Біздің Қостанай Социум

Талантты ақын, ғалым Серікбай Оспанов жөнінде

Үстіміздегі жыл Қостанай өңірі үшін ұмытылмас оқиғаларға толы болды. Соның бірі – Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, көрнекті ақын, белгілі ғалым әрі сазгер Серікбай Оспановтың 80 жылдық мерейтойы. Төменде осы тұлға жайлы жазылған мақаланы оқырман назарына ұсынып отырмыз

Табиғи дарын иесінің шығармашылық жолы мен бір бойынан табылар сан қыры кейінгі өскелең ұрпаққа ғибрат болары даусыз. Ол жайлы айтқан замандастарының жылы лебіздері де жұршылықты терең ойға жетелері даусыз.

Көрнекті ақынның белгісіз қырлары

Бұл күндері талантты ақын, сазгер әрі ағаштан түйін түйген тұлға Серікбай Оспановты білмейтіндер жоқтың қасы. Жуырда өзім облыс орталығында өткізілген «Тобыл ағады» деп аталатын рухани кешінің куәгері болдым. Оған Алматы, Астана және өңіріміздің белгілі қаламгерлері, зиялы қауым өкілдері, өнер мен мәдениет саласының қызметкерлері қатысты.

Алдымен сахнада Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов оны мерейтойымен құттықтап, еліміздің мақтанышына айналғанын айта келіп, шығармашылық табыс тіледі.

Сондай-ақ Алматыдан арнайы келген белгілі жазушы, филология ғылымдарының докторы Нұрдәулет Ақышевтің әріптесі жөнінде қызметтес болған жылдардағы ғибратты естеліктері көпшілікке үлкен ой салды.

Содан кейін Қазақстан Жазушылар Одағы облыстық филиалының директоры, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Жанұзақ Аязбеков кеш иесінің осы кезге дейін шығармашылықтағы қол жеткізген табыстарына тоқталып, оған биыл Қазақстанның құрметті жазушысы атағы берілгендігін атап өтті.

Рухани – танымдық жиында Қостанай облысының Бас имамы Бектұрсын қажы Уәлиев қаламгердің қазақ әдебиетін өркендетуге қосқан қомақты үлесін тілге тиек етті. Ұлтымыздың ежелден келе жатқан салт-дәстүрі бойынша оның иығына шапан жапты.

Кеште Секеңнің өткен жылдарда алпыстан астам кітап жазып, халықтың сүйіспеншілігіне ие болғандығы баяндалды. Оны халық Ыбырайтанушы ретінде де жоғары бағалайтындығы сөз болды. Бір ғана ұлы ағартушыға арнаған бірнеше еңбектері баспалардан жарық көрді.

Сонымен қатар Алаш көсемі, көрнекті тұлға Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған бай мұрасын зерттеп-зерделеудегі сіңірген еңбегі де мақтан етуге тұрарлықтай. Бұған ғалымның тынымсыз ізденістің арқасында жиналған деректері мен дәйектері, кейінгі жастар іздеп жүріп оқитын шығармалары нақты дәлел бола алады.

Кейіпкеріміз ғұмырының көп жылдарын Алатаудың баурайындағы Алматы қаласында өткізді. Қаламгерлікті жастайынан бастап, ақын ретінде ерте танылды. Аталмыш қаладағы түрлі баспаларда қызмет атқарып, өзінің ізін басып келе жатқан қаншама іні-қарындастарының кітаптарын шығарды. Олардың жұртшылыққа танылуына қамқорлық жасады.

Уақыт өте ойлана келіп, өзінің кіндік қаны тамған туған жеріне оралды. Еліміздегі белгілі білім ордасы Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінде журналистер дайындауға қомақты үлесін қосты.

Серікбай Оспановтың бір бойында өзгелер өнеге алар қырлары жеткілікті. Соның бірі жан-дүниеңді байытар әрі рухани азық болар, әрбір қазақтың той-жиынында орындалатын лирикалық әндерге мәтін жазғандығы.

