Социум

Қостанайдағы әйел есімдері берілген көшелер

Сіз Қостанайда атақты әйелдердің есімімен аталған көшелердің қанша екенін білесіз бе?

Қаладағы төрт жүзден астам көшенің ішінде мұндай көше бар болғаны жетеу ғана. Бұл – әйелдердің тарихтағы рөлі мен еңбегінің қаншалықты аз көрініс тапқанын аңғартады. Алайда, бұл көшелердің әрқайсысы – ел дамуына, ғылымға, әдебиетке, еңбекке, ерлікке үлес қосқан асыл жандардың есімін ұлықтаудың бір жолы.

Соколовская көшесі

Бұл көше Қостанай картасында 1956 жылдың 14 наурызында пайда болды. Ол большевик, кәсіби революционер, киноөндірісінің ұйымдастырушысы, «Мосфильм» киностудиясының директоры Софья Соколовскаяның құрметіне аталды. 1937 жылы шпиондық және контрреволюциялық ұйымға қатысы бар деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы ату жазасына кесілді. 1956 жылы ақталды. Ол көптеген әдеби шығармалардың кейіпкеріне айналып, театр мен кинодағы бейнелердің прототипі болды.

Юлия Журавлёва көшесі

1957 жылдың 3 шілдесінде бұрынғы Әбілсай көшесінің атауы өзгертіліп, пайда болды. Юлия Журавлёва – Қостанайдағы қызыл партизандар көтерілісінің қатысушысы. Ол шіркеу жанындағы приход мектебінде мұғалім болып жұмыс істеді, кейін бастауыш сыныптарда сабақ берді. Азамат соғысы кезінде Колчак әскері жазалаушы жасағының казактарының қолынан қаза тапты.

Надежда Крупская көшесі

Бұл көше Қостанай-2 ауданында орналасқан. 1958 жылдың 14 ақпанында Надежда Константиновна Крупскаяның құрметіне аталды. Ол – Кеңес үкіметінің алғашқы кезеңінде білім беру жүйесін қалыптастырған қайраткерлердің бірі. Пионер және комсомол ұйымдарының негізін қалаушылардың қатарында болды. Педагогика ғылымдарының докторы атағы бар. В.И. Лениннің жары. 1939 жылы өмірден өтті.

Зоя Космодемьянская көшесі

1958 жылдың 11 маусымында Қостанайдың солтүстік-шығыс бөлігінде (Киевский шағын ауданы) пайда болды. Көше Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы әйел – Зоя Анатольевна Космодемьянскаяның құрметіне аталған. Ол 1941 жылы барлау-диверсиялық топ құрамында жау тылына жіберіліп, тапсырманы орындау кезінде қолға түскен. 1941 жылдың 29 қарашасында Петрищево ауылында фашистер тарапынан азапталып, өлім жазасына кесілді.

8 наурыз көшесі

Өткен ғасырдың 60-жылдары бұл көше Халықаралық әйелдер күні – 8 наурыздың құрметіне аталды. Бұл мереке бүгінде әйелдердің еңбегін, қоғамдағы рөлін, отбасы мен ел дамуына қосқан үлесін айқындайтын күн ретінде атап өтіледі. 8 наурыз – әйелдердің тең құқықтары мен эмансипациясы үшін күресін бейнелейтін маңызды дата. 1975 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы бұл күнді ресми түрде мойындап, халықаралық деңгейдегі мереке ретінде жариялады.

Мәриям Хакімжанова көшесі

2006 жылы бұрынғы Красноармейская көшесінің атауы өзгертіліп, қазақ әдебиетінің көрнекті ақыны, Қостанай ауданының тумасы Мәриям Хакімжанованың құрметіне аталды. Ол Қазақстан Жазушылар одағының халық ақындары секциясын басқарды, Қазақ мемлекеттік әдеби баспасында аға редактор, «Жаңа өмір» журналында әдеби қызметкер болып жұмыс істеді. «Қазақстанның халық жазушысы» атағына ие болып, ордендермен және медальдармен марапатталған.

Кәмшат Дөненбаева көшесі

2018 жылдың сәуірінде бұрынғы Авиационная көшесіне Социалистік Еңбек Ері Кәмшат Дөненбаеваның есімі берілді. Ол – Боровской ауданының «Харьков» совхозында еңбек еткен алғашқы қазақ тракторшы әйел. 1972 жылы облыстық жер жырту жарысында жеңімпаз атанып, республикалық және бүкілодақтық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. 1973 жылы 3000 гектар жер жыртып, жеке рекорд орнатты. 1975 жылы Социалистік Еңбек Ері атағын алып, Ленин ордені мен «Орақ пен Балға» алтын медалімен марапатталды. Қостанай қаласының және Қостанай облысының құрметті азаматы.

Лиза Чайкина көшесі

1958 жылдың 11 маусымында Қостанайдың солтүстік-шығыс бөлігінде (Киевский шағын ауданы) пайда болды. Көше Кеңес Одағының Батыры Лиза Чайкинаның құрметіне аталған. Ол соғысқа дейін комсомол ұйымында белсенді жұмыс атқарды. Ұлы Отан соғысы кезінде партизан қозғалысын ұйымдастырып, барлау жұмыстарына қатысты. 1941 жылы 23 қарашада Пено ауылында фашистер тарапынан атылды.

Бұл көшелер тек атаулар ғана емес, олардың әрқайсысы – тарихтың бір бөлшегі. Олар әйелдердің тек саясатта немесе соғыста ғана емес, еңбек, ғылым, мәдениет және білім салаларында да айрықша із қалдырғанын көрсетеді.
8 наурыз қарсаңында біз тек әйелдерді құттықтап қоймай, олардың қоғамдағы рөлін бағалап, құрмет көрсетуіміз қажет. Қостанайдағы осы көшелердің тарихын білу – сол құрметтің бір белгісі болмақ.

Аяжан СЕРІК,
сурет ашық ақпарат көзінен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77