1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында

1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында

Комментарии к записи 1 маусым Балаларды қорғау күні қарсаңында отключены

Облыстық тарихи-өлкетану музейінде мерекелік шара ұйымдастырылады


Облыс орталығындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінде 1 маусымда Балаларды қорғау күніне орай сағат 11:00-де мерекелік бағдарлама өтеді.

Онда қаламыздың кішкентай тұрғындарына экспозициялық залдар бойынша квест-саяхатқа қатысу мүмкіндігі беріледі.

Квест-ойынға қатыса отырып, балалар музейдегі жәдігерлермен танысады.

Мәселен, олар мұндағы «Қостанай қаласының негізі» деп аталатын залды аралап, шаһарымыздың тарихымен танысса, «Қостанай облысының табиғаты» залынан қаламыздың әдемі жерлерін тамашалап, көп мәліметтер алады.

Сондай-ақ «Археология» залына кіріп, ерекше жәдігерлерді көріп, таң-тамаша болары анық.

Осы мерекеге арнайы музейдің ауласында құрылған киіз үйдің ішінде ұлттық ойындар ойнатылады. Сонымен қатар халқымыздың салт-дәстүлері мен ғұрыптары жайында толық мағұлымат беріледі. Бұл жолы балғындарға «Конақ кәде» салтымыз жан-жақты баяндалатын болады.

Музейдің ішіндегі залдар мен ауласында ұйымдастырылатын мерекеде балалар асфальтқа сурет салады. Көңілді әуенге билейді. Сондай-ақ музейдің ішінде «Аквагрим» студиясы олардың денелеріне сәнді де әдемі сурет салып береді.

Аталмыш музейдің экскурциялық және мәдени ағарту жұмыстары бөлімінің меңгерушісі Бақытгүл Мұратбекованың айтуына қарағанда, бұл күні музей қызметкерлері кішкентай балғындардың өз уақыттарын қызықты да мәнді өткізулері үшін барлық жағдай жасайды.

Осылайша олар Балаларды қорғау күнінің қызық та есте қаларлықтай өтуіне бір кісідей атсалысады. Олардың сұрақтарына жауап беріп, музейдегі ерекше жәдігерлермен таныстырып, өздері тұрып жатқан шаһардың көрікті ғимараттары жайында да көптеген мәліметтер береді.

Сондықтан осы мерекеде кішкентай бүлдіршіндеріңізді ертіп, қала орталығындағы облыстық тарихи-өлкетану музейіне келіңіздер.

Балаларыңыз үшін көптеген қызықты ойындар мен көрме залдар ұйымдастырылады. Осылайша сәбилеріңізге ұмытылмас мереке сыйласаңыздар болады.

Сондай-ақ мұнда балдырғандарға түрлі-түсті шарлар мен сабын көпіршіктері, тәтті балмұздақтар да таратылады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись