Біздің Қостанай Образование

2025 жылдан бастап ұлттық бірыңғай тестке жаңа формат енгізілмек

Қаңтардың 13-ші жұлдызында елімізде қаңтар айындағы ұлттық бірыңғай тестілеу басталды

Бұл күн мыңдаған талапкер үшін маңызды сәттердің бірі. ҰБТ 10 ақпанға дейін жалғасып, 167 мыңға жуық қатысушы өз білімдерін сынайды. Олардың 76,7 пайызы қазақ тілінде, 23,2 пайызы орыс тілінде, ал 142 адам ағылшын тілінде тест тапсыруға өтініш білдірді.

Тест тапсырушылар білімдерін тексеріп, болашақ мамандықтарына алғашқы қадам жасауға талпынып отыр. ҰБТ-ның алғашқы күні ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Астана қаласындағы тестілеу орталықтарының бірінде болды. Ол ҰБТ-ның өту барысымен танысып, талапкерлерге сәттілік тіледі.

– Қаңтардағы тестілеу талапкерлерге өз білімін тағы бір сынап көруге мүмкіндік береді. Тестілеудің алғашқы күні еліміз бойынша 2277 талапкер, соның ішінде Астанада 155 жас ҰБТ тапсырды. Ең жиі таңдалатын пәндер қатары жыл сайын өзгеріссіз қалады. Мәселен, талапкерлердің 17,5 пайызы «Математика-Физика» бағытын таңдаса, бұл – инженерлер мен құрылысшылардың, механиктер мен энергетиктердің жолы. Ал 17,3 пайызы «Биология-Химия» бағытында білімін сынайды – бұл болашақ дәрігерлер мен химиктер. Сонымен қатар, талапкерлердің 10,3 пайызы IT маманы болуға ниетті, олар «Математика-Информатика» бағытын таңдаған, – деді министр.

Қаңтар ҰБТ-сы дәстүрлі түрде үш міндетті және екі бейіндік пәннен тұрады. Жалпы 120 тапсырма беріледі: «Қазақстан тарихынан» – 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» – 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» – 10 тапсырма, бейіндік пәндерден – 40 тапсырмадан.

Тестілеудің ең жоғары балы – 140. Ал уақыт ұзақтығы – 240 минут. Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қосымша 40 минут беріледі. Шығармашылық емтихан тапсыратын талапкерлер 70 минутта екі пәннен сынақты тапсырып үлгеруі қажет.

– Қаңтардағы ҰБТ, ең алдымен, шартты түрде ақылы негізде жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдіргендер үшін ұйымдастырылады. Жазғы ҰБТ-дан шекті балл жинамағандар, педагогикалық бағыттарға ауысуды қалағандар, шығармашылық мамандықтан басқа саланы таңдаушылар және мектеп бітіруші түлектер бұл тестілеу арқылы болашақтарына қадам жасай алады. Мектеп түлектері ҰБТ-ны бес рет тапсыра алады, оның үшеуінің нәтижесі ақылы оқуға түсуге жарайды. Ал негізгі ҰБТ-ны екі рет тапсырып, оның сертификаттарының бірімен грант конкурсына қатыса алады. Тестілеуге қатысу не қатыспау туралы шешімді әр талапкер өзі шешеді – дейді Ұлттық тестілеу орталығының жетекшісі Нұргелді Хасенов.

Тестілеу кезінде компьютердегі калькуляторды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштігі кестесін пайдалануға рұқсат етіледі. Тестілеуде А4 форматтағы 3 шимай парағы беріледі. Тағы қажет болса қол көтеріп, тестілеу әкімшісінен сұрауға болады. Шимай парақтарын жыртуға, умаждауға, сыртқа алып шығуға болмайды.

Талапкерлер жазда таңдаған жоғары оқу орнында шығармашылық емтихан тапсырады. ҰБТ-да бес пәннен де сынақ тапсырғандар Қазақстан тарихы және Оқу сауаттылығы балдарын алып, бір шығармашылық мамандықты таңдай алады. App.testcenter.kz сайтында байқау сынақтары бар. Биыл төрт жаңа нұсқа қосылды. Сынақты тапсыру үшін сайтта тіркеліп, жеке кабинетке кіріп, «Байқау сынағы» бөлімін таңдау қажет. Сатып алу батырмасын басып, төлем жасау қажет. Байқау сынағының құны – 602 теңге. Сондай-ақ, prob-ent.testcenter.kz сайтында бір нұсқаны тегін тапсыруға болады.

Дильназ ИЗДЕЛЮЕВА,
сурет ашық ақпарат көзінен


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77