  қайнатуға тырысамын өйткені, оның қыс уақытында тұмауратып ауырған кезде денсаулыққа пайдасы өте зор,-деді. 

Сондықтан «Жаздың бір күні – қыстың мың күніне татиды» демекші, жаздың жайма шуақ күндерінде уылжып піскен жемісті теріп алып, тәтті тосаптар қайнатуға асығыңыздар. 

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77