Біздің Қостанай

Қостанайда Жастар сарайы ашылады

Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақовпен сыр-сұхбат


Жігерлі азамат, руханият саласының білгірі Ерлан Қалмақовтың Қостанай облыстық мәдениет басқармасының тізгінін қолға алғанына үстіміздегі жылғы күзде үш жыл толады.

Бұл көп мерзім емес, бірақ іскер жан көңіл қуантарлық қызметтер атқарып, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Ата-бабамыздан келе жатқан салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымыздың жанданып, өнеріміздің өз биігіне көтерілуіне айтарлықтай үлесін қосты.

Жуырда Ерлан Болатұлымен арнайы жолығып, көкейімізде жүрген бірқатар сауалдарымызға нақты жауап алған едік. Оған өткен жылғы өңірімізде тындырылған игі жұмыстар мен алдағы тұрған асқаралы міндеттер арқау болды.

Халықтың алғысына бөлендік

– Ерлан Болатұлы, сіз тілге тиек еткен мәліметтерге сүйенетін болсақ облысымызда былтыр атқарылған жұмыстар өте қомақты екен. Соларды реті-ретімен айтып берсеңіз?

– Әр жылдың өз ерекшелігі болады. Алға қойған мақсат-мұраттар да жеткілікті. Әңгіме сайып келгенде, оның сапасы мен жұртшылықтың жүрегіне жылы шуақ ұялатып, рухани жандүниелеріне ерекше әсер етуде емес пе.

Былтыр жүзеге асырылған істер баршылық. Солардың басты-бастыларына тоқталып өтейін. Өздеріңіз білесіздер, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын құнды мақаласы барша қауымға айрықша әсер етіп, олардың рухын көтерді.

Осы маңызды құжатты басшылыққа ала отырып, біздің облысымызда да жерлестеріміздің жадында ұзақ сақталар мәдени шаралар, түрлі байқаулар және басқа да өнер адамдарына шабыт берер басқосулар ұйымдастырылды.

Әрине, жүзеге асырылған жұмыстардың бәрін бір сұхбатта баяндап шығу әсте мүмкін емес. Ерекше айтарым, облыстық әкімдік тарапынан қолдау жылдан-жылға артып келеді.

Өңірдің мәдениет саласына бюджеттен бөлінетін қаржы да өсіп жатқанын баяндап өткенім жөн болар. Соның арқасында өзіміз қаншама игі шаруаларды ойдағыдай атқарып, көздеген биігімізге көтерілдік дер едім.

Әрқашан сөз емес, іс маңызды

– Өзіңіздің қашан да арық сөйлеп, семіз шыққанды ұнататын азамат екеніңізді білеміз. Сол себептен, өткен жылы халқымыздың жадында сақталған маңызды жобалар мен шығармашылық ізденістерге тоқталсаңыз?
– Былтыр біз үшін өте жемісті жыл болды деп айтар едім. Өңірде жоспар бойынша істелінген жобалар, түрлі шығармашылық кештер, байқаулар аз болмады.

Мәселен, біз Қостанайдың Шәмшісі атанып кеткен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Композиторлар Одағының мүшесі, Амангелді ауданы мен Қостанай қаласының құрметті азаматы Қалибек Деріпсалдиннің 65 жасқа толуына байланысты «Көктем қыздар» деп аталатын республикалық ән байқауын өткіздік.

Ол осы елімізге кеңінен танымал тұлғаның жүректі қозғар әсем әндерін үлкен сахнада орындауға арналды. Қалекең қазіргі кезге дейін 150-ден астам туындылар жазған. Олардың бірқатары есімдері көпшілікке белгілі эстрада жұлдыздарының репертуарына еніп, халыққа жетті.

Өнер қолдаусыз жүзеге аспайды. Бұл орайда Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов және қаламыздың бұрынғы әкімі Базыл Жақыпов және облыстық мәдениет басқармасының қамқорлығымен жоғары деңгейде өткізілгендігін тілге тиек еткен абзал.

Бұл ән байқауында Қазақстанның жеті облысы және өзіміздің өңірден жиырма дарынды әншілер қатысып, бақтарын сынады. Аталмыш жарысқа Астанадағы өнер университетінің айтулы профессоры, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов, Алматыдан дарынды композитор Бейбіт Дәлденбай, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының белгілі әншісі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Жұмекенова және дәулескер күйші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов әділ қазылық етті.

Оның қорытындысы бойынша, өнерпаздарға лайықты құрмет көрсетілді. Бас жүлдеге Жамбыл облыстық филармониясының талантты әншісі Жанатбек Кәдіров ие болды.

Сонымен қатар өткен жылы алғашқы халықаралық дирижерлар форумы ұйымдастырылып, жергілікті халықтың рухын көтерді. Осы саладағы барша мамандардың шеберліктері барынша шыңдалды дер едім.
Жергілікті яғни Елубай Өмірзақов атындағы Облысық филармонияның «Ақ желең» деп аталатын фольклорлық ансамблі Египетте халықаралық фестивальге қатысты.

Дарындар ерекше көзге түсті

– Естуімізше былтыр өзіміздің І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрмен бірқатар өнер ұжымдары және жеке дарын иелері де талай байқауларға қатысып, өңіріміздің абырой-беделін асқақтатты емес пе.

