Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы – билік пен бұқара арасындағы байланысты жаңа деңгейге көтерген маңызды құжат.
Бұл тұжырымдама азаматтардың мұң-мұқтажына жай ғана құлақ асып қоймай, олардың шешімін қажет ететін түйткілді мәселелерін уақытылы қарау, жауап беру және оң нәтиже шығару міндетін айқындайды. Президенттің барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметшілерге қойған басты талабы – халықпен сындарлы, ашық әрі тиімді диалог орнату. Өйткені мемлекет үшін әрбір азаматтың пікірі, әрбір өтінісі маңызды.
Өтініштер ескерусіз қалмайды
Осы бағыттағы жұмыстың нақты көрінісі – билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған Қостанай қалалық Ситуациялық орталықтың қызметі. Тұрғындардың өтініші, сауалы мен шағымы ескерусіз қалмай, тәулік бойы қабылданып, тіркеліп, тиісті мекемелерге жолданып отырады.

Біз Ситуациялық орталықтың жұмысымен танысып, оның бүгінгі ахуалы, қала тұрғындары үшін атқарып отырған рөлімен жақынырақ танысуға мүмкіндік алдық. Тәулік бойы тоқтаусыз қызмет көрсететін орталық жыл сайын мыңдаған өтініш қабылдап, қаладағы өзекті мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған орталықтың жұмысы қандай жағдайда?
Қостанай қалалық Ситуациялық орталығының ашылғанына да алты жылдың көлемі болды. Бүгінде орталық тұрғындардан келіп түсетін өтініштер мен хабарламаларды қабылдап, жедел әрекет ету қызметтерімен үздіксіз байланыс орнататын маңызды байланыс алаңына айналды.
Оның ішінде, 380 235 – кеңес беру бағытындағы қоңыраулар, 169 045 – тіркелген жайлар, яғни жедел әрекет етуге негіз болған оқиғалар және 458 өтініш – қазіргі уақытта қаралу үстінде. Тұрғындардың талап-тілегін тыңдап, мәселелерін жедел тіркеп, тиісті мекемелерге жолдау – орталық қызметінің басты міндеті. Жедел әрі нақты ақпарат алмасу арқылы көптеген мәселелер қысқа мерзімде өз шешімін тауып келеді.
Қостанай қаласының Ситуациялық орталығы құрылған күннен бастап қала тұрғындары мен коммуналдық қызметтердің арасындағы сенімді көпірге айналып үлгерді десе де болады. Тәулігіне мыңдаған өтініш қабылдап, әрқайсысына жедел әрекет етуді басты міндет еткен орталықтың жұмысы бүгінде көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Бұл туралы мекеме жетекшісі Азель Айсабаева да жан-жақты әңгімелеп берді.
Халықты коммуналдық қызметтердің сапасы алаңдатады
Орталыққа келіп түсетін өтініштердің басым бөлігі қаланың коммуналдық қызметтерімен байланысты. Азель Фазылахметқызының айтуынша, шағымдардың негізгі тақырыптары жыл сайын өзгермей, өзектілігін сақтап келеді.

«Тұрғындарды ең көп толғандыратын мәселелер – электр энергиясының уақытша өшірілуі, су беру жүйесіндегі үзілістер, бағдаршамдардың дұрыс жұмыс істемеуі, көше жарығының қалпына келтірілуі, қоқыс шығару, қар мен мұзды тазалау. Сонымен қатар қоғамдық көлік пен үйсіз жануарларды аулау мәселелері де жиі көтеріледі», – дейді орталық басшысы.
Былтыр да дәл осы бағыттағы өтініштер алдыңғы қатарда болыпты. Мұның бәрі де коммуналдық қызметтердің тұрақты бақылауды қажет ететін салалар екенін көрсетеді.
Әр мәселе нақты шешімін табады
Ситуациялық орталықтың басты міндеті әр өтінішті дер кезінде тіркеп, шұғыл әрекет ету. Орталық қызметкерлері дер уақытында мәселені шешуге тырысады.
«Мен сізге бір мысал келтіре кетейін. Жол үстіндегі ашық люк қауіпті жағдай тудыратыны сөзсіз. Осындай оқиға бойынша бізге 9:28-де хабарлама түсті. 9:37-де тиісті мекемеге жолданды, ал 11:24-те мәселе толық шешілді. 11:33-те тұрғынға кері байланыс берідік. Міне, осылайша біз мәселені тез шешуге барымызды саламыз», – дейді орталық басшысы.
Орталық коммуналдық мәселелерден бөлек, күнделікті өмірдегі күтпеген жағдайларда да көмекке келеді. Мәселен, 13 қараша күні №24 автобуста спорттық аяқ киімін жоғалтып алған оқушы көмек сұраған. Орталықтың көмегімен жоғалған зат 3 сағат ішінде табылып, иесіне қайтарылған.
Балалардың қауіпсіздігіне қатысты жағдайлар да назардан тыс қалмайды. 3 қарашада лифт ішінде қалып қойған балалар туралы хабарлама түсісімен орталық тиісті қызметтерді жедел жұмылдырып, 30-40 минут ішінде мәселе шешілген.
Әлеуметтік желілер арқылы байланыс нығая түскен
Қостанай қаласының тұрғындары орталыққа тек Call-орталық арқылы ғана емес, WhatsApp, Instagram және Telegram желілері арқылы да хабарласа алады. Азель Фазылахметқызының айтуынша, әлеуметтік желілер тұрғындар үшін ыңғайлы әрі жылдам байланыс форматына айналған.

Орталық әлеуметтік желілер арқылы келіп түскен хабарламаларға да міндетті түрде жауап беріп, қаладағы жөндеу жұмыстары, уақытша апаттар туралы ақпаратты сол платформаларда жариялап отырады.
Жұмыс сапасын арттыруға бағытталған қадамдар
Ситуациялық орталық қаладағы барлық коммуналдық және мердігер ұйымдармен тығыз байланыс орнатқан. Бүгінде 436 жауапты маман осы жүйенің бір бөлігіне айналды десе де болады.
«15 қалалық мемлекеттік мекеме, 27 мердігер ұйым, 64 КСК, 290 ОСИ және 46 облыстық әрі республикалық мекеме бізбен бірлесе қызмет атқарады. Әр күннің оқиғасы бойынша жедел есеп дайындалып, қала әкімінің орынбасарына жіберіледі. Ал апта сайын ең өзекті мәселелер аппараттық жиындарда талқыланып отырады», – дейді орталық басшысы.
Мұндай жүйелі жұмыс өтініштерді шешу мерзімін қысқартуға, жауапты органдардың жұмысын бақылауға және сапаны арттыруға мүмкіндік береді.
Тұрғында үніне құлақ салсақ…
Ситуациялық орталықтың басты артықшылығы оперативтік жұмыс, ашықтық және тұрғындармен байланысты үзбеу.
«Біздің міндет – тұрғындардың мәселесін дер кезінде қабылдап, шешілуін қамтамасыз ету. Әр өтінішке аса жауапкершілікпен қараймыз. Сол себепті біз үшін тұрғындардың сенімі бірінші орында» – дейді орталық басшысы.
Қостанай қаласының Ситуациялық орталығы бүгінде қаланың тыныс-тіршілігін жақсартуға бағытталған жұмыстардың үйлестірушісі ғана емес, тұрғындардың өтініштеріне құлақ асатын маңызды әлеуметтік институт ретінде қалыптасып отыр.
Ая ӘБДІЛДА,
суретті түсірген
Лариса БОЖКО
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
