Біздің Қостанай Социум

Атақты ғалым, ұлтжанды азамат Зұлқарнай Алдамжар туралы толғаныс

Қостанай өңірінің жұртшылығы көрнекті ғалым, академик Зұлқарнай Алдамжарұлын ұмытпайтындығы ақиқат. Өйткені, ол бүкіл ғұмырын білім саласына арнаған тұлға.

Уақыт деген өте жылдам. Осынау ардақты жанның бақилық болғанына да қарап отырсақ, жиырма жыл өтіпті. Адам баласы жасымен емес, халқы мен еліне сіңірген еңбегіне қарап бағаланатындығы белгілі. Бұл тұрғыдан қарайтын болсақ, тұла бойынан қазақылықтың, көркем мінездің, зиялылықтың иісі аңқып тұратын ағамыздың тындырған ісі ересен.

Онымен кездескен сәттер есімде

Бұл күндері облыс орталығындағы Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университетін білмейтіндер кемде-кем. Аталған білім ордасы уақыт талабына сай келетін, республикамыздағы сұранысқа ие білікті кадрлар дайындауда айтарлықтай жұмыс атқарып жатыр.

Кезінде өз басым осы жоғары оқу орнында өткізілген бірқатар Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, талай жайды көңіліме түйгенім әлі есімде. Оған басқа ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес мемлекеттер мен өзіміздің елімізден де профессорлар, жалпы университеттерде шәкірттерге дәріс беретін тұлғалар да шақырылған-ды.

Осы таяуда ғана мен аталған жоғары оқу орнында болып, зиялы азаматтармен жүздесіп, бір мақсат, бір мүдде жолында аянбай еңбек етіп жатқан кісілермен кездесіп, олардың ой-пікірлерін білдім. Солардың бірі-тәрбие жұмысы және қоғамдық байланыстар жөніндегі проректор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, профессор Нұркен Байқадамов.

Ол менің келгендегі мақсатымды білген соң кейіпкерім жайлы өзінің толғаныстарын білдіре келіп:

-Зұлқарнай Алдамжарұлы күллі Қазақстанға танымал, ұйымдастырушылық қабілеті мол, қайраткерлік қырларымен баршаға танылған қайталанбас ғалым еді. Оның азаматтық, іскерлік қырлары да әріптестері мен шәкірттерінің есінде мәңгілік қалды.

Көпшілікке мәлім, бұл жоғары оқу орны 1998 жылы өз алдына жеке оқу орны болып есігін айқара ашты. Бастапқыда әлеуметтік академия атанса, кейін бұл білім ордасы уақыт талабына сай әлеуметтік-техникалық университетке айналды. Содан бері қаншама жастар түлеп ұшып, республикамыздың түкпір-түкпірінде таңдаған мамандықтары бойынша қызмет атқаруда.

Өз басым мұнда қызмет етіп келе жатқаныма ширек ғасырға жақындап қалды. Зұқаң тек қана жұртқа өзін тыңдата білетін әрі жасампаздыққа, тың ізденіске жетелейтін білікті басшы ғана емес, сандаған ізін басып келе жатқан мен секілді жоғары білімді әрі ғылымға ден қойған іні-қарындастарына тәлімгер болды. Онымен сөйлесіп, ұлағатты сөздерін естудің өзі бізге ғанибет еді. Оның орнын ешкім де толтыра алмайды. Шапағатын көрген жастар мен әріптестері өзін сағынышпен еске алады,- деді ол.

Сонымен қатар жоғарыда аталған университетте болғанымызда бұрын беймәлім деректер мен дәйектерге де зер салып, біраз жайға қанықтық. Бұл күндері мұнда үш мыңға жуық студенттер білім алуда. Оларға екі жүзге жақын профессор-оқытушылар дәріс береді.
Мұнда 25 білім беру бағдарламасы бойынша мамандықтар оқытылады. Сондай-ақ магистратура да бар. Болашақ ғұмырын ғылыммен байланыстырғысы келген дарынды жастарға толық жағдайлар жасалған.

Осындағы білім кешенін қамтитын жерде жоғары оқу орнын айтпағанның өзінде, әлеуметтік-техникалық колледж, академиялық лицей, «Бөбек» балабақшасы жұмыс істейді. Соңғы тәрбие орнына қызметкерлердің ұл-қыздарымен қатар жергілікті азаматтардың балалары да барады.

