Бүгінде психологиялық кітаптарға сұраныс артқан
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» деп аталатын аса құнды мақаласының аясында «100 жаңа кітап» бағдарламасы жүзеге асырылған болатын.
Атылмыш бағдарлама бойынша Қостанай қаласының кітапханаларына да жаңа танымдық-тағылымы мол жаңа кітаптар түскені белгілі.
Осы ретте қалалық Н.Островский атындағы кітапханаға арнайы барып, осындағы «100 жаңа кітап» бағдарламасы бойынша келген дүниелермен танысып қайтқан болатынбыз.
Мұнда барлығы 15 кітап келген екен. Олардың бірі «Алтай. Алтын бесік» деп аталады. Авторы Бердібек Бияров. Мұнда Алтай өңірі жайынде кеңінен баяндалған. Сонымен қатар «Басында Қазығұрттың кеме қалған» деп аталатын кітапты да көзіміз шалды. Киелі Қазығұрт жері жайында баяндалатын кітап қала тұрғындарының қызығушылығын тудырған.
Сондай-ақ кітапханаға жиі келетін студенттердің сұрауы бойынша психологиялық кітаптар келген екен. Олар Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» және «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнер» деп аталатын екі психологиялық құрал ретінде жазылған еңбегі.
-Қазір жастар көбінесе шет елдің жазушыларын оқуға ден қойған. Біздің кітапханаға 2 ай бұрын келген Дейл Карнегидің «Алаңсыз өмір сүру құпиялары» және «Дос табу және адамдарға ықпал ету өнер» деп аталатын кітаптарын оқуға арнайы келетіндер саны артып келеді. Бір жағынан бұл қазіргі ғаламтор дамып, әлеуметтік желілер көбейген кезде адамдардың бір-бірімен достасып, сырласпай, бір-бірінен алшақтап кетуімен байланысты деп ойлаймын. Бұл кітаптарда өзіңе қалай шынайы дос табуға болатындығы жайында жазылған. Жастар жағы осындай психологиялық кеңес беретін кітаптарды бірнеше сағаттап, тапжылмай оқу залында оқып отырады. Ал «100 жаңа кітап» бағдарламасы аясында келген кітаптарды аға буын өкілдері, ұстаздар, әр саланың қызметкерлері сұрап жатады. Мұнда белгілі бір өңірдің тыныс-тіршілігі, табиғаты жазылған. Оның танымдық жағы өте мол. Жалпы, қай кітапты алып қарасаңызда адамға өзінше ерекше ой салады ғой,-дейді кітапханашы Ботагөз Дүйсембаева.
Иә, кітап таусылмайтын қазына. Әр адам өзінің жандүниесіне жақын дүниені таңдап, оқып, одан өзіне керек азығын ала алса құба құп. Кітап оқу қай заманда да қалыс қалған емес. Тіпті әлеуметтік желілер дамып, телефондарға телмірген кездерде де кітапхана есігін айқара ашып, оқырмандарына тағылымға толы кітаптарын ұсынып жатыр.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77