Сән әлемі жаңа тенденциялар мен қызықты өзгерістерге толы болмақ. Бұл жылда сән индустриясы киім мен аксессуарлар ғана емес, сонымен қатар экологиялық және әлеуметтік жауапкершілікке де баса назар аударады. Сән әлемі дәстүрлі стильдер мен заманауи жаңалықтардың үйлесімін ұсынады.
2025 жылы сәнде болатын басты үрдістерді атап өтейік.
ЭКОЛОГИЯЛЫҚ ДИЗАЙН
2025 жылы сән әлемінде жаңа бағыттар пайда болмақ, олардың өзегінде жеке даралық және мәдени мұраны жаңғырту жатыр. Әр адамға тән, ерекше әрі қайталанбас сәннің маңыздылығы артады. Сән тек киіммен шектелмей, әшекейлер де өзіндік бірегейлікке ие болады. Қазіргі таңда экология мен тұрақтылық сән индустриясында басты бағыттардың біріне айналды. 2025 жылы сән әлемі экологиялық таза материалдардан жасалған киімдерге көбірек назар аударады. Органикалық мақта, қайта өңделген синтетикалық маталар және табиғи талшықтар көптеп қолданылатын болады. Сонымен қатар, киім өндірісіндегі қалдықтарды азайтуға арналған технологиялар да кеңінен қолданылмақ. Бұның нәтижесінде сән саласы жасыл энергетикаға, қалдықсыз өндіріс принциптеріне көшеді. Сән индустриясында экологиялық таза материалдар мен табиғи элементтерге деген сұраныс артатын болады. Қазіргі қоғамда экологияның маңыздылығы туралы түсінік кең таралған сайын, дизайнерлер табиғатпен үйлесімді жұмыс істей отырып, әрбір туындысында жердің, судың, оттың және аспанның элементтерін көрсетуге тырысады. Әшекейлер мен киімдерде табиғи түстердің үйлесімі сәнді әрі экологиялық таза болатын үлгілерді ұсынады.
– Табиғи материалдарды қолдану сәнде жаңа бір кезеңнің бастауы. Менің ойымша, әр дизайнер өз шығармашылығында табиғатқа зиян келтірмейтін материалдарды пайдалануы керек, – дейді дизайнер Тимур Буш.
РЕТРО СТИЛІ
Сән әлемінде өткен ғасырлардың әсері әрдайым сезіліп тұрады. 2025 жылы 80-ші және 90-шы жылдардың сән үрдістері қайта оралуы мүмкін. Қазіргі сәнге ерекше ретро элементтер қосылады: кең шалбарлар, үлкен жакеттер, көлемді қалпақтар, неон түстері және ерекше принттер. 90-шы жылдардағы үлкен логотиптері бар киімдер тағы да трендке айналады. 80-ші жылдардағы жарқын түстер, ал 90-шы жылдардың минимализмі мен қарапайымдылығы жаңа тұрғыдан көрініс табуы ықтимал.
– Көрнекілік, ретро стилінің әсері – бұл сәнде әрқашан болатын құбылыс. Дегенмен, әр ұрпақ жаңа көзқараспен сол дәуірлерді жаңғыртады. Мен 90-шы жылдардың минималистік стилін қайта жаңғыртып қана қоймай, оны қазіргі заманның қажеттіліктеріне сай етіп өзгертуге тырысамын. Бұл өткен мен бүгіннің үйлесімі, – деп бөлісті Тимур Буш.
ЭТНО СТИЛІ
Этникалық стильдің жаңа қыры дамуда. Соңғы жылдары этникалық стильге деген қызығушылық артты. Әлемнің әртүрлі мәдениеттері мен этникалық топтары бірігіп, сәнде жаңа бірегей үрдіс қалыптастырады. Дизайнерлер өз туындыларында халықтың мәдениеті мен тарихын көрсететін ою-өрнектер мен әшекейлерді жиі қолдануда. 2025 жылы этно стильдер мен ұлттық нақыштағы киімдер кеңінен танымал болады. Әсіресе, қазақтың ұлттық киімдерінің элементтері, ою-өрнектері және қолөнер бұйымдары сән әлемінде орын табады. Ұлттық өнер мен заманауи дизайнның қосылуы сәнге жаңа көрініс береді.
