ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Қалибек Деріпсалдинмен сыр-сұхбат
Өнер сахнасында атақтысы көп, алайда абыройлысы аз. Әнші-композитор Қалибек Деріпсалдин сол аздардың қатарында десек, артық айтпаспыз.
Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы Астана концерт залында өткен «Астана-бас қала» атты концерттік ән кеші дарынды тұлғаның дара жолын аңғартып отыр. Осымен төртінші рет елорда төрінде жеке шығармашылық кешін өткізіп отырған Қалибек Деріпсалиннің ән кеші несімен ерекшеленді, астаналықтар қалай қабылдады? Кеш иесімен сұхбаттасқан едік…
– Жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласында болып, өз әндеріңізбен астаналықтарды сусындатып келдіңіз. Жеке шығармашылық кешіңіз осы жолы қалай өтті?
– Осы жолғы кешім өз ойлағанымнан да асып түсті. Ел де риза, менің де көңілім жай. Бұл елорданың 20 жылдық мерейтойына арнаған «Астана-бас қала» деген ән шашуым болатын. Шығармашылық кешімді қолдап, демеушілік көрсеткен Қостанай облыстық мәдениет басқармасы, облыстық филармония және «Мирас» мәдениет үйіне алғысым шексіз. Әндерімнің негізгі сүйемелдеушісі ретінде филармонияның оркестрі шықты. Әнімді шырқаған әншілердің басым көпшілігі «Мирас» мәдениет үйінің қызметкерлері. Еңбегімді елеп, өнерімді бағалап сырттан сыйлап келгендер Алматы, Тараз, Орал, Ақтөбе, Көкшетаудың әншілері.
– Қоржыныңызда қанша ән бар, аға?
– Жалпы үлкенді-кішілі 150-ден аса әнім бар. Көпшілігі туған жер, Отан, махаббат туралы. Барлығы дерлік ішкі толғаныстан шыққан туындыларым. Әр туынды өз тарихымен. Ең алғашқы туындым «Қимадым ғой» деген ән жарыма арнап жазылды. Ол өзімнің он жыл бірге оқыған сыныптасым. Қиналғанда, қысылғанда шыққан ән десем болады. Тағы бір өлеңнің шығу тегі былай болған. «Айнакөл жағасында» деген жаңа әнді айтам. Бурабайда Айнамкөл деген көл бар.
Осыдан 4-5 жыл бұрын Көкшетауда жеке концертіммен болдым. Сол жердегі жігіттер сыйлап-құрметтеп қонағасын берді. Содан бір жігіт тұрып «аға, Көкшетау деген атақты жер, небір композиторлар ән арнады. Сіз де бір із қалдырып кетсеңіз» деп бұйымтайын айтты. Онсыз да көңіліме қонған жер ғой «мен дайынмын, ақындарың бар ма?» деп қолдай кеттім. Содан Серік Жетпісқалиев деген ақын бар екен, лезде сөзін жазып, мен әнін баянға салып керемет ән дүниеге келді. Сол әнімді бірден Көкшетауда өткен концертімде көкшетаулық әншіге оркестрмен айтқызып, тарту еттім.
Содан соң арнайы астаналықтарға соңғы ән кешімде «Астана-бас қала» деген шығармамды тарту еттім. Оның үстіне жалпақ жұртқа жайылып, халық аузында жүргендері де бар. Айталық, Ғазиза Жұмекенова «Ерке құсым», «Сағыныш сазы» деген әндерді орындап жүр. «Ерке құсым» деген әнімді Нұрғали Нүсіпжанов орындайды. Оны біздің елге келгенде Гүлмира Сарина айтты. Досымжан Таңатаров «Арманайым» деген әнімді айтты. Оны жақында Арыстан Құрмановқа орындаттым.
Менің атымда Қалибек Деріпсалдин атындағы «Көктем-қыздар» деген әншілердің республикалық конкурсы болды. Осы әнімді айтып Орал өңірінің қыз бен жігіті бірінші орынды иеленді. Гран-при ол жолы Тараз әншілеріне бұйырған.
Тарихи тұлғаларға арнаған әнім де жетерлік. Ахмет Байтұрсыновқа «Ахмет туралы ән» деген, «Міржақып туралы жыр», «Ер Жәнібек» деген әнім республикалық байқауда екінші орын алды. Кәсіби композиторлардың сайысы болған-тын. Ендігі ойым уақтан шыққан батыр жайлы ән жазу. Қарасу жағынан шыққан. Сөзіне тапсырыс беріп қойдым. Батыр болған екен. Қазір есімін ұмытып отырмын. Ал Қостанайға арнап «Қостанай-достар-ай» және «Қостанай туралы ән» деген екі ән жаздым.