Оның бәрін неге моншақтай тізіп баяндап отырмыз. Себебі, бір кездері аталған жайлар Зұлқарнай Алдамжарұлының жүзеге асырсам деген арман-мақсаттарының бірі болатын. Ол білімге құштар жастарды ынталандыру үшін 11 атаулы шәкірт ақы тағайындаған еді.

Тағы бір ерекше тоқталар жай, жоғары оқу орнының студенттері толық жататын бөлмелермен қамтамассыз етілген. Шәкірттер тек қана алаңсыз білім алуға ден қояды. Студенттер оқу барысында өздерінің қабілеттерін толық жарқырата көрсетуге мүмкіндік туғызылған. Оқу орнына қарасты мәдениет үйінде түрлі тағылымдық жағы мол сайыстар, дүние танымдарын кеңейтуге бағытталған шаралар ұйымдастыру дәстүрге айналды.

Кітапхана меңгерушісі Айтжамал Қабылқызының айтуына қарағанда, осы қызметті атқарып келе жатқанына көп жыл өтіпті. Зұлқарнай аға осындағы кітап қорын байытуға айрықша көңіл бөліпті. Қазақы мінезімен дараланып, рухани жағынан көп іс тындырған.

Көрнекті тұлғаның тағылымды қырлары

Өзім осыдан бұрын да дарынды қайраткердің ғұмырлық серігі Гүлсара Шолпанбайқызымен дидарласып, отағасының белгісіз қырлары жөнінде сырласқаным есімде. Сол шақта осынау білімді де парасатты қазақтың қызы біртуар ғұлама ғалымның туып өскен ортасы, білім алған ордасы, ғылымның қия жолындағы ізденістері, тіршіліктегі адами қасиеттері және басқа да азаматтық қырлары жөнінде айтып берген болатын.

Сондағы баяндаған ой-пікірлерінің бәрі де санамда әлі күнге дейін жаңғырып тұр. Зұқаңның жүріп өткен жолдары қазіргі өскелең ұрпақтарға қай жағынан алсақ та үлгі-өнеге. Көрнекті тұлға осындай құрметке қашан да лайықты.

Еліміздің мақтанышына айналған ерекше жан жөнінде сөз еткенде оның балалық және жастық шағына тоқталмай өте алмаймыз. Өйткені, ол халқымызға қаншама өзіндік қолтаңбасы мен өшпес орны бар азаматтар шыққан өңірдің тумасы.

Зұлқарнай аға 1937 жылы 5 желтоқсанда қазіргі Атырау облысы Махамбет ауданына қарасты Сарайшық кентінде дүниеге келді. Өзі киелі шаңырақтағы тәрбиеленген бес баланың ішіндегі жалғыз ұл болыпты. Апалары Гауһар, Ләззат және қарындастары Меруерт, Мәриялармен ерекше сыйласты.

Ал әкесі Алдамжар кешегі Ұлы Отан соғысына азық-түлік жіберіп, тылда аянбай еңбек етті. Сөйтіп, Жеңісті жақындатуға айтарлықтай үлес қосты. Аяулы анасы Мәнзия отбасының ұйытқысы болды. Ата-анасы Зұлқарнайдың келешегінен көп үміт күтті.

Себебі, ол кішкентайынан өте зеректігі және зерделілігімен дараланды.

Өзге құрдастары секілді орта мектепті аяқтаған соң, сол кездегі қаншама талапты жастарға арман болған Алматы қаласындағы Қазақ мемлекеттік университетінің тарих факультетіне студент болып қабылданды.

Замандастары арасында білімге деген құштарлығымен ерекшеленген бозбала болашақ жан-жары Гүлсараны да осы университет қабырғасында жүргенде жолықтырды. Екеуі бір топта оқып, қалаған мамандықтарын жан-жақты меңгеріп шықты.

Ал Гүлсара Шолпанбайқызы Алматы облысы Райымбек ауданына қарасты Текес ауылында туып өсті. Осылайша Зұқаң 1962 жылы еліміздің маңдай алды оқу орнын ойдағыдай тәмамдағаннан кейін ұстаздық еңбек жолын Атырау педагогикалық институтында бастапты.

Тиянақты білім алған әрі іскерлік қабілетін көрсеткен жас жігіт мұнда да әріптестерінің арасында көзге түсті. Аталған оқу орнының ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры дәрежесіне дейін көтерілгені де баршаға мәлім.

Өзінің ғылымға деген құштарлығының арқасында алдымен кандидаттық, уақыт өте тынымсыз ізденісінің нәтижесінде докторлық диссертацияларын ойдағыдай қорғады.

