Тәуелсіздігіміздің айғағы мемлекеттік рәміздерімізді құрмет тұтайық
Қазақ елі дербестігін әлем мойындап, өз алдына жеке мемлекет болып қалыптасты. Содан кейін елдігіміздің, тәуелсіздігіміздің айқын белгісі ретінде елтаңбамыз, әнұранымыз, туымыз, төл теңгеміз пайда болды.
Мемлекетіміздің спортшылары өзге елдерде жеңіске жеткенде әсем әуенді әнұранымыз шырқалып, сән-салтанаты жарасқан көк туымыз желбірейді.
Ортасында киіз үйдің шаңырағы орналасқан, екі жағында тұлпар кейпі салынған өрнектеліп жасалған Елтаңбамыз да көзге оттай басылады.
4-маусым мемлекеттік рәміздер күнінде көпшілік осы құндылықтарымыздың қасиетін сезініп, әрдайым үлкен құрметпен қарау керектігін ұғынады.
Сондықтан мемлекеттік рәміздердің еліміз үшін маңызы зор. Әр елдің өзіндік ерекшелігін аңғартып тұратын рәміздердің астында үлкен мән жатыр.
Мысалы, көк туымыздың түсі аспанымыз әрдайым ашық болсын дегенді білдірсе, ортасындағы күн бейнесі күніміз ашық, болашағымыз жарқын болсын деген мағына береді. Ал оның жиегінде орналасқан қазақы ою-өрнек қолөнерімізді әспеттеп тұр емес пе.
Сондай-ақ әнұранымыздың сөзінде терең мағына жатыр. Бүгінде егде тартқан қарттан еңбектеген бүлдіршінге дейін жатқа айтып жүретін әнұранымыз құлаққа жағымды, жүрекке жайлы.
Әр мекеменің төрінен орын алған мемлекеттік рәміздерге арналған тақташада әсем де көрікті елтаңбамыз бейнеленеді.
Елдің таңбасы ретінде әлемге танымал бұл рәміздің өмірімізде алар орны ерекше.
Ондағы шаңырақ бейнесі, әрдайым шаңырағымыз биік болсын дегенді білдірсе керек. Ал қос тұлпар қазақ халқының қанаты болып есептеледі. Жоғарғы бөлігінде орналасқан жұлдыз бейнесінің де астарында үлкен мән-мағына жатыр. Ол жұлдызымыз жанып, еліміздің болашағы баянды болсын дегенді білдірсе керек.
Міне, осындай мәні мен сәні жарасқан мемлекеттік рәміздерімізге әрдайым үлкен құрметпен қарайық.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77