Біздің Қостанай ЖКХ

1919 жылдан бері өз атауын өзгертпеген

Қостанай қаласының тарихы тереңде жатыр. Газетіміздің арнайы жобасы – “Қала көшелері” аясында бүгін біз қаладағы ең көне көшелердің бірі – 5 сәуір көшесі туралы баяндаймыз.

Бұл көше – 1919 жылдан бері өз атауын өзгертпеген санаулы көшелердің бірі. ХХ ғасырдың басында Қостанайдың көптеген көшелерінің нақты атауы болмаған. Жергілікті тұрғындар белгілі бір нысандарға қарай бағыт алатын: «әйелдер монастырінің маңы», «базар жақ», «пәленше саудагердің үйі» деп белгілейтін.

5 сәуір көшесі бұрын «Инженерная», кейін «Ташкентская» деп аталған. Бұл жайында ақпаратты “Қостанай мен қостанайлықтар” сайтынан 1902 жылғы қаланың картасын зерттеу барысында таптық.

Ал 1919 жылдың 5 сәуірінде Қостанай қаласында Азамат соғысының маңызды оқиғаларының бірі орын алды. Қызыл партизандар Колчак әскерінің тылына өтіп, Қостанайды уақытша басып алды. Дегенмен, олар қаланы небәрі 11 сәуірге дейін ғана ұстап тұрды. Осы оқиға көшенің атауына негіз болды.

Азамат соғысы Қазақстанның көптеген аймақтарына ауыр зардабын тигізді. Торғай облысы, оның ішінде Қостанай да бұл тарихи кезеңнің қасіретін тартты.

Көшенің басы «Әбілсай» сайынан бастау алады. Ол жерде жеке тұрғын үйлер, жеке меншік бизнес орналасқан. Қазіргі таңда 5 сәуір көшесінде ХХ ғасырдың басынан қалған бірнеше тарихи ғимарат бар. №49 үй – ғимараттың қабырғадағы көше атауы 1919 жылдан бері өзгермеген.

— Бұл көше маған өте ыстық. Әрине, көшенің нөмірленуі қызық. Бір жағында 5 сәуір көшесі, қиылысқан көшеде басқа атау, ал үйлердің орналасуы ерекше. Қазір жаңадан салынған көпқабатты үйлер көбейіп келеді. Жалпы бұл көшені қала ортасы деп те айта аламыз, барлығы жақын, орталық алаңда осы маңайда, – дейді тұрғындардың бірі Айгүл Қасенова.

№67 үй – сырттай қарағанда қарапайым екіқабатты ғимарат, XX ғасырдың 50-60-жылдарындағы типтік құрылысқа ұқсайды. Бірақ бұл үйдің құпиясын тек қала ақсақалдары біледі.

Бұл үйді бірден байқау қиын – оны айналадағы ғимараттар мен ағаштар көлегейлеп тұр. Жақындай түскенде де, оның тұрғын үй ме, әлде қызметтік ғимарат па екенін ажырату оңай емес.

Ғимараттың қасбеті біркелкі емес: кірпіш қалауынан сылағы түсіп қалған жерлер байқалады, шағын балкондар бар.

Артқы жағында қызыл кірпіштің үстіне салынған граффити көзге түседі, ал маңдайшасында 1958 жыл деп жазылған тақтайша ілулі тұр. Дегенмен, бұл дата шындыққа сәйкес келе бермейді. Үйдің бірінші қабаты – XIX ғасырдың соңындағы көпестердің үйіне көбірек ұқсаса, екінші қабаты – соғыстан кейінгі қарапайым құрылыс стилінде салынған. Демек, бұл ғимарат әр түрлі кезеңдердің ізі қалған тарихи орын болып табылады.

Бір жыл бұрын «Елена Д» құрылыс компаниясы 5 сәуір көшесіндегі №67 үйдің орналасқан жерін сатып алуға ниетті екенін мәлімдеген еді. Алайда, қазір бұл жоспар жайында нақты ақпарат жоқ.

Қызықты жайт – көшеде №67, №87 үйлер бар, бірақ олардың арасында нөмірленген басқа үйлер жоқ. Бұл – Қостанайдағы көше нөмірлеу жүйесіндегі ерекше жағдайлардың бірі.

Көшенің қазіргі кейпі

Уақыт өткен сайын көше өзгеруде. Мұнда тарихи ғимараттар сақталғанымен, олардың арасында жаңа көпқабатты тұрғын үйлер де бой көтеріп жатыр. Бұл өзгерістер қаланың ескі бөлігінің жаңаруына ықпал етуде.

— Көшенің инфрақұрылымы біртіндеп жаңарып келеді. Жаңа үйлер салынып жатыр, бірақ жол мен көлік қоятын орын мәселесі әлі шешілмеген. Кейде тарихи ғимараттардың бұзылып, орнына заманауи үйлердің салынғаны дұрыс па деген сұрақ туындайды. Тарихты сақтау да, қаланы дамыту да маңызды, – дейді Данияр.

Жаңа ғимараттар инфрақұрылымды жақсартып, тұрғындарға заманауи жайлы баспана ұсынуда. Тағы бір жақсы жері, бұл көшенің басты ортасы мен соңғы жағында серуендейтін жер бар. Ағаштарда біркелкі отырғызылып, тыныш қаланың бұрышына тап боласын. Ерекше көзге түскен мүсін де бар.

Бұл көше шағын болғанымен, қаншама тарихты сақтап тұрған орын. Біздің «Қала көшелері» жобамызды бақылап отырыңыздар! Егер сіз білетін қызықты тарихи фактілер болса, пікір қалдыруды ұмытпаңыз.

Аяжан СЕРІК,
суреттерді түсірген
Лариса БОЖКО

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77