Социум

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні

“Алаш” арыстарының арманы бостандық еді

Қазақ халқы небір зоңбалаң жылдарды бастан өткерді

Қазақтың басынан қандай тауқымет өтпеді десеңізші. Ұлан байтақ жерінде қазақ қудалауды, аштықты, ату жазасын да бастан кешті емес пе. Солақай саясаттың кесірінен аштық жылдары қазақтың саны күрт азайса, «Халық жауы» деген жалған атпен ұлтымыздың білімді, көзі ашық «Алаш» ардақтылары ату жазасына кесілді. Бұл ұлтқа деген қастандық емей не мене.

Тіпті қазірдің өзінде Тәуелсіз ел болып, қолымыз өз аузымызға жеткен күнде де қазақ сонау басына түскен осы ауытпалықты ұмытқан жоқ. Сол жылдарды ойласақ, көз алдымызға кішкентай баласының көз алдында аштықтан үзіліп құлап, ажал құшқан ата-анасының бейнесі мен баласына житін тамақ тауып бере алмай шарасыздықтан, ашудан ызаланған ата-ананың келбеті еріксіз елестейті. «Аштық» не деген қорқынышты сөз. Бұл қарусыз-ақ бір елді жойып, жоқ қылатын нәубет. Бүгінгі күнге дейін осы аштықтан қанша қазақтың көз жұмғаны әлі жұмбық. Бір деректерде 2 миллион қазақ өлген десе, кейбіреулері 4 миллион дейді. Кейбір деректер басқа көрсеткішті алға тартады. Қанша болса да, аштықтың кесірінен қазақ ұлтының саны күрт азайып кеткені анық.

Оның сыртында сол кездері саясаттың құрбанына айналған қазақ ұлтын оятып, білімге шақырып, көзі ашық, көкірегі ояу халықтардың санатына қосуды армандаған алаштарымыздың қудаланып, жазықсыздан жазықсыз атылуы да үлкен қасірет емес пе.

Өткен ғасырда сталиндік репрессия салдарынан қазақтың 70 мыңға жуық көзі ашық, зиялы қауымы жазықсыз атылып кетті. Бұдан бөлек 100 мыңдаған адам қамалып, айдауға түсіп, Сібірге жер аударылды. Кеңес Одағының солақай саясаты бойынша, отарланған ұлттың бас көтере алмай, құлақкесті құл болуы үшін, көзі ашық, саналы азаматтарының барлығы да қуғынға түскені беденеден белгілі. Бас көтерер білімді азаматтарымыздың өмірі қасіретке толып, соңы өліммен аяқталғаны ешкімнен жасырын емес.

Еліміз Тәуелсіздік алған соң 1997 жылы ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 31 мамырды «Ашаршылық және репрессия құрбандарын еске алу күні» деп белгілеп, Жарлыққа қол қойды. Міне, содан бері еліміз жыл сайын 31 – мамыр күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске

алып келеді. Сондай-ақ әлі күнге дейін мемлекетімізде саяси қуғын-сүргін құрбаны болған жандарды іздестіру шарасы жүргізілуде.

«Алаш» ардақтылары жайында ой тарқату мақсатында А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университеті Тіл және әдебиет теориясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Алма Досовамен тілдескенімізде, ол:

– Саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болған «Алаш» ардақтыларын еске алу күні өте маңызды. Қазақ халқында көзі ашық, көкірегі ояу, білімді қоғам қайраткерлері көп болған. Олар қазақ жеріне отаршылық жасап, қазақ деген ұлттың атын жою мақсатында жүзеге асырған солақай саясатқа қарсы тұра білді. Өздерінің өр мінездерінің арқасында «Не көрсем де Алашыммен бірге көремін» деп жандарын шүберекке түйген «Алаш» арыстарының мұраты қазақ халқының азаттығы болды.

Бұл сөзімізге қазақтың жоғын жоқтап, мұңын жеткізген 1913-1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени «Қазақ» газетін (№1 саны 1913 жылы 2 ақпанда шыққан) шығаруды ұйымдастырған, редактор Ахмет Байтұрсынұлы мен оның өкілетті өкілі Міржақып Дулатұлының сол кездегі ерліктері дәлел болса керек.

Бұл саяси басылымда А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейхан, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышбайұлы, Ш.Құдайбердіұлы және басқа да қоғам қайраткерлерінің мақалалары жарияланып, оқырмандарға жетіп тұрды.

Міне, осындай саяси тақырыптарда қалам тербейтін газет жарыққа шыға бастағаннан-ақ «Алаш» зиялыларының артынан тексеріс басталып, олар бірнеше рет тергеліп, абақтыға жабылып, соңында ату жазасына жіберілді.

Олардың артында қалған отбасы да ауыр тауқымет кешті. Әйелдері мен балалары «Халық жауының әйелі» мен «Халық жауының баласы» деген атпен лагерлерге жөнелтіліп, адам төзгісіз қиындықты бастан кешті.

Сол кездері қазаққа қарсы ойлап табылған саясаттың салдарынан халыққа жаны ашыған азаматтарымыз керісінше, «Халық жауы» деген атаққа ие болды. Олардың арманы ұлтына тәуелсіз де жарқын келешек сыйлау еді.

Осы жерде тағы да қазақ әдебиетімен таныс жанға Ахмет Байтұрсынұлының мына бір өлең жолдары таныс болуы тиіс. Ол бір өлеңінде:

Қинамайды абақтыға жапқаны,

Қиын емес, дарға асқаны, атқаны.

Маған қиын осылардың бәрінен,

Өз ауылыңның иттері үріп-қапқаны, – деген жолдарды оқи отырып, сол зұлмат жылдары халықтың қамын ойлаған алаштарымызды қолдарына шамалы билік тиген бай бағыландары Кеңес үкіметінің солақай саясатына жұмыс істеп, өз қолдарымен ұстап беріп отырғанын түсіну қиын емес. Сол кездің өзінде жау алыстан емес, өзіміздің арамыздан шыққанына қынжыласың.

Өз ұлтының арыстарын өзге ұлттың езгісіне салып берген, ұлтына жаны ашымайтын, өзінің бүгінін ғана ойлайтын сауатсыз, пасық жандардың кесірі осылайша «Алаш» азаматтарына кері әсер еткен, – деп өткеннен сыр шертті.

Шынында да «Алаш» ардақтыларының өр тұлғасы келешек ұрпаққа үлгі. Олардың бойындағы ұлтжандылық қасиеті өздерінің өмірлерінен де қымбат болды еме пе. Біз осындай арыстандай айбатты арыстардың ұрпағымыз. Бүгінгі бейбіт заманда ұлты үшін жан қиған қайталанбас тұлғаларды еске басты парызымыз болып қала береді.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77