Ұлағаты мол жан талапты жастардың қамқоршысы әрі тәлімгері болды. Жалпы, айта берсек, оның үмітін ақтаған шәкірттері жетерлік. Солардың арасында ғылымда өзіндік орны бар Әбілсейіт Мұқтарды, арамызда жүрген Ахмет Байтұрсынұлы атындағы өңірлік университетінің профессоры Өтеген Исеновті кім білмейді.

Зұлқарнай Алдамжарұлы өмірінің біраз жылдарын солтүстікте орналасқан Қостанай шаһарында өткізгені бізге мәлім. Ол 1989 жылы жергілікті педагогикалық институтына ректор болып бекітілді. Жылдар өте аталмыш білім ордасы университетке айналды. Оған қазақ халқының рухани көсемі, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсыновтың есімі берілгенде қуанбаған қазақ жоқ. Сонымен қатар орталық университеттің қарсы алдындағы алаңға Ахаңның ескерткішін орнатуға тікелей атсалысты. Әрине мұның бәрі де өздігінен бола қойған жоқ. Оған қаншама қажыр-қайратын жұмсады. Тиісті орындардың алдына барып, ұсыныстарын дәлелдеді.
Бәлкім қостанайлықтардың есінде болар, 1997 жылы ұлы тұлғаның 125 жылдығы жоғары деңгейде аталып өтті. Оның әруағына бағышталып Құран оқылып, ас берілді. Сонымен қатар университетте мұражай ашылып, зиялы қауымға таныстырылды. Ахмет Байтұрсыновтың ізі қалған жерлерге «Ақ жол» ғылыми-танымдық экспедиция ұйымдастырылды.

Ең бастысы, ректор болып тұрған кезде жоғары оқу орнында бұрын-соңды болмаған қазақ филологиясы факультеті және қазақ бөлімдерінің ашылуы шын мәнінде ұлттық рухымызды көтергені ақиқат.

Сол кездері өңірдің аудандары мен қалаларындағы қазақ жастары оқу орнына судай ағылды. Сонымен қатар іскер басшы қазақ тіліне, мәдениетіміз бен әдет-ғұрпымызға жете көңіл бөлді. Университетте білікті ғалымдар мен оқытушылардың саны артты. Жүрегі мейірімге толы азамат әке-шешесі жоқ жетім балалардың алаңсыз білім алуларына жол ашты.

Артында бар оңалар

Бүгін әңгімемізге өзек болып отырған Зұлқарнай Алдамжарұлы артында мол мұра қалдырған айтулы ғалым еді. Тарих ғылымдарының докторы студенттер мен әріптестері іздеп жүріп оқитын еңбектер жазды. Бәрін айтпағанның өзінде, «Арыс» баспасынан жарық көрген «Тарих: пайым мен тағылым» деп аталатын кітабының өзі құндылығымен оқырмандарының назарын бірден аударды.

Ол әрдайым өзінің бойындағы азаматтық, тұлғалық, қайраткерлік, патриоттық қасиеттердің қалыптасуына ерекше әсер еткен ұлы аталары Махамбет, Исатай, Есеттерді әрдайым ардақ тұтты.

Зұқаңның елі мен халқына жасаған адал қызметі лайықты бағаланды. Тәуелсіздігіміздің келешегі үшін аянбай тер төккен біртуар тұлға «Парасат» орденімен марапатталды. Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанды. Қостанай қаласы мен АҚШ-тың Техас штатының құрметті азаматы атақтарына ие болды.

Академиктің тарих ғылымын өркендетуге қосқан қомақты үлесі әрі ғалымның есімін мәңгілік қалдыру мақсатында оның аты 2006 жылы өзі ашып, бұл күндері іргелі оқу-орындарының біріне айналған университетке берілді.

Алдамжар әулетінде дүниеге келген қыздары да ел таныған іскер жандар. Олар аналары Гүлсара Шолпанбайқызының құрылтайшылық етуімен әкелерінің бастаған білім беру саласындағы ұлағатты істерін абыроймен жалғастырып келеді. Бибігүл осы оқу орнының президенті болса, одан кейінгі Гүлзада қаржы саласында жауапты қызметте. Ал кейіпкеріміздің үміт күткен бір шәкірті Руслан Абдуллин университет ректоры.

Зұқаңның сүйікті немересі Абыройбек мектеп қабырғасында жүргеннен бері атасы секілді білімге өте зейінді еді. Есейе келе алдына үлкен мақсат қойды. Бұл күндері Англияда оқуын одан әрі тереңдетіп жатыр.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
суреттер мұрағаттан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77