Бұл орайда кешегі замандастары ерекше ықыласпен орындайтын «Сағындым Алматымды» әні шоқтығы биік туынды. Оны үлкен сахнада шырқаған өнерпаздар халықтың ерекше сүйіспеншілігіне бөленді. Оған әнді Қазақстанның халық әртісі, атақты композитор Алтынбек Қоразбаев жазды.

Кезінде бұл тыңдаған жанның жүрегін тербейтін шығарманы Ресейдің халық әртісі Валентина Толкунованың өзі ұнатып, күллі Одаққа танытты.
Оның басқа да рухани дүниелері өнерпаз қауымға танымал. Өзі де сазгер ретінде бірқатар әсем ән жазды. Осының жарқын мысалы ретінде «Тобыл ағады» деген шығармасын алсақ та жеткілікті. Бұл туындыны Қостанайда жерлестерімен болған кездесуде Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері Манапбек Кәдіров аса бір шеберлікпен тыңдармандарға жеткізді.

Жалпы, Серікбай Оспанов Жангелдин ауданының тумасы. Қазіргі Әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университетінің түлегі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор. Оның тағы бір жерлестері өнеге тұтатын қыры – ұсталығы. Бұл қасиет оған әкесінен дарыпты.

Ол шығармашылық жұмыстан қолы босаған сәтте шеберханасында ұлттық бұйымдар – домбыра, бесік, сандық және басқа да күнделікті тұрмысқа пайдаланатын бұйымдар жасаумен айналысады.

Оның айтуына қарағанда, ұсталық қыры өзіне өте ұнайды. Осы заттарды жасау арқылы демалады. Ойы бөлініп, тың идеялар пайда болады. Сөйтіп, оқырманға жаңа өлең жазуға мүмкіндік туады.

«Мен өзімді бақытты азаматпын деп есептеймін. Өйткені, жастайымнан халық қошеметіне бөлендім. Әдебиет пен журналистикадағы еңбегім лайықты бағаланды. Ең басты марапатым – жұртшылықтың ыстық ықыласы», – дейді ол кездескен сәттерімізде.

Шығармашылығына жастай қанықпын

Шара Мүсілова – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының актрисасы:

 – Биылғы жыл қазақ руханияты үшін есте қаларлықтай болды. Даңқты жерлесіміз Серікбай Оспановтың 80 жылдық мерейтойы бәріміз үшін де үлкен қуаныш. Сондықтан оның облыс орталығында ұйымдастырылған барлық шығармашылық кештеріне қатысып, ерекше рухани ләззат алдым.

Жалпы, мен оның поэзиясын жастайымнан оқып, өлеңдеріне жазылған лирикалық әндерді сүйіп тыңдайтынмын. Қайсы туындысын алсақ та тыңдармандардың ыстық ықыласына бөленді. Кезінде «Сағындым Алматымды», «Шилі өзен», «Айлы түнде» деп аталатын айтулы әндердің мәтінін жазғанын да білеміз.

Талантты қаламгердің өзімен танысқан кездерім де әлі күнге дейін жадымда сақтаулы. Ол қазір мен қызмет атқарып жатқан өнердің қара шаңырағы Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театрына әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып келген кезден бастап арадағы ағалы-қарындастай сыйластығымыз бұрынғыдан да нығая түсті.

Ең алдымен айтарым, ол өте мәдениетті әрі қарапайым азамат. Өнер ордасында қызмет атқарған кезеңде мұнда еңбек жолын жаңадан бастаған қаншама жастардың ақылшысы бола білді.

Күллі қазақ еліне аса танымал ақын болса да өзін қарапайым және бірқалыпты ұстайды. Түрлі деңгейдегі республикалық байқаулар мен жыр мүшәйраларында жүлделі орындарға ие болса да мақтанды сүймейді.