– Этникалық стиль сәнде маңызды орын алады. Олар тек сәннің бір бөлігі емес, әр халықтың тарихы мен мәдениетін, өзіндік ерекшелігін көрсету мүмкіндігі болып табылады. Мен өз туындыларымда этникалық нақыштағы кестелерді қолдана отырып, қазіргі заманғы сәнге жаңа өмір беруді мақсат етемін, – деп бөлісті сән дизайнері.
ЕРКІН СТИЛЬ
Соңғы жылдары сәнде болған қысқа және өте тығыз киімдерге қарама-қайшы, 2025 жылы көлемді, еркін силуэттер танымал болмақ. Киімнің ыңғайлылығы мен еркіндігі басты орында тұрады. Плащ, үлкен пальто, шалбарлар мен көкірекшелер кеңінен таралады.
ТҮСТЕР ТОПТАМАСЫ
2025 жылы сәнде жаңа түстер топтамасы пайда болады. Басты тренд түс палитрасының кеңдігі мен жан-жақтылығы. Биыл айқын, жарқын және контрастты түстер танымал болады. Сонымен қатар, ашық көк, жасыл түстер де сәнде өз орнын алады.
Заманауи технологиялардың сәнге ықпалы зор. Сән индустриясында жаңа технологиялардың әсері де айқын көрінеді. Жасанды интеллект сән үлгілерін болжауға, тұтынушылардың сұранысына сәйкес жаңа дизайндар мен әшекейлер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, экологиялық таза материалдардың қолданылуы сәнде үлкен орын алады. Биологиялық ыдырайтын немесе қайта өңделген материалдардан жасалған бұйымдар сәнді әрі экологиялық тұрғыдан өз үлесін қоса алады.
– Мен сән дизайнері ретінде жеке киім топтамаларын шығарып келемін. Киім үлгілері этно стильге бағытталған. Этникалық стильді таңдағаным, оның уақыттан тәуелсіз тарихының болуында. Этникалық элементтер арқылы мен ерекше мән-мағынасы бар әшекейлер жасаймын. Әрбір ою-өрнек – халықтың мәдениетін, олардың қолөнер дәстүрлерін айқындайтын белгі. Ою-өрнектер, менің шығармашылығымның негізі және оны заманауи стильге үйлестіре отырып, қазіргі кезде әр адамның сұранысына сай бейімдеуге тырысамын. Қазақи нақыштағы киім үлгілерін өзекті ету басты мақсатым. Жақында жеке топтамамның көрсетілімі де болды. Киім үлгілері үлкен қызығушылық тудырып, кәсіби мамандар мен көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Көбісі біздің дәстүрлі элементтер мен заманауи дизайнды үйлестіргенімізді ерекше атап өтті. Бұл мен үшін этникалық стильдің өзекті әрі сұранысқа ие екенін көрсетеді, – деді ол.
Тимур Буш киім топтамасын кеңейту және халықаралық дәрежеде ұсыну жоспарда бар екенін тілге тірек етті. Қазіргі кезде ол киім үлгілерін жаңа деңгейге көтеру үшін жұмыс істеуде.
– Алдағы уақытта шетелдік дизайнерлермен бірге жұмыс істеуді де ойлап отырмын, өйткені бұл бірлесіп ерекше туындылар жасауға мүмкіндік береді. Сән үлгілерін жасауға шабытты әр халықтың мәдениеті мен тарихынан аламын. Әр киім, бұйым болсын дәстүрлі, рухани бірлестікті айқындайды. Киім жасау барысы ұзақ уақытты алады. Алдымен сызбаларды жасап, оған сәйкес материалды таңдай бастаймын. Дәстүрлі стильді заманауи стильмен байланыстыра отырып, жаңа топтамаларды шығаруға тырысамын. Этникалық стильді айшықтайтын және қазіргі заманның экологиялық талаптарына сай келетін материалдарды іздеу – мен үшін маңызды үрдістерінің бірі. Мен әрқашан сапалы және табиғи маталарды таңдап, оларды жоғары стандарттарға сай өңдеймін, – дейді дизайнер.
Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
суретті ұсынған
кейіпкер
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77