«Өзіміздің Би-аға» атты республикалық ақындар жыр мүшәйрасы болып өтті
Бүгін І.Омаров атындағы қазақ драма театрында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен «ӨЗІМІЗДІҢ БИ-АҒА» атты республикалық жазба ақындардың жыр мүшәйрасы болып өтті.
Биыл киелі Тобыл өңірінің перзенті ақын, жазушы Бейімбет Майлинның туғанына 125 жыл толуына орай өңірімізде көптеген іс-шаралар өткізіліп жатыр.
Бұл ақындар жыр мүшайрасының мақсаты – қоғам қайраткерінің шығармашылығын, өмір жолын көпшілікке насихаттау. Сонымен қатар тіл мәдениетін жетілдіру болып отыр.
Ақындар жыр мүшәйрасында сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова, ақын, публицист жайында мәліметтерге тоқтала келе, оның шығармашылығы туралы әңгіме өрбітті.
Сондай-ақ өз сөзінде ол өңіріміздегі бұрынғы Таран ауданына Бейімбет Майлиннің есімі берілгенін тілге тиек ете келе, осы жағымдық жаңалықпен жиналған қауымды құттықтады.
«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз» деп жырлаған ақынның артында қаншама асыл еңбектер қалды. Келешек ұрпақ та осы дарынды да көреген жазушының еңбектерін оқып, білім нәрімен сусындап өсері анық. «Жақсының аты өлмейді, ғалымның хаты өлмейді» деген нақыл осыны білдірсе керек.
Сондай-ақ ақындар жыр мүшәйрасында сөз алған Алматы қаласынан келген «Бейімбет Майлин» қорының президенті, жазушының шөбересі Салтанат Мұстафина жиналған қауымның алдында өзінің ардақты ата-бабасы жайында сыр шерте келе, осындай жыр мүшәйрасын ұйымдастырып отырған өңіріміздің басшыларына өз алғысын білдірді.
Республикалық деңгейде өткен жыр мүшайрасына еліміздің Ақтөбе, Түркістан, Жамбыл, Павлодар, Қостанай және басқа да облыстары мен Алматы және Нұр-Сұтан қалаларынан жырдан желкен жасаған жас ақындар қатысты.
Байқауға ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің іргелі жанрларын қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосқан аса көрнекті суреткер жазушы, ақын әрі драматург, жерлесіміз Бейімбет Майлин жайында жыр құраған еліміз бойынша 30 жазба ақын өздерінің шығармаларын жолдаған. Олардың 13-і ғана іріктеу кезеңінен өтіп, бүгінгі жыр мүшәйрасына қатысты.
Олар Бейімбет Майлин жайында жазған жырларын мәнерлеп оқып, көрермендердің жүрегіне жеткізе білді.
Сатирик жазушы Ғұмар Ахметчин бастаған әділ қазыдар алқасы ақындардың жырларын тыңдап, өздерінің бағасын берді.
Әділ қазылардың шешімімен Бас жүлдені Нұр-Сұлтан қаласынан келген ақын Серікбай Әбілмәжін қанжығасына байлады. 1-орынды Рудный қаласының ақыны Ғалымгерей Кенжеғозин жеңіп алды. 2-орынға Ақтөбе облысынан келген Гүлайым Қуанышова лайықты деп танылды. Ал жүлделі 3-орынды Нұр-Сұлтан қаласының ақыны Жұлдызай Скакова иеленді.
Жыр мүшайрасындағы арнайы сыйлыққа екі ақын ие болды. Олар Павлодардан келген Алпысбай Хонж және Жангелдин ауданының ақын қызы Жанна Ерекина.
Міне, осылайша ақындар жүлделі орындарға жайғасты. Жиналған қауым Би-ағаның мерейтойына арналған жыр мүшәйрасынан рухани ләззат алып тарқасты.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77