Новости Социум

«Рухани қазына-2019» фестивалі болып өтті

Онда музей қызметкерлері өзара пікір алысып, тәжірибе жинады

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа қадам: қоғамдық сананы жаңғырту» мақаласының «Туған жер» кіші бағдарламасын іске асыру аясында Мәдениет және өнер саласы қызметкерлер күніне орай Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен «Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде Мәдениет және өнер саласы ұйымдары мен қызметкерлерінің ІІ-ші «Рухани қазына-2019» фестивалі Нұр-Сұлтан қаласында болып өтті.

Осы республикалық байқауға «Үздік облыстық маңызы бар мемлекеттік музей қызметкері» номинациясы бойынша қаламыздағы Ы.Алтынсарин музейінің қор секторының меңгерушісі Назгүл Шектібаева қатысып қайтты. Фестиваль барысында, 13 облыстан келген музей қызметкерлері мәдениет және ғылым саласындағы жетістіктерін фильм мен слайт арқылы таныстырды. Әрі қарай «Ұлы дала өркениеті жағдайында ұлттық мәдениетті сақтау және жандандыру» тақырыбы бойынша пленарлық отырыс өз жалғасын тапты.

Музей қызметі саласында «Музей, жаһандану дәуіріндегі ұлттық құндылық» атты шеберлік сыныптар өтіп, музей мамандары өз тәжірибесімен алмасты. Қандай да бір зат музейлік жәдігерге айналу үшін бірнеше сатыдан өту керек. Аталған шеберлік сыныпта музей жұмысының кейбір сатыларына тоқталып өтті.

Мысалы, музей қорындағы экспонаттарға байланысты ҚР Ұлттық музейі консервациялау және қалпына келтіру қызметінің жетешілері монеталарға, жебенің ұшына тағы басқа металл бұйымдарына механикалық тазарту жұмыстарын жүргізіп көп жылғы жиған терген тәжірибесімен бөлісті. 18 ғасырға жататын Құран кітапты қалпына келтіру жұмыстарын, археологиялық және этнографиялық ағаш бұйымдарына консервациялық жұмыстарымен қоса қағаздың жоғалған бөлігін толықтыру әдісін көрсетті.

Сондай-ақ, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған шеберлік сағаттары өтті.

«Киізден сурет: киіз басу» деп аталатын шеберлік сағатында ҚР Ұлттық музейінің кіші ғылыми қызметкері Амангүл Халимбай балаларға ылғал жабағылау техникасы арқылы қой жүнінен сурет жасауды үйретті.

«Ұлттық ою-өрнектер» тәжірибесі бойынша ҚР Ұлттық музейінің «Мейірім» әлеуметтік жобасының үйлестіруші Зухра Баянова балаларға қазақтың ұлттық ою-өрнектерін таныстырды. Балалар алдын ала дайындалған жасанды жұқа киіздің көмегімен түрлі-түсті әдемі кілемше жасады.

«Тұмар жасау» шеберлік сағатында өру – қолөнердің өте ежелгі түрі екендігі жайында жан-жақты баяндалды. Ол қазіргі таңда балалар шығармашылығында сөйлеу мен ұсақ қол моторикасын дамытуда  тиімді пайдаланылып жүр. Өру баланың жалпы қиялын дамытуға да жақсы әсер етеді. Шеберлік сағатты «Қасиетті жол» оңалту орталығы жекеменшік мекемесінің әдіскері, эрготерапевт Жанна Ахметова жүргізді.

«Сазтерапия» шеберлік сағатының негізгі мақсаты – арнайы білім беруді қажет ететін балалардың тұрақты оң уәждемелерін, дене дамуы мен өзін-өзі бағалау деңгейлерін дамыту. Көзі көрмейтін және нашар көретін балалар саздан геометриялық пішіндер жасады. Саз арнайы білім беруді қажет ететін балаларға арт-терапияның элементі болып табылады.  Шеберлік сағатты ҚР Ұлттық музейінің кіші ғылыми қызметкері Айгүл Кемеңгерова жүргізді.

2017 жылдан ҚР Ұлттық музейіндегі әртүрлі категориядағы мүмкіндігі шектеулі келушілерге арналған «Мейiрiм» жобасы жұмыс жасай бастаған.

Жиналған музей қызметкерлері теориямен қоса практика жүзінде көрсетілген жұмыстарды тамашалап, тәжірибе алмасты.

Осындай өте ауқымды, мазмұнды шаралардың өтуі музей жұмыстарының одан әрі алға қарай жылжуына әсер етері сөзсіз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77