Бүгін облыстық әскерге жинау пунктінің ауласында баласын шығарып салуға келген ата-аналардың қарасы қалың
Бір үйдің төрінен тағы бір сарбаз Отан алдындағы борышын өтеуге аттанбақ. Жас жігіттердің жүзінен толқу мен мақтаныш қатар сезіледі, ата-аналардың алаңдаушылығы да анық байқалады. Бірі алысқа аттанғалы тұрған баласын құшақтап ұзақ шығарып салса, енді бірі ақыл-кеңесін айтып үлгеруге тырысып жүр.
Осындай толғанысқа толы сәттің ортасында әскерге шақырылушылардың бірі Диас Есжанов бұл күнге алдын ала дайындалғанын айтады. Оның ойынша, әскер – жігітті тәртіпке үйрететін мектеп.

– Ата-анамның алаңдайтынын білемін. Дегенмен, әскерге бару – міндет әрі ер-азамат үшін үлкен абырой. Жаңа орта, жаңа тәртіп – бәрі де қажетті сынақ деп санаймын. Өзімді жан-жақты шынықтырғым келеді, – дейді жас жігіт.
18 жастағы Диас әскерден кейін құқық қорғау органдарында қызмет етуді жоспарлайды. Колледжде заңгер мамандығын тәмамдаған ол бұл салаға қызығушылығы бала күннен басталғанын айтады. «Нағашым қызметтік форма киетін. Соған еліктейтінмін. Балалық қызығушылығым арманға айналып, арманым жақындап келе жатыр», – дейді ол жымиып.

Диастың анасы да ұлын шығарып салуға келген. Үйдегі бес баланың үлкені сарбаз атануы – отбасы үшін үлкен оқиға. Ал анасы үшін бұл күн ерекше –бүгін оның туған күні. Тұңғышын қайта-қайта құшақтап қимай тұрса да, батыл шешіміне риза.
– Балам биыл диплом алды. Жоғары оқу орнына тапсыруды ойлап жүргенбіз. Бірақ ол нақты шешім қабылдап, өзі келіп, «мені алып кетіңіздер» деп талап етіпті.
Қатарластарымен бірге барып келгені жақсы деп ойлаймын. Әрине, ана ретінде алаңдаймын. Бірақ Алла қаласа, келесі туған күнімде «Мама, мен келдім» деп аман-есен оралып, қуантады деген үміттемін, – дейді Жұпар Есполатова.
Болашақ сарбаздар Семей өңіріндегі Аягөз қаласына аттанады. Олар Қорғаныс министрлігінің 12794 әскери бөліміне қарасты оқу орталығына жіберілуде. Бұл – танк және жаяу әскердің жауынгерлік машинасы мамандарын даярлайтын маңызды әскери база. Мұнда сарбаздар әскери техниканың күрделі жүйесін игеріп, танк немесе жаяу әскердің жауынгерлік машинасы маманы атануға мүмкіндік алады.
Алдағы алты айда олар жауынгерлік техниканы басқару және қолдану жүйесін толық меңгереді. Жарты жылдық дайындықтан кейін арнайы сертификат беріледі. Бұл – болашақта күштік құрылымдарға орналасуға үлкен көмек.

– Балаларыңыз әскери тәртіпке үйреніп, шынығып, нағыз ер азамат болып қалыптасады. Сарбаздардың амандығы мен қауіпсіздігі – бірінші орында. Сондықтан алаңдамаңыздар, бізге сеніп тапсыра аласыздар, – деді 12794 әскери бөлімінің өкілі, подполковник Нұрлан Еркімбайұлы.
Өңірде шақыру комиссиясы әр үміткерді толық медициналық тексерістен өткізіп, денсаулық жағдайына қарай шешім қабылдап жатыр. Қорғаныс істері департаментінің сержанты Тимофей Гончаров әскерге шақыру тәртібі мен кейінге қалдыру себептерін түсіндірді.

– Әскерге шақыру – өте жауапты процесс. Алдымен жастардың физикалық және психологиялық жағдайына назар аударамыз. Әскери қызметті кейінге қалдыру денсаулық жағдайына, отбасындағы қиын ахуалға немесе күндізгі бөлімде оқуына байланысты ғана беріледі. Ең маңыздысы – сарбаздардың толық дайын, дені сау болуы, – дейді ол.
Медициналық тексеріс кезінде жиі анықталатын аурулар – омыртқа мәселелері, қан қысымының тұрақсыздығы, көру қабілетінің нашарлауы, тыныс алу жүйесіндегі шектеулер. Мұндай көрсеткіштерге байланысты кейбір азаматтарға уақытша шегеру ұсынылады. Емделген соң қайта тексеріледі.
Бөлім өкілдері әскерден қасақана жалтару заңмен қатаң жазаланатынын да еске салды.
– Шақыру пунктіне себепсіз келмеу немесе әдейі жасырыну – әскери міндеттен жалтару. Мұндай жағдайда ӘҚБтК-нің 647–648 баптары бойынша 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Ал әдейі жасырыну немесе жалған құжат ұсыну Қылмыстық кодекстің 387-бабы бойынша жауапкершілікке әкеледі. Біздің мақсат – жазалау емес, әр азаматтың міндетін орындауын қамтамасыз ету, – деді Тимофей Гончаров.
Қазір облыста әскерден жалтару жағдайлары тіркелмеген. Керісінше, жастардың қызығушылығы артып келеді. Себебі – әлеуметтік кепілдіктердің күшеюі және әскери қызметтен кейін білім саласында ұсынылатын жеңілдіктер.
Мәселен, әр сарбазға жеке күнделік жүргізіледі. Қызметін «өте жақсы» деңгейде аяқтағандарға арнайы мемлекеттік грант алуға мүмкіндік беріледі. Кейбір жоғары оқу орындарына емтихансыз қабылдау тәртібі де бар.
Осының барлығын тиімді пайдаланғандардың бірі – Науырзым ауданының тумасы, 20 жастағы Жармахан Балтабай. Ол мерзімді әскери қызметін мінсіз атқарып, жоғары оқу орнына емтихансыз түсу құқығын алған.
– 2024 жылы Отардағы 30212 әскери бөліміне жіберілдім. Онда көздеуші-оператор болдым. Әскерге шақырылғанда медициналық колледжде оқып жүрген едім. Академиялық демалыс алып аттандым. Бірақ оралған соң мамандығымды өзгерттім, – дейді ол.
Қазір ол – ҚАЖ департаментіне қарасты №40 мекемеде тәртіптік изолятор бақылаушысы. Сонымен бірге заңгер мамандығы бойынша білімін жалғастырып жүр.

– Алыста жүріп сағыныштан өлең жазатынмын. Жігіттер өздерінің қыздарына арнап өлең жаздырып, кезекке тұратын. Өкінішке қарай, блокнотымды поезда жоғалтып алдым. Бірақ бәрі есімде – сағыныш, шыдамдылық, күту. Әскер –үлкен өмір мектебі болды, – дейді Жармахан.
Жалпы, өңірдегі күзгі шақыру науқаны жоспарға сай жүріп жатыр. Биыл облыс бойынша 1000-ға жуық азамат еліміздің түрлі әскери бөлімдеріне жіберіледі деп күтілуде. Жас сарбаздардың дайындығы, медициналық тексерістен өтуі және қауіпсіздігі – жауапты органдар бақылауында.
Назгүл Азатқызы, суретті ұсынған автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