– Сізді шығармашылық адамы ретінде қоғамдық мәселелер жиі мазалайтын болар? Жетім-жесірлер, ішімдікті серік қылған жандар сынды проблемаларды алсақ…
– Мен өнер адамымын. Саясатқа мүлдем кіріспеймін. Дегенмен, сіз айтып отырған проблемалар – қоғам дерті. Қарап тұрсаңыз, жастар ішімдікті қойып келеді. Ал тастанды сәбилерді алатын болсақ, жақында бұл тақырыпта бір ән жаздым. Сөзі Тұрғын Досмағанбетов деген ақындікі. №15 мектептің мұғалімдері тапсырыс беріп жаздырды. Жетім балалардың ұстаздарға білдірген алғысы ретінде шығарылды. Әннің аты «Шексіз алғыс сіздерге» деп аталады. Бұл тақырыпта тағы бір туындым бар «Өрімталдар жыры» деп аталатын. Соңғы концертімде Астана қаласының №2 өнер мектебінің «Айналайын» балалар хоры орындады. Олар осы әнмен Түркияда өткен жарыста Гран-при алып келді. Мен де осы туындыммен кәсіби композиторлар сайысында екінші орынды жүлделедім.
– Дегенмен өнердің өркендеуіне қолдаушы қажет қой. Басты демеушілеріңіз деп кімді атар едіңіз?
– Осы кезге дейін концертімнің дүйім жұртқа жеткені демеушілердің арқасы. 1993 жылы Алматыда Орталық концерт залында бірінші концертімді өткіздім. Оны Отырар сазы оркестрінің сүйемелдеуімен қойдым. Сонда Парламентте спикер болған Орал Мұхамеджанов ағамыз спонсор болып, аудан әкімі де сол жолы 7-8 млн қаржы бөліп, астыма алғашқы рет Газ-53 көлігін міңгізді.
Қазір менің кезінде курстас болған достарымның барлығы абыройлы, беделді ел азаматтары. Астана оркестрінің бас дережері А.Жайымов, Отырар сазынын дережері Бегендіков, Қарасай Сайжанов сынды мықты дережерлер. Халық алдында жүрген композиторлар Ермұрат Үсенов, Бейбіт Дәлденбаевтармен бірге оқығанмын. Солардың барлығын мақтанышпен айта аламын. Қостанайда 50 жылдығымды атап өткенде достарымның барлығы келіп, мерейлі тойыма атсалысты.
Сонда Ермұрат Үсенов деген құрдасымның «мынау Қалибектің консерваторияны тастап кеткені бізге жақсы болды. Бұл консерваторияны тастамағанда біз жұмыссыз қалар едік» деп бір қалжыңдағаны бар. Себебі денсаулығыма байланысты консерваторияны аяқтай алмасам да 1991 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері атағын жолдастарымнан бұрын алғанмын. 1990 жылы Алматы қаласындағы жеке концертімнен кейін Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығымен берілді. Дегенмен шығармашылық жолымда достарым, группаластырым көп сүйемелдеді. Қостанайлық, торғайлық кәсіпкерлердің арасында қолы ашық, өнеріме бас иетін жандар көп.
– Бүгін де дарынды өнерпаздарымыз, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүр. Қазақтың Димашын қазір бүкіл әлем тамашалап, талантына тәнті шетелдіктер аузынан тастамай сөз етіп жүр. Сіз музыка саласының майталманы ретінде не дейсіз?
– Жасыратыны жоқ, Димаш мықты. Көре алмадық. Қытай сахнасына дейін елде өткен бір конкурста әділқазылардың пікірін естідім. Олардың сынына ұшыраса да Димаш халықаралық деңгейде танымал болып кетті. Неге бұлай жасадық, білмеймін? Қытайдың фестивалінен кейін көтерілді ғой. Димаштан үлкен әнші шығатынын ел сахнасында жүргенде-ақ білдім. Өз әділқазыларымыз сорақылық жасады. Олардың сыны орынсыз болды ғой. Себебі өздерінің деңгейі жетпей жатып, әділқазының жұмысын атқару деген… Димашқа ақыл айтатын ол жерде Б. Төлегенова, Е. Серкебаев, Ә. Дінішев сондай адамдар пікір айтса келісер едім. Бұл жеке пікірім. Мені де осы жергілікті сайыстарға жюри қылып шақырады. Бірақ оның жүгі өте ауыр. Көбінесе бас тартамын.
– Алдағы жоспарыңызбен бөлісе отырыңыз.
– Енді жаңа ашылған жастар сарайына бір концерт қойсам деп отырмын. Іші 1000 орындық екен. Халықтан өтініш түсіп жатыр. Көп естігеннен, бір көрген артық қой. Бұйыртса өздеріңіз де келіп көрерсіздер.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Ұлту Жүзбай
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77