Социум

Қостанай мектептері мен колледждерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие жүйелі түрде жүргізілуде

Сыбайлас жемқорлық – кез келген мемлекеттің дамуына кедергі келтіретін ең қауіпті құбылыстардың бірі. Ол адамдар арасындағы сенімді бұзады, әділдік пен теңдік қағидаттарын әлсіретеді.

Қаламыздың оқу орындарында жастар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мектептер мен колледждерде «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ», «Парасаттылық мектебі» сияқты үйірмелер белсенді жұмыс істейді. Бұл ұйымдар оқушылардың бойында әділдік, адалдық және жауапкершілік қасиеттерін тәрбиелеуді көздейді.

Мысалы, колледждерде «Адалдық – адам бойындағы ең қымбат қасиет» атты ашық сабақта студенттер сыбайлас жемқорлықтың қоғамға тигізетін зиянын талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Мұғалімдер интерактивті әдістер арқылы адал еңбектің маңызын түсіндіріп, өмірлік мысалдар келтірді.

Сондай-ақ, «№6 жалпы білім беретін мектебі» КММ-де де бұл бағыттағы жұмыстар белсенді түрде жүзеге асып келеді. Қостанай облысы әкімдігі білім басқармасының Қостанай қаласы білім бөлімі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі уәкілі Сәрсенбаева Динара Сәдуақасқызының айтуынша, оқу орнында ай сайын тұрақты іс-шаралар өткізіледі.

– Біз әр айдың екінші сәрсенбісінде түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырамыз. Ашық сабақтар, тренингтер, пікірталастар мен шығармашылық байқаулар өткізу арқылы оқушылардың бойында адалдық пен әділдікке деген көзқарасты қалыптастырамыз. Мұндай кездесулердің нәтижесінде балалардың өз құқықтары мен міндеттерін жақсы түсініп, парақорлықтың қоғамға қауіпті екенін ұғына бастағанын байқаймыз, – дейді маман.

Қаладағы жоғарғы оқу орындарда бұл бастамадан тыс қалған жоқ. Жоғарғы оқу орындарында түрлі дебат клубтары жұмыс істейді. Мұнда студенттер өз көзқарастарын еркін білдіріп, қоғамдағы әділдік пен жауапкершілік мәселелерін талқылайды. Тіпті жастар ісі жөніндегі мамандардың айтуынша мұндай бастамаларды университет басшылығы тарапынан әрқашан қолдау көрсетіледі.

– Біз жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы иммунитет қалыптастыруымыз керек. Ол үшін тек лекциялар емес, практикалық іс-шаралар – тренингтер, пікірталастар, жобалар қажет. Осындай үйірмелер арқылы балалар адал жолмен жетістікке жетуге болатынын түсінеді, – дейді университет өкілі.

Сонымен қатар, қала мектептері мен колледждері «ANTIKOR» орталығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Орталық мамандары кездесулер өткізіп, түрлі жобалар жасалды. Жобаның мақсаты – сенім мен жауапкершілікке тәрбиелеу.

Мектептерде, оқу орындарда эссе жазу байқаулары, сурет көрмелері мен бейнеролик конкурстары тұрақты түрде өткізіліп тұрады.

Оқушылар өз шығармалары арқылы адалдық, әділдік, жауапкершілік тақырыптарын ашады. Қостанай өңірлік университетінде «Саналы ұрпақ – жарқын болашақ» атты акция өткізіліп, студенттер пара алу немесе беру жағдайларын мүлде қабылдауға болмайтынын атап өтті. Сонымен қатар Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік техникалық университеті қабырғасында Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылған Парасаттылық сағаты ұйымдастырылып келеді. Акцияға «Құқық» кафедрасының студенттері, оқытушылар және шақырылған қонақ – прокуратураның қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің прокуроры қатысты. Жалпы, іс-шара мазмұнды және қызықты өтті, кездесу сұрақ-жауап форматында өтті.

Бүгінгі жастар – ертеңгі ел тізгінін ұстар азаматтар. Сондықтан әрқайсымыз «сыбайлас жемқорлық – жаман» екенін жүрегімізбен түсініп, ондай қылықтан бойымызды аулақ ұстауымыз қажет. Адалдық – адам бойындағы ең асыл қасиет. Тек адал, әділ және намысты азаматтар ғана елді биікке жетелейді. Әрқайсымыз өз орнымызда адал еңбек етсек – еліміз де, болашағымыз да жарқын болмақ! Жалпы, Қостанай қаласының білім беру ұйымдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Бұл тек бір реттік шара емес, жас ұрпақтың өмірлік ұстанымын қалыптастырудың маңызды бөлігіне айналып отыр.

Аяжан СЕРІК,
сурет ашық ақпарат көзінен


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77