Культура

5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынында қолөнерші Арлан Аңқауов авторлық туындыларын ұсынды

Қыркүйектің 8-і күні елордада Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанаты өтті. “Астана Арена” спорттық кешенінде өткен, салтанатты іс-шараға 3 мыңға жуық өнерпаз қатысты. Қазақстанның мәдени мұрасы, мемлекет дамуының маңызды белестері қамтылған қойылымды 20 мың көрермен тамашалады.

Астанада «Көшпенділер әлемі» этноауылы ашылды, онда әрбір келуші қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерімен, сондай-ақ қатысушы елдердің өзіндік мәдениетімен таныса алады. Сонымен бірге қолөнер шеберлігіне әуес қатысушылардың, авторлық туындылары көпшілікке ұсынылды.

Қостанай өңірінде қолөнер шеберлігі екпінді дамып келеді.  Дарынды дизайнер, “Arlan Design” студиясының жетекшісі, қолөнер шебері Арлан Аңқауов-бірнеше жыл бұрын қой жүнінен жасалатын ерекше технологияны патенттеп, өнерге жаңа серпін әкелді. Табиғаттың сұлулығын, қазақ даласының байлығын киізге қондырып, жаңа бір өнер түрін тудырған қолөнерші өзінің ерекше туындыларымен көпшіліктің назарын аударуда. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары аясында Арлан Аңқауовтың ерекше шығармалары ұсынылуда.

Арлан Аңқауовтың көшпенділер ойынына дайындығы қызу жүргізілген еді. Отбасымен бірге дайындаған туындылары көпшіліктің назарынан тыс қалған жоқ.

– Астана қаласында өтіп жатқан көшпенділер ойынына тек менің туындыларым ғана емес, сондай-ақ, анамның тоқыма кілемдері мен ағамның теріден жасалған бұйымдарын ұсынып отырмыз.

Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысу біз үшін – үлкен құрмет. Бұл тек жарыс емес, халқымыздың мәдениетін, қолөнерін көрсететін алаң. Қой жүнінен жасалған суреттер – ата-бабаларымыздың табиғатқа жақын өмір салтын бейнелейтін қолөнер түрі. Мен бұл өнерді анамның тоқыған кілемдерімен, ағамның теріден жасаған бұйымдарымен ұштастырып, осы дәстүрдің жалғастырушысы ретінде өз үлесімді қосқым келді.

Әрбір жүн талшығы, әрбір тоқыма түйіні мен тері өңдеудің әдісі бізге өткен тарихымыздан сыр шертеді. Бұл өнер туындыларын ұсыну арқылы мен тек өз отбасымның емес, бүкіл қазақ халқының мәдени мұрасын әлемге танытуды мақсат еттім. Біз осындай шығармалар арқылы рухымызды сақтап, болашақ ұрпаққа жеткіземіз деп сенемін, – дейді қолөнерші Арлан.

Қолөнершінің басты ерекшелігі-қой жүнін қолдану арқылы өнер туындыларын жасауында. Бұл-көне дәстүрге негізделген жаңа технологиялық әдісті пайдалана отырып, шынайы сурет салу.

Автор халықтық қолданбалы өнердің дәстүрлерін сақтай отырып, өз шығармашылығына халқының бай көркем мұрасын тереңінен сіңіреді. Оның әрбір туындысы ұлттық өнердің өрнегін жаңғыртып, халық мұрасының байлығын заманауи әдіспен қайтадан тірілтеді.

Дильназ Изделюева

Суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77