Ағамыздың өзім айрықша ардақтайтын қырларына келетін болсам, қазақы мінезді, адамшыл қасиеті өте мол. Ал ән-күй десе дүниенің бәрін де ұмытады. Өзі сөзі мен әнін жазған шығармаларын жүрекпен орындап, тыңдармандарына жеткізе біледі.

Дарынды тұлғаның ғалымдық қыры ұлтымыздың қабілетті жастарына қай жағынан алсақ та өнеге дер едім. Бұл тақырыпта өзге де замандастары тілге тиек етеріне нық сенімдімін.

Оның өнер жолында жүрген қарындасы ретінде оған алдағы уақытта мықты денсаулық, отбасында ырыс-береке тілеймін.

Ерекше құрмет тұтамын

Рәзия Мұхтарқызы – Қостанай қаласындағы №3 кітапхананың меңгерушісі, тұрақты оқырманы:

-Бүгін сөз еткелі отырған Серікбай Оспанов бақытты қаламгер деп есептеймін. Өйткені, мен де оның кітаптары арқылы онымен ерекше сыйласатын қарындастарының бірімін.

Тұрақты оқырманы ретінде ағамыздың осы кезге дейін баспалардан жарық көрген өлеңдерін, ғылыми еңбектерін, публицистикалық шығармаларымен жақсы білемін. Оның поэзиясын оқыған жұртшылық көп әсер алады. Жаңа туындыларымен танысқанша асығады.

Үстіміздегі жылы ол сексеннің сеңгіріне көтерілді. Осы мерейлі жасына байланысты облыс орталығында бірнеше кештер мен кездесулер ұйымдастырылды. Залдарға жиналған оқырманның көптігі соншалықты, ине шаншар орын болған жоқ. Осы келтірілген мысалдардың өзі оған деген халықтың ілтипаты мен ұзақ жылдардағы шығармашылығына берілген әділ баға деп есептеймін.

Өз басым оның бір кешінде сөз алып, ағамыздың тұрақты оқырманы екенімді, ғұлама ғалым және нағыз ізденіс үстіндегі талантты ақын ретінде ардақ тұтатынымды аса бір тебіреніспен айтқан болатынмын.

Бәлкім жерлестерімнің есінде болар, биыл әсем қала Алматыдағы Ұлттық кітапханада оның «Қостанайдан Алматыға сағынышпен» деп аталатын кездесуі болып өтті. Оған онымен тіршілікте сыйласқан әріптестері, зиялы қауым өкілдері және оқырмандары жиналды.

Осы қаламгердің өміріндегі әрі жастық шағы өткен шаһардағы басқосуға мен де арнайы барып қатыстым. Туындыларына байланысты қойылған көрме жұртшылық назарын аударды. Рухани кеш жоғары деңгейде өтті. Оның атына қаншама жылы лебіздер айтылды.

Жазуда уақыт талғамайды

Күлзада Мешітбайқызы – филология ғылымдарының кандидаты, профессор, ақынның жары:

 – Онымен бір шаңырақтың астында сыйластықпен ғұмыр кешіп келе жатқандықтан ақынның бойындағы барлық асыл қасиеттерін және шығармашылықтағы жетістіктерін білемін.

Ол өнімді еңбектің, тынымсыз ізденістің адамы. Жазуға келсек, уақыт талғамайды. Шабыты келген кездері көкейдегі көрікті ойларын дер кезінде ақ қағаз бетіне түсіргенді ұнатады.

Әрине, жұбайым қазіргі табыстарына өзінің адал еңбек, маңдай терімен жеткендігі даусыз. Бұл жөнінде талай айтылды әрі жазылды. Сондықтан оны қайталағанды жөн көрмедім.

Алматыда өткен кешіне оның сөзіне жазылған әндерді өнер жұлдыздары Алтынбек Қоразбаев, Айжан Нұрмағанбетова, Жеңіс Сейдоллаұлы секілді әншілердің қатысып, асқақтата ән шырқауының өзі оған деген айрықша құрметтің жарқын белгісі емес пе.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
суреттер кейіпкерден алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77