– Оныңыз рас. Өткен жылы қараша айында көрнекті мемлекет қайраткері, даңқты жерлесіміз Ілияс Омаровтың есімі берілген облыстық қазақ драма театрының ұжымы Жезқазған шаһарында ұйымдастырылған Жанат Хаджиев атындағы халықаралық театрлар фестиваліне қатысты.

Онда өнер ордасының әртістері көрнекті ақын, драматург, Ақылбек Шаяхметтің «Өкініш» деп аталатын спектаклін көрермен назарына ұсынды.

Ал талантты жас актер Олжас Бекайдаров «Таңдаулы ерлер» рөлі номинациясы бойынша марапатқа ие болды. Жалпы, осы театрдың ізденістері көпшіліктің көңілінен шығып келе жатқаны жұртшылыққа мәлім.

Сондай-ақ былтыр облыстан 19 шығармашылық ұжым мен 62 талантты азаматтар 30 халықаралық фестивальдер мен байқауларда бақтарын сынап, тек өңір ғана емес, Қазақстанның мәртебесін көтерді.
Олар 80 жүлделі орындарға ие болды. Мысалы, оның 8-і Бас жүлде болса, 31-і бірінші, 28-і екінші, 7-уі үшінші орындар еді.

Сөйтіп, дарынды жерлестеріміз арнайы дипломдармен марапатталды. Бұл да өткен жылы қол жеткізген жетістіктеріміздің қатарына жататындығы айдан анық.

Сондай-ақ ерекше қабілеттерімен жарқырап көзге түскендердің қатарында Алмат Жаңабай, Динара Намиялы, Гауһар Рүстемқызы, Миримхан Назархановтар бар.

Ал «Славьян базары-2018» халықаралық байқауында қазіргі қазақ эстрадасында ерекше көзге түсіп жүрген жерлесіміз Ернар Садырбаев болды. Ол мәртебелі өнер сайысында айрықша дараланды.

Білікті кадрлар өңір мақтанышы

– Қашан да өз саласын жетік білетін мамандар өздері ғана дараланып көзге түспейді. Ұжымға да басшылық етіп, мәдениетіміз бен өнерімізді көтереді емес пе.

– Бұрын кадр бәрін де шешеді деген сөз қалыптасқаны көпшілікке аян. Бұл сөздің мағынасы терең. Ондай кадрлар бізде де баршылық. Мәселен, былтыр Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрына басшы болып Сабыралы Кемелбаев тағайындалды.

Ол бұрын мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті қызмет атқарған азамат. Басшылық қызметке келгелі бері театрдың да жұмысы жандана түсті.

Сондай-ақ Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармония тізгінін дарынды күйші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов ұстады.

Сонымен қатар аталмыш театрдың бас режиссері болып Әлия Баймақанова, бекітілсе, облыстық филармония жанындағы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметіне еліміздегі таңдаулы қобызшылардың бірі – Батырбек Байназаров тағайындалды.

Бұлардың бәрі де өнер мен мәдениетімізде әбден шыңдалған және өздерін танытқан майталмандар. Біз олардан алдағы уақытта да тың шығармашылық ізденістер күтеміз. Әрі талап биігінен көріне беретіндіктеріне нық сенімдіміз.

– Былтыр Өзбекстанның Қазақстандағы жылы болды. Енді биыл Қазақстанның Өзбекстандағы жылы жалғасатындығы оқырмандарға белгілі. Біздің өңірде соған байланысты қандай нақты жұмыстар атқарылды?
– Иә, Қазақстан мен Өзбекстан бұрыннан бері достығы мен ынтымағы жарасқан бауырлас мемлекеттер болып табылады. Екі елдің арасында экономикалық және рухани байланыстар нығайып жатқандығы да жасырын емес.

Өткен жылы біздің өңірде де бірқатар мәдени шаралар ұйымдастырылды. Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрында өзбек драматургі Е.Кушуақовтың «Қызыл алма» спектаклі қойылды. Басқа да қаншама танымдық-тағылымдық жағы мол әрі екі бауырлас-туыстас халықтың сыйластық-бірлігін арттыруға бағытталған басқосулар өткізілді.

Ал үстіміздегі жылы Қазақстанның Өзбекстандағы жылын өткізу мақсатында жоғарыда аталған қазақ драма театрының әртістері көршілес елдің астанасы Ташкент шаһарында «Хан кене» және «Айман-Шолпан» спектакльдері өзбек ағайындардың назарына ұсынылмақ.

– Үстіміздегі жылғы жұмыс жоспарларыңыз жайлы да бірер сөз?

– Иә, жоғарыда айтқанымыздай, әр жылдың өз өзгешелігі болады. Биыл да жүзеге асырсақ деген жұмыс өте ауқымды. Солардың бірі ретінде үш күн бойы облыстық филармонияда екінші рет халықаралық дирижерлер форумы өткізілді.

Сондай-ақ облыстық қазақ драма театрында көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досановтың «Ақбас бүркіт» деп аталатын спектаклі қойылды.

Оған мемлекет қайраткері Жұмабек Тәшеновтың ғибратты өмірі арқау болды. Бұл нағыз жастарды патриоттыққа тәрбиелейтін туынды десек орынды болар.

Жалпы, талғампаз қауым мен көрермендерді көптеген мәнді де мағыналы байқаулар, республикалық айтыс және басқа да игі шаралар күтіп тұр. Жастар жылы «Юбилейный» шағын ауданында Жастар сарайы есігін айқара ашпақ.

Әңгімелескен
Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77