Экономика

1 қаңтардан бастап көлік құралдарына салық төлеу қажет

Қостанай қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы азаматтарға көлік құралдарына салық төлеу қажеттігін ескертеді. Басқарманың бас маманы Жанна Тұрғанованың айтуынша, бұл салықты көлік құралдарына меншік құқығы бар жеке және заңды тұлғалар төлеуі тиіс.

– Азаматтардың назарын кейбір санаттағы жеке тұлғалардың көлік құралдарына салық төлеуден босатылғанына аударғым келеді. Олар Ұлы Отан соғысының ардагерлері, оларға теңестірілген тұлғалар, Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, сондай-ақ «Халық Қаһарманы» және «Қазақстанның Еңбек Ері» атақтарына ие азаматтар. Сонымен қатар, «Алтын алқа» немесе «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көпбалалы аналарға да салық жеңілдіктері қарастырылған, – деп түсіндірді ол.

Жанна Тұрғанованың айтуынша, жеңілдік тек бір көлік құралына ғана беріледі.

– Егер азаматта екі көлік құралы болса, салық жеңілдігі тек біріне қолданылады, ал екіншісіне салық толық көлемде төленеді, – деп толықтырды ол.

Сондай-ақ маман мүгедектігі бар тұлғалар көлік құралдарына салықтан тек қозғалтқышының көлемі 4000 текше сантиметрден аспаған жағдайда ғана босатылатынын атап өтті.

– Егер қозғалтқыштың көлемі бұл көрсеткіштен асатын болса, меншік иесінің мәртебесіне қарамастан, салық жеңілдіктері қарастырылмайды», – деп нақтылады Жанна Тұрғанова.

Оның айтуынша, көлік құралдарына салынатын салықты төлеу мерзімі есепті салық кезеңінен кейінгі жылдың 31 наурызына дейін белгіленген. Мысалы, 2024 жылға салықты 2025 жылдың 31 наурызына дейін төлеу қажет. Барлық азаматтарды өздерінің салықтық міндеттемелерін уақытылы орындауға шақырамыз.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77