Біздің Қостанай Правопорядок

«Жемтігін» желіден іздейтіндерге тосқауыл бар ма?

Биыл қазынаға келтірілген шығын алаяқтардың арбауына түсу салдарынан 2,5 есеге өскен. Киберқылмыс қарапайым халықтың қалтасын тонап жатқан қауіпті құбылыс. Адамның жылдар бойы жинаған қаражаты, адал жұмысының жемісі бір сәтте желге ұшады. Сондықтан бұл күрделі әлеуметтік мәселе

Қазір алаяқтар өз әдістерін күннен-күнге жетілдіріп келеді: жалған сайттар, фишинг-құпияхаттар, телефон арқылы сендіру, банктік қосымшаларға шабуыл, «сенімді» қызметтер атынан жасалатын өтініштер, мұның бәрі де адам сеніміне негізделген қылмыстық схема. Олардың «жемтігін» желіден іздейтіндер түрлі елде тұрып-ақ, өз әрекеттерін глобалды деңгейде ұйымдастырады.

Құзырлы органдар киберқылмысқа қарсы күресті күшейтіп, алдын алу шараларын енгізіп жатыр: заңнамалық база жаңартылып, құқық қорғау органдарының техникалық мүмкіндіктері арттырылады, халыққа ақпараттандыру бағытында акциялар жүргізіледі. Алайда бұл тек мемлекеттік деңгейдегі қадамдар ғана емес, әр азаматтың сақтық шараларын ұстануы да маңызды.

Тоғыз айда 781 факт тіргелген

Қазір интернет алаяқтығы деген өршіп тұр. Қостанай қаласында биылғы тоғыз айдың өзінде интернет алаяқтығы туралы 781 факті тіркелген. Қылмыс көрсеткіші былтырғы жылмен салыстырғанда биыл 24,3 %-ке артқан. Шығын көлемі 1 миллиард 700 млн теңгені құрап отыр. Бұл туралы жуырда өткен қалалық әкімдіктегі аппарат кеңесінде Қостанай қалалық полиция басқармасының басшысы, полиция полковнигі Болат Иманов егжей-тегжейлі айтқан болатын. Ол алаяқтардың арбауына түсу салдарынан қазынаға келтірілген шығын биыл 2,5 есеге көбейгенін айтты.

– Полиция қызметкерлері күн сайын жеке тұрғын үйлер мен пәтерлерді, әртүрлі ұйымдар мен мекемелерді аралап, алаяқтардың арбауына түспеудің амалын түсіндіреді. Соған қарамастан адамдар алданып қалуда және қылмыскерлердің құрығына бірнеше рет түсіп қалып жатқандар бар,– деді полиция полковнигі Болат Иманов.

Мысалы, Қостанай қаласының бір тұрғыны үш рет қатарынан алданыпты. Ол 2022 жылы 1 миллион теңгеден астам қаржыны өз еркімен несиеге рәсімдеп, ақшаны алаяқтарға аударған. 2023 жылы Google интернет ресурсынан қомақты пайда әкелетін қаржы биржасына инвестиция салу туралы хабарландыру тауып алады.

– Азаматша депозиттегі ақшасын алып, инвестиция салу мақсатында алаяқтардың есеп-шотына жібереді. Арада біраз уақыт өткен соң, 2025 жылы жәбірленуші интернет платформадан қаражатты қайтару туралы хабарландыруды көреді. Сілтемеге өтісімен оған «жалған менеджер» хабарласады. Инвестициядан түскен қаражатты алу үшін үстіне қосымша қаржы құю керегін айтады. Осылайша, бірнеше мәрте алданып, биылдың өзінде 13 миллион теңге шамасында ақшасын киберқылмыскерлерге аударып жіберген, – деді полиция полковнигі.

Қоғамдық тәртіптің сақшысы қылмыскерлер көбінесе полицей, коммуналдық кәсіпорындардың қызметкерлері, зейнетақы жинақтаушы қорының мамандары, ҰҚК мен басқа да құзырлы органдардың атын жамылып, адамдардың сеніміне кіретінін атап өтті. Ең қомақты шығын 56 миллион теңгені құраған. Қала тұрғыны екі пәтерін сатып, одан түскен қаржының бәрін интернет алаяқтарының қолына ұстатып жіберіпті. Көбінесе 40 жастан асқан әйелдер алаяқтардың арбауына жиі түсіп қалатын көрінеді.

Ешкімге сенбеңіз

Биыл Қостанай облысы бойынша 1300-ден астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеліп, тұрғындарға келтірілген жалпы шығын көлемі 2 млрд теңгеден асып отыр. Өткен жылмен салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Құқық қорғау органдарының дерегінше, аталған істердің ішінде 130 қылмыс ашылған, алайда интернет арқылы жасалатын алаяқтық түрлерінің ауқымы мен күрделілігі бұл бағыттағы жұмыстың әлі де өзекті екенін көрсетеді.

Қостанай облысы Полиция департаментінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Рашид Мадьяров интернет-алаяқтар заманауи технологияларды пайдалана отырып, азаматтардың сенімін теріс пайдалану тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыратынын айтады.

– Қазір киберқылмыс түрлері көбейіп кетті. Әсіресе банк қосымшалары арқылы қаражат ұрлау, фишингтік сайттар, жалған инвестициялық платформалар мен жеңіл табыс ұсынатын жарнамалар кеңінен таралған. Тұрғындар сақтық танытпаса, жинаған қаражатын әп-сәтте жоғалтуы мүмкін, – дейді Рашид Мадьяров.

«Дроп» деген кім?

Соңғы уақытта тергеу тәжірибесінде «дроп» (немесе «дроппер») ұғымы жиі кездесіп жүр. Сөйтсек ол алаяқтар үшін ақша қабылдайтын және оны үшінші тұлғаларға аударып беретін адам. Мұндай тұлғалар кейде өз еркімен, кейде білместіктен осындай қылмыстық схемаларға қатысады.

Алайда заң алдында мұндай әрекеттердің барлығы да қылмыс болып есептеледі. Жаңа заңнамаға сәйкес, ҚР Қылмыстық кодексінің 232-бабының 1-тармағы бойынша, алаяқтық жолмен алынған қаражатты заңдастыруға көмектескендер де қылмыстық жауапкершілікке тартылады.

– Дроп болу жай ғана өтініш орындау емес, нақты құқық бұзушылық. Әр адам өз шотын басқаға пайдалануға бермей, күмәнді аударымдарға жол бермеуі тиіс, – деп ескертеді полиция капитаны Рашид Мадьяров.

Алаяқтардың негізгі мақсаттары жылдам пайда табу және банктік деректерге қол жеткізу. Олар құрбандарды онлайн-қарыз алу, банктік карта нөмірлері мен бір реттік кодтарды ұрлау арқылы алдайды. Көбінесе алаяқтар сенімді көрінетін инвестициялық ұсыныстарды, «жеңіл табыс» ұсынады, сондай-ақ бәс тігу, ойын және лотерея ретінде жарнамалайды.

Технология дамыған сайын алаяқтық әдістері де күрделене түседі. Қазір олар коммуналдық қызметтерді тексеру, мемлекеттік 1414 қызметінің атынан SMS-код жіберу секілді формаларды пайдаланып, адамды сендіріп, қателігінен ақша аударуға мәжбүрлейді. Осындай қитұрқы тәсілдер азаматтардың сенімін пайдаланып, жуық арада ұсталмайтын жоғары кәсіби схемаларға айналып жүр.

Алайда көптеген жағдайларда теріс қадамның бір бөлігі азаматтардың өз әрекеттерінен туады. Көпшілік жарнаманың әсеріне тез еріп, «оңай олжа» үмітімен күмәнді ұсыныстарға жауап береді: сілтемеге басып, жеке деректерін енгізіп, аударым жасайды.

Әр адам қаржылай сауатты болғаны жөн

Биыл қыркүйек айында Ұлттық Банк, Білім ағарту министрлігі және «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы бірлесіп, мектептер мен колледждерде «Ғаламдық құзыреттер» пәнін оқытатын мұғалімдерге арналған арнайы курстарды бастады.

Бағдарлама аясында республика бойынша 10 мыңға жуық ұстаз оқудан өтеді.

Оның ішінде биыл – 6 мың, ал 2026 жылы – 4 мың педагог дайындалады.

Қостанай облысында бұл курстар қыркүйек пен қараша айлары аралығында өтіп жатыр. Облыс мектептері мен колледждерінің 250 мұғалімі қазақ және орыс тілдерінде оқытылады. Сабақтарда дәрістермен қатар бейнесабақтар, практикалық кейстер және нақты өмірден алынған мысалдар қолданылады. Бағдарлама цифрлық қаржы, инвестициялық мінез-құлық және алаяқтықтан қорғану тәсілдерін қамтиды. Осылайша мұғалімдер алған білімін оқушыларға жеткізіп, олардың қаржылық сауаттылығын арттыруға үлес қосады.

Былтырдан бері eGov порталы мен мобильді қосымшада «Стоп-кредит» қызметі іске қосылып, жұмыс істеуде. Оның көмегімен азамат өз атына несие немесе микронесие рәсімдеуге тұрақты түрде тыйым сала алады. Бұл бөтен адамдардың жеке деректер арқылы несие алуына жол бермейді. Қажет болған жағдайда тыйымды алып тастау да оңай.

– Қаржылық сауатты болыңыз. Ақша мен тәуекелдер туралы неғұрлым көп білсеңіз, соғұрлым қауіптен қорғала аласыз. Әр ақпаратты тексеріп, «жеңіл табыс» уәдесіне сенбеңіз. Себебі қаржылық қауіпсіздік ақшаңызды сақтап, жамандықтан қорғайды, – дейді Қазақстан Ұлттық банкінің өкілі Дина Ахметжанова.

Ая ӘБДІЛДА,
сурет ЖИ көмегімен